Нұр-Сұлтан
Қазір
21
Ертең
18
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Шымкент 6 миллиардтан астам қаржыны ел қазынасына қайтаратын болды

123

2019 жылы республикалық қазынадан Шымкентке бөлінген қаражаттың 6458,2 миллион теңгесі ақтауға келмейтін себептермен қысқартуға ұсынылып отыр, деп хабарлайды «Azattyq Rýhy» порталы.

Бұл жөнінде Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен өткен бюджеттік тәртіпті күшейту, оның атқарылуын жүйелеу және бюджетті жоспарлаудың тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған жиында мәлім болды.

Соның ішінде, 5 млрд теңге көлеміндегі қаражат бюджет әкімшісі ретінде қарастырылатын басқармалар тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурстарын шектен тыс кешіктіріп өткізу салдарынан қысқартылған.

Шымкент қаласы әкімдігінің салалық басқармаларында бюджеттік тәртіп талаптарының орындалмауы салдарынан бірқатар жобалардың іске асырылу мерзімі кейінге шегерілмек екен. Нақтырақ айтақанда, басқарма басшыларының өздеріне жүктелген міндеттерді дұрыс атқармауы, қаржылық жоспарлауды талапқа сай жүргізбеуі, қала әкімінің салалық орынбасары тарапынан тиісті бақылаудың болмағандығы салдарынан мемлекеттік сатып алу конкурстары жыл ортасына дейін созылған.

Қайтарылатын теңгенің 2 млрд астамы білім саласына қатысты

«Жұмыстың тиімді бағыттары белгіленбеуі мен салалық басқарма тарапынан қолға алынған жобалардың қадағалаудың жоқтығынан жүйелі іске асырылмауы салдарынан шаһардың солтүстік-батыс бөлігіне жүргізілуі тиіс инженерлік-инфрақұрылымдарды дамыту жобасына қаралған барлығы 1 116,9 млн. теңгенің 522 млн. теңгесі қысқартуға жолданған. Соның ең бастысы – 2020 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс 16 кредиттік тұрғын үйдің құрылысына қатысты. Яғни, бюджеттік жоспар жыл басында дұрыс түзілмеген», – деп мәлімдеді Шымкент қаласы әкімдігі.

Кері қайтарылатын республикалық қаражат есебінде Шымкент қаласының білім саласы бойынша 2410,1 млн теңге қысқартуға ұсынылған. Себебі белгілі, мемлекеттік сатып алу конкурстарының мерзімінен кеш өтуі. Салалық басқарманың салғырттығынан қаладағы №23 мектеп қосымша ғимаратсыз қалса, «Асар-2» шағын ауданының тұрғындары 1200 орындық жаңа мектептен қағылды. Бұл жобаларды жүзеге асыру мерзімі кейінге шегерілмекші.

Мегаполистегі басты мәселелердің бірі мектептердің жетіспеушілігі. Жуырда қаладағы №80 жалпы орта мектептен шыққан шу соның айғағы. Қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаеваның айтуынша, шаһарда үш ауысымда оқытатын 19 мектеп бар және үш мектеп қосымша ғимараттарды жалға алады екен.

Осы орайда, қала әкімі Ерлан Айтаханов, жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың бюджетті жоспарлаудағы кемшіліктерін сынға алып, орындаушылық тәртіптің өте төмен, сын көтермес деңгейде қалғандығын ашып айтты. Және де бюджетті жоспарлау бойынша кемшіліктерге жол берген лауазымды тұлғаларға қатаң шара қолданылатынын жеткізді. Алдағы үш жылға арналған бюджетті қалыптастыру барысында Шымкенттің мегаполис ретіндегі даму үрдісін ескеруді тапсырып, бюджетте Елбасы тапсырмаларының орындалуы, қала келбетін жақсарту, азаматтарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, көріктендіру және көгалдандыру мәселелері қамтылуы тиіс екендігіне назар аударды. ҚР Президентінің тапсырмаларына сәйкес, қаланың шеткі аумақтарындағы шағын аудандар мен тұрғын алаптарды дамытудың кешенді іс-шаралары жасалуы қажет екенін атып өтті.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз