Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
10
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Шерхан Мұртаза. Бір кем дүние

255

Бай дәулеттен айы­ры­­л­ып, қайтып мал-мүлік құтаймай қой­ыпты. Тоқсан тоғыз жирен қасқа хикаясы осылай аяқталған деседі. Біреуі-ақ жетпеген.

***

Арман Балалық шаққа Қайта алмайсың.

Бір кем дүние.

Құдайға сыйынған құстай ұшады,

Адамға сыйынған мұрттай ұшады.

***

Нысап Кедей – бай; бай – Құдай болсам дейді. Нысапсыздық жаман. Бір кем дүние.

***

Құдырет Бидайын алып, сабанын қойған Құдай.

Жақсысын алып, жаманын қойған Құдай…

Бір кем дүние.

***

Қайдан…

Кедейді бай, азды көп қылған патша данышпан.

Бір кем дүние.

***

Асқанға – тосқан Толдым деген төгіледі,

Жеттім деген жығылады.

Бір кем дүние.

***

Құнықпа Алтын өзі тотықпайды,

Адамдардың жанын тотықтырады.

Бір кем дүние.

***

Өкінішті Атадан алтау тусаң да бір жалғыздық.

Бір кем дүние.

***

Тым… тым…

Патшаға тым жақындама,

Тым алыстап та кетпе.

Ол да от сияқты:

Тым жақындасаң күйіп өлесің,

Тым алыстасаң үсіп өлесің. Бір кем дүние.

***

Маймыл ғұрлы жоқсың ба?

Жазушы Дидахмет Қалтайға:

– Машина сатып алайын десем, айдай білмеймін. Правом жоқ, – дейді.

Сонда Қалтай:

– Ей, циркте маймыл да велосипед теуіп жүр ғой. Маймыл ғұрлы жоқсың ба?! – деген ғой.

***

Дәнек

Кейбір бастар ішінде дәнегі жоқ жаң­ғаққа ұқсайды.

Ондайлар көп қой.

Бір кем дүние.

***

Ойшыл қарға

Түнімен – жаңбыр. Таңертең – қар.

Жалаңаш ағаш мүлгіп тұр. Төбесінде – қарға.

Ойланып отыр.

Не ойлайды?

Қарғаның тілін білмеймін.

Әйтпесе сұрар едім:

– Оу, Қареке, ертең не болады? – деп.

Ол көп біледі. Жүз жасаған ғой.

Ол Мұсаның оқыстан өлетінін білген. Көп шуылдап, көп қарқылдаған. Оны біз түсінбедік.

Бір кем дүние.

***

Сарыала қаз

Жазушы Оралхан Бөкей:

– Елімнің бір жайлауы Құрымбай саз, Жайлаған алты ай жазға сарыла қаз. Шолпандай таң алдында туып батқан, Қайтейін, о дүние, ғұмырым аз, – деп ән салушы еді.

Бір кем дүние екенін білген ғой.

*** Ұятсыз болма

Адамға бала жастан ең керегі – Ұят деген қасиет.

Ол туа бітеді. Бірақ кейбіреуі өсе келе, үлкейе келе ұяттан жұрдай болады.

Бір кем дүние.

***

Ай мен Күн туралы Бұлар туралы ақын Гете жазып кеткен.

Ол да біреуден естіген.

Біз де елден естігенімізді, оқығанымызды жазамыз.

Аспанда Ай мен Күн бір-бірінен ажырап, адасып қалғанда, жердегі пенделерге не жорық?!

Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Сейпілмәлік – Жамал – қайсы бірін айтасың, бір-біріне қосыла алмай кеткен, шын ғашықтар ғой.

Дүние жаралғалы бері Ай Күнге жете алмай келеді.

Олар о басында ерлі-зайыпты екен, екеуінен жұлдыздар туған.

Әзәзіл ажыратқан. Бір-біріне шын ғашық болып, қосыла алмау дүниедегі кемдіктің ең ұлысы.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз