Шығыс Қазақстанда жарты жыл ішінде 226 экономикалық қылмыс анықталып, оның 99-ы бойынша өндірістік іс аяғына жеткізілді.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі хабарлайды.
Ағымдағы жылдың I-ші жарты жылдығында қозғалған қылмыстық істер бойынша 14,4 млрд теңге жалпы шығын келген. Бүгінгі таңда оның 5,6 млрд теңгесі иесіне қайтарылып, 193,8 млн теңгенің мүлкіне тыйым салынды.
Жалған кәсіпкерлікпен күрес саласында 107 қылмыс тіркеліп, сотқа 64 қылмыстық іс жолданды.
Сондай-ақ экономикалық тергеу қызметі заңсыз жолмен алынған ақша қаражаттарын заңдастыру және ақшаны қолма қол ақшаға айналдырудың алдын алуға басты назар аударды.
Жыл басынан бастап жалған кәсіпорындардың екінші деңгейлі банктерде 34,9 млн теңге сомасында ақша қаражаттарын қолма қол ақшаға айналдыру барысында 5 топ ұсталды.
Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру саласында 15 қылмыстық іс тіркеліп, 6 қылмыстық іс сотқа жолданды, көлеңкелі айналымнан 44 лотереялық терминал, 2 ойын автоматы, 33 компьютер алынды.
Сонымен бірге, экономикалық қылмыстарды жасаудың себептері мен салдарын жою туралы мемлекеттік органдар мен мекемелерге 119 ұсыныс жолданды.