ШҚО бойынша МКД Экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын өткізу барысында Семей қаласында жеке тұрғын үйлердің бірінде орналасқан қолдан арақ-шарап өнімдерін жасайтын астыртын цехты анықтады.
Тексеру барысында бұрын осындай қылмысы үшін сотталған астыртын цехтың иесі арақ-шарап өнімдерін антисанитарлық жағдайда Қазақстан нарығында өте танымал отандық фирмалардың тауарлық белгілерін пайдалана отырып жасағаны анықталды.
Цехты қарау кезінде сатуға дайын тұрған 2 мыңнан артық қолдан жасалған арақ шарап өнімдері («Хаома», «Талка», «Қазақстан», «Түркістан», «Журавушка» және тағы басқа маркалар), 10 мың данадан артық жалған есептік бақылау маркалары мен жапсырма белгілер, қақпақтар, сонымен қатар бөтелке жабуға арналған арнайы құрылғылар, спиртометр, спирт құйылған 3 пластмасса бөшке табылды.
Сонымен қатар жалған арақ-шарап өнімдері өткізілген дүкенді қарау барысында 1000 данаға жуық жалған маркалар жапсырылған «Русская троица» арағы айналымнан алынды. Спирттік ішімдіктердің нарықтағы құны 800 ден 1500 теңге аралығында болса, цехтың қожайыны бұл бағадан 200-300 теңге төмен бағамен сатып отырған.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 233 – бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі өндіріс басталды.
Қазіргі уақытта алынған заттарға сот сараптамалары тағайындалып, аталған өнімдерді өткізу тетіктері тексеріліп жатыр.