Сазгер: «Екі әйелім тату-тәтті. Той-томалаққа бірге барамыз»

Қазір қоғамда екінші әйел алудың әңгімесі қызып тұр. Еркектер жеке өздері бас қоса қалса болды, әңгіменің бір ұшын осыған әкеліп тірейді. Бұл тақырып бәріне ұнайды. Сонда бұл не? Екі әйел алу азаматтар арасында абырой  арттырудың әдісі ме, әлде мұнда басқа бір себеп бар ма?

Бұл туралы Замана басылымы жазыпты. 

1231Осы сұрақтардың жауабын белгілі сазгер, сатирик Жарылқасын Дәулет айтып беріпті. Ол кісінің екі әйелі бар екен. Екеуі де тату-тәтті, той-томалаққа бірге барады. Бір-бірінің шаруасына қолғабыс та жасай береді. 

– Жарылқасын мырза, сіздің бәйбішеңіз – Раушан жеңгеміз жөнінде айтып берсеңіз? Ол кісі қандай адам?

– Бәйбішем Раушанды студенттік жылдардан бері танимын. Бір ауданда туып-өстік, бірге жоғары оқу орнында оқыдық. Бір-бірімізді түсінетінімізге, бірге шаңырақ құрып, бақытты отбасы болып кете алатынымызға көз жеткізген соң үйлендік. Міне, биыл отасқанымызға 25 жыл толады екен. Аллаға шүкір, Раушан маған 3 қыз, 1 ұл сыйлады.

«Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген сөз текке айтылмаған. Жас күнімде мен де сері болдым, түзде көп жүрдім. Түнделетіп келетін, тіпті кейде үйге қонбай қалатын кездер болды. Ол кісіде қызғаныш болмады демеймін, болды. Бірақ айтқанымды екі еткен емес. Түннің бір жарымында үйге қонақ ертіп келсем орнынан тұрып қазанға етін салатын. Яғни бар жағдайымды жасады. Балаларыма дұрыс тәрбие бере білді.

– Әйелім жақсы дейсіз, айтқаныңызды екі етпейді екен, ендеше, неге екінші рет үйлендіңіз?

– Әйелі жаман адам ғана екінші рет үйленуі керек деген сөз қай жерде жазылыпты? Әйелі жақсы адамдар да алып жатыр ғой. Менің үйленуіме ең алдымен ұлымның жалғыздығы себеп болды. Ұлыма бауыр керек деп шештім. Бұл – бір. Содан кейін, айналаға қараңызшы, тәуелсіздігімізді алғанымызға жиырма бес жыл толып отыр.

Осы уақыт аралығында қазақтардың саны небәрі бір-ақ миллионға артыпты. Онда да оралмандардың есебінен. Ал мына көршілес Өзбекстанның халқы тәуелсіздік алғалы бері 44 пайызға өсіпті. Қазақтардың көбеймей жатқанының себебі неде? Өйткені қазақ ер-азаматтарының көбі әйелдерінің айтқанынан шыға алмайды.

«Маған он бала туып бермей жұмысқа шығамын дегеніңді қой!» деп кесіп-пішіп сөйлей алмайды. Міне, қазақтардың көбеймей отырғанының себебі осы деп білемін. Менің үйленуімнің екінші себебі – қазақтың санын көбейту болды.

Құдай бетін ары қылсын, егер жерімізге қара қытай мен сары орыстар қаптап кірсе, өзі аз ғана қазақтың құл боп кетуі мүмкін. Бізді олардың езгісінен халықтың саны, көптігі ғана құтқара алады. Әрбір қазақ азаматы балаларының болашағын ойлап, ертең мынау ұлан-байтақ жерді иеленетін адам керек екенін ескерсе, демографияның дамуына үлес қосар еді.

– Сіздің үйде екінші әйел алу туралы мәселе қалай талқыланды? Жұбайыңыз қарсы болған шығар…

– Әрине, кім өзінің күйеуін өзгемен бөліскісі келеді? Біздің үйде де ондай жағдай болды. Ашуланды, тулады, қарсы болды. Бірақ Алла қалап тұрса, еркек өзінің нағыз еркек екенін сездіріп, айтқанынан қайтпай тұрып алса, оған әйел түк те істей алмайды. Түбінде күйеуінің екінші әйел алғанына көнеді.

– Екінші жұбайыңыз қандай адам? Онымен қалай таныстыңыз?

– Менің досым бар, аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Бір күні соған жолығып: «Мен екінші рет үйленемін деп шештім. Балам жалғыз болмасын, жақсы бір әйел болса, бала тууға қабілетті болса, мейлі ажырасқан, жесір болсын. Соған үйленіп, бар жағдайын жасап жүрер едім», – деген ойымды айттым.

Ол Алматыдағы бір медреседе туыс қарындасы жұмыс істейтінін, иманды әйел тауып беруге көмектесетінін айтты. Содан не керек, досымның қарындасы арқылы бір келіншекпен танысып едім, оның мінезді адам екенін байқадым. Әңгімеміз жараспады.

Арада біраз күн өткен соң әлгі досымның қарындасына қайта хабарласып, таныстырған адамымен сөзімнің жараспағанын айттым. Осылай оны-мұны әңгіме етіп тұрғанымызда ол өз қызының ажырасып келіп отырғанын айтып қалды. Ұзын сөзің қысқасы, мен досымның қарындасының қызын көрмек болдым, кездестік, таныстық.

Үріп ауызға салғандай әп-әдемі әрі иманды келіншекті бір көргеннен ұнаттым. Ол да маған тұрмысқа шығуға қарсылық білдірген жоқ. Осылайша екінші рет үйлендім. Жарымның есімі – Айша, жас айырмашылығымыз – 28 жыл. Аллаға шүкір, қазір Мұхаммед және Сүлеймен есімді екі ұлымыз бар. Тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз.

– Екі әйеліңіздің аралас-құраластығы бар ма?

– Аллаға шүкір, бәрі реттелді. Басында аздаған қиындықтар болды. Бірақ кейін Раушан менің түпкі мақсатымды түсінді, Айшаны жақсы қабылдады. Тіпті өзінен туған ұлды Айшаның тәрбиесіне берді. Қазір екеуі екі бөлек үйде тұрады. Дегенмен қонақ күтер болсақ екеуі бар шаруаны бірге атқарады. Кіші балам дүниеге келгенде Раушан өзі перзентханадан алып шығып, күтіп-баптады. Шілдехана тойын өткізуге барынша көмектесті.

– Екі әйелі бар азамат уақытын да, қаражатын да екі үйге теңдей бөлу керек деп жатады. Осы жағын қатты ұстанасыз ба?

– Раушан біздің ортақ кәсібімізді басқарады. Сондықтан ол жалақы алады. Бірақ ол жалақысын қайда, не үшін жұмсап жатыр, оған мен бас қатырған емеспін. Көйлек алсам екеуіне бірдей әперемін. Бала-шағаның керегіне, үйге қажетті азық-түлікке де дәл осы әдісті ұстанамын. Уақытты да теңдей бөлемін.

– Көп ер-азаматтарымыз екінші әйел алудың реті осы екен деп өзінен әлдеқайда жасы кіші, тіпті ана сүті аузынан кетпеген қыздарға үйленіп жатады. Ал дінімізде екінші әйелдікке жесір қалған, қарайласар ешкімі жоқ жандарды алыңдар деген емес пе?

 Алла маңдайыңа не жазады, сол болады. Алла сенің пешенеңе жасы алпыстан асқан әйелді алуды бұйырса, одан қашып құтыла алмайсың. Дәл сол сияқты он сегіздегі қызды алу да Алланың қалауымен болатын нәрсе. Сондықтан қатып қалған қағида жоқ. Ең бастысы, алған адамыңның иманды, тәрбиелі, ұрпағыңды өрбітуге қабілетті болғаны.

– Екінші әйел алғысы келетін, бірақ соған бата алмай жүрген ер-азаматтарға нендей кеңес берер едіңіз?

– «Екінші рет үйленер едім, әйелім рұқсат бермейді ғой, оның қарғысына қалам ба?» деп жүргендер көп. Менің соларға айтарым, Шариғатта екінші рет үйленемін деген еркекке әйелінің рұқсаты керек емес. Рұқсат – Алладан. Алла қаласа аласың, қаламаса мың жерден зарласаң да алмайсың.

Екінші кеңес, екі әйел алғысы келген адам алдымен өзінің әл-ауқатына қарасын.

Алған жарларын, олардан туған балаларды асырап, баға ала ма, ертеңгі күні олардың наласына қалмай жүре алады ма, соны ойлауы керек. Қазақ әйелді түнгі тоят үшін алмаған, ұрпағының санын көбейту үшін алған. Сондықтан екінші рет үйлендің бе, әйеліңе кемінде он бала таптыр! Олай етпесең несіне үйлендің?!

– Ал бәйбіше мен тоқалдың арасындағы қарым-қатынас қандай болуы керек? Өз әйелдеріңізді көріп, көңілге түйгеніңізбен бөлісе отырсаңыз…

– Барлық нәрсе бәйбішенің көркем мінезіне байланысты. Егер бәйбіше күйеуін шын құрметтесе, оның алған әйелін де қабылдай біледі. Түсіністік танытып, оның сол отбасына сіңісіп кетуіне көмектессе, онда оған Алланың нұры жауады. Бәйбіше ақылды болса күйеуінің екінші әйелін құрдай жорғалата алады. Екі әйелдің татулығын көрген балалардың да бір-біріне деген мейірімі, бауырмалдығы артады.

Сіз қанша жерден тулап, күйеуіңізге екінші рет үйленуіне қарсы болсаңыз, соншалықты оның зина жасауына, некесіз қарым-қатынасқа түсуіне итермелеген боласыз. Одан гөрі үйленуіне қарсы болмаңыз, сонда сіз де ештеңені уайымдамайтын боласыз, күйеуіңіздің де көңілі тоқ, мерейі үстем болмақ.