Конституция бүгінгі заманға лайықты болуы үшін қазақ халқы Ата Заңға деген сенімін нығайта түсуі керек,-деп есептейді белгілі саясаттанушы Айдос Сарым. Кеше Ұлттық арнада Конституциялық реформаның жалпыхалықтық талқылауына қатысқан саясаттанушы осылай деп мәлімдеді.
– Конституцияға өзгеріс керектігі көптен бері айтылып жүр. Себебі Конституция Құран емес. Ата Заңды 1995 жылы қабылдаған өзіміздің қазақ халқы. Егер осы Конституцияға жүгінетін болсақ, биліктің, мемлекеттің қайнар көзі – халық. Демек, осыған сай болуы керек. Ең басты мәселе, бүгінгі заманға лайықты болуы үшін, қазақ халқы өзінің мемлекетке, Конституцияға деген сенімін нығайта түсуі керек. Оны тек қана халықтың энергиясын дұрыс пайдалану білу арқылы жүзеге асыруға болады. Егер біз осы күнге дейін мұнайға, басқаға арқа сүйеп дамысақ, бүгінгі күні халықтың өз энергиясына, оның белсенділігіне ғана негізделіп жұмыс істеуге болады. Ол үшін, бәлкім, мына конституциялық өзгерістер қабылданғаннан кейін көптеген заңнамаға өзгеріс енгізу керек шығар.
Яғни осыдан кейінгі басты жұмыс заңнамаға келіп тіреледі. Сол кезде жергілікті мәслихаттарға қаланың, ауданның, ауылдың болашағын ойлаған азаматтар келетін болса, жергілікті бағдарламалардың дұрыс қабылдануына ықпал етіп отыратын болса, онда халықтың энегрясы ашылады.
Халықтың мемлекетке, мемлекеттік институттарға деген сенімі арта түседі. Егер конституциялық өзгерістер осындай тың жаңалықтар әкеліп, халық энергиясын дұрыс арнаға бұрса онда сенім мәселесі де артады. Сонда ғана біз заманауи үдерістерге ілесе аламыз. Меніңше, басты мәселе – конституциялық өзгерістерден кейінгі туындайтын мәселелер. Конституциялық өзгерістер қабылданған кезде нақты жауаптар берілсе, онда сенім, жігер, ерік мәселесі – жаңа, сапалы деңгейге көтерілуі ықтимал,-деді саясаттанушы.
Дереккөз: «Қасым-Ақпарат»