Өткенде жазғанбыз бұл жөнінде. Оңтүстік Қазақстанда бір топ ауған әлдебір емдік өсімдікті жинап жүрген жерінен ұсталған. Ауғандар Оңтүстіктегі Саттаров елді-мекеніне жақын жерде құрықталған-тұғын.
Сонымен тоқтады ма десек, қателесіппіз. Тағы да сол Оңтүстікте тағы бір топ ауған ұсталды. Өткен жолы ұсталғандардың саны 30 қаралы адам болса, бұл жолғысы 100 -ден асып, жығылыпты.
Жалпы саны 108 ауған иен далада ләгірді құрып тастап, жайбарақат жатқан жерінен ұсталған. Шекарашылар үстілерінен түсіпті.
Бұл топ та емдік шөп жинаумен айналысқан. Анығында, ауғандар – тапсырысты орындаушы. Тапсырыс беруші кім сонда? Белгісіз. Емдік шөпті шекара асырмақ болған ба? Әбден мүмкін.
Бұдан бұрын ұсталған ауғандар сасық қурай жинастырған. Жинаған өнімді Қытай асырмақ болған. Жинап, теріп болғасын, қурайдың бір тоннасын 20 мың долларға сатуды жоспарлаған болатын.
Бұларда сөйтпек болған, құдай біледі. Ауғандар жинастырған емдік шөптердің қасиетін білетіндер:
“бұлардың бағасы ондаған мың долларға жетуі мүмкін” дейді.
Жарайды, мұны қойшы. Ақыры, ұсталды ғой. Қара жұмысшы ғой.
Мұның артында кім тұр? Ауғандардың “крышасы” кім? Бастысы, осы.
Саясаттанушы Болат Сұлтанов бүй дейді, бұл орайда:
– Бұл топты әлдебір ірі фармацевтикалық фирма қаржыландырып отыруы әбден мүмкін. Соның арқасында, пайда көріп отыр.
Мұның астарында басқа да мүдделердің жасырын жатуын жоққа шығармаймын. Тоқ етерін айтқанда, тереңірек үңілу керек.
Құдай біледі, ауғандардың аржағында әлдебір наркомафия немесе лаңкестік ұйымның жатуы ғажап емес. ҰҚК осыны анықтауы керек.
Ал ауғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Емдік шөпті заңсыз жинағаны үшін. Қазақстан аумағында заңсыз жүргені тағы бар. Ауғандарды жұмысқа салған 29 жасар Қазақстан азаматы екен. Ол да жазасын алатын болады.
Ауғандар үш күнге созылған “Келімсектер” операциясы аясында ұсталған. Ұсталғандар бұлар ғана емес. Оңтүстікте емін-еркін жүрген келімсектер көп екен. Барлығы, 951 шетелдік ұсталып, соның 200-і Қазақстан аумағынан шығарылған.
Қалтасында құжаты жоқ тағы 100 шамалы келімсек уақытша изоляторда жатыр.
Ал олардың жайы не болмақ? Бұларды қандай жел айдап келді? Біздің елде не жоғалтты? Шекарадан шу шығармай қалай өткен өзі?
Бұлардың артында, шынымен, ірі есірткі мафиясы жатуы мүмкін бе?
Бұдан бұрын ұсталған келімсектер емдік шөпті Қытайға асырмақ болған. Демек, тапсырыс беруші де сол жақта болуы әбден мүмкін.
Мира Мүслім