Нұр-Сұлтан
Қазір
-12
Ертең
-1
USD
488
0.00
EUR
533
0.00
RUB
5.09
0.00

Сенаторлар кеңесі. Біздің басты міндетіміз – қоғам мен мемлекет мүддесіне қызмет ету

243

Сенат Төрағасы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясы, Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасы, Қазақстан халқына жолдауы барша қоғам мен мемлекеттік билік органдарына ауқымды және күрделі міндеттерді қойып отырғанын атап өтті.

 «Бұл қайта жаңарулардың барысында республика Парламенті мен өңірлік мәслихаттардың рөліне ерекше басымдық беріліп отыр. Президент Қ.Тоқаев: «Біздің мемлекеттік биліктің формуласы: мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деп атап көрсетті». Сондықтан Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатын нығайту, оның қызметін жаңа мазмұнмен толықтыру, Сенат пен оның депутаттарының қоғамдық және әлеуметтік-саяси процестерде жоғары деңгейде белсенділік танытуы – біздің тікелей міндетіміз», – деді Д.Назарбаева.

Сенат басшысы Конституцияға сәйкес Парламенттің Жоғарғы палатасына елеулі дәрежеде өкілеттік берілгенін атап өтті.

 «Сенат – негізгі кадрлық тағайындауларға түрткі болатын институт. Еліміздің бюджетін қалыптастыру мен бекіту, сондай-ақ оның атқарылуын бақылау кезінде ол шешуші қызмет атқарады. Сенат Қазақстанның өңірлерінің атынан өкілдік етеді және өңірлік мәслихаттардың үні болып табылады. Республикалық заң шығару деңгейінде ең үздік, толыққанды және конституциялық тұрғыдан ресімделген нысанда өңірлердің мүддесін білдіреді», – деді Төраға.

 Жоғарғы палата басшысы Сенат – мемлекетіміздің бұлжымас негізі болып табылатынын атап өтті. Мемлекет пен қоғам үшін маңызды орнықтырушы функцияны атқарады. Д.Назарбаеваның пікірінше, өңірлер мен республикалық деңгейдің, өңірлердің өз арасында диалог болуы керек.

Дариға Назарбаева қазіргі таңда еліміздің дамуы мен ілгері жылжуы үшін алдағы уақытта дұрыс ойластырылған шешімдер қажет екенін, бұл шешімдер заманауилық пен даналықты, жаңалықтар мен өткен ұрпақтың тәжірибесін ұштастыра алуы тиіс екенін атап өтті және осындай түсініктен келіп, Парламенттің Жоғарғы палатасында кеңесші орган – Сенаторлар кеңесін құру идеясы туындағанын, оның құрамына алдыңғы шақырылымдардағы неғұрлым беделді, ең тәжірибелі Сенат депутаттары шақырылып отыратынын айтты.

«Бұл Кеңес даналықты, тәжірибені, ұстамдылықты және тұрақтылықты білдіреді. Біз оны тікелей диалог жасайтын, өзекті проблемаларды талқылайтын, оларды шешу жөнінде ұсынымдарды дайындайтын ашық алаң ретінде қызмет етеді деп ойлаймыз. Сенаторлар кеңесі жұмыс істеп отырған депутаттық корпустың сенімді тірегіне айналады деп үміттенеміз. Бізге Сіздердің білімдеріңіз, тәжірибелеріңіз, күш-қуаттарыңыз, Қазақстанның шынайы патриоттары ретіндегі белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз қажет. Өйткені баршамызға ортақ бір ғана Биік Мақсат бар, ол – қоғам мен мемлекет мүддесіне қызмет ету», – деп атап өтті Төраға.

Сенатор Владимир Волков отырысқа қатысушылардың назарын Мемлекет басшысы биліктің заңнамалық органы ретінде Парламенттің рөлін күшейту міндетін қойғанына аударды. Осы орайда сенатор Парламенттік тыңдаулар мен Үкімет сағаттарында, оның ішінде заң жобаларының тұжырымдары бойынша қабылданған ұсынымдардың орындалуын; депутаттық сауалдарға берілетін жауаптардың толықтығы мен уақтылылығын бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті. В.Волков: «Қажет жағдайда Үкімет мүшесінің қызметі туралы мәселелер бойынша есебін тыңдау қорытындысы бойынша оны қызметінен босату туралы Президентке жүгіну құқығын пайдалануды», –  ұсынды.

Сенат жұмысын жетілдіруге қатысты Кеңес мүшелері Ө.Байгелді, Ж.Ерғалиев, Г.Қасымова, М.Алтынбаев, Б.Әйтімова мен З.Федотова өз ұсыныстарын ортаға салды.

Дулат Құсдәулетов сенаторлар жария ететін депутаттық сауалдардың тиімділігіне қол жеткізу қажеттігін атап өтті. «Өңірлік сипатқа ие депутаттық сауалдарды тиісті министрге, әкімге, мекемеге жолдау керек. Жауап қанағаттандырмаса, келесі сауалды Премьер-министрдің атына жолдап, аталған басшының жауапкершілігі туралы мәселе көтеру керек. Неге дейсіз ғой? Себебі бұл бізге «Үкімет пен орталық атқарушы органдар арасындағы өкілеттіктерді шектеу туралы» Заңды жасауға мүмкіндік береді», – деді Д.Құсдәулетов.

Отырыс аясында айтылған бірқатар ұсыныстар Сенат регламентін өзгертуге бағытталды. Ол ұсыныстардың барлығы зерделеніп, жұмыс барысында ескерілетін болады. «Құбылмалы әлемде, жаңа жағдай мен жаңа уақытта Сенаттың рөлін түсіну қажет. Регламент – бұл ең алдымен, қоғам, ел, мемлекет пен Конституция алдындағы құқық өкілеттігі мен жауапкершіліктің үйлесімі. Сондықтан өзгерістер де енгізу қажет. Сондай-ақ, өкілеттіктер мен жауапкершілік деңгейін қайта қарап, регламентте бекіту керек», – деді Ғани Қасымов.

Сенаторлар кеңесін құрудың өзектілігі туралы сөз еткен мемлекеттік және қоғам қайраткері Зинаида Федотова: «Бұл өте қажет және құнды жұмыс. Бұл Сенат пен жалпы мемлекет үшін үлкен көмек болады. Біз сөз жүзінде емес, іс жүзінде қоғам үшін пайдалы қызмет атқарамыз», – деді.

Отырыс барысында Бірғаным Әйтімова Сенаторлар кеңесі Төрағасының орынбасары, Нұрлан Қылышбаев Кеңес хатшысы болып сайланды.

Отырыс қорытындысы бойынша Сенаторлар кеңесінің Жұмыс жоспары бекітілді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз