Шығыс Қазақстанда жолда қалып қойған рейстік автобустардың жолаушылары діттеген жерлеріне аман-есен жеткізілді.
4-желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары көктайғақтан тайғанақтап, орта жолда қалған рейстік автобустардың жолаушыларын діттеген жеріне аман-есен жеткізді деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Сағат 13.30-да «Омск-Майқапшағай» автожолындағы 920 шақырымда «Зайсан-Семей» бағытындағы жолаушылар автобусы да жолдың шетіне шығып кетті. Онда 20 жолаушы және 2 бала болған. Жолаушылар зардап шеккен жоқ және олар да жақын маңдағы Қалбатауға жеткізілді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті Шығыс Қазақстан тұрғындарына 4-желтоқсанда облыста қар жауып, кей жерлерде боран соғатыны, тұман, көктайғақ болатыны туралы дабылдық ескерту жолданғанын баса айтады.