Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
4
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Сапарбаев мешітке бас сұқпайтын ақсақалдарды сынға алды

«Халық әкімдермен кездесулерге келу керек. Мәселелерді көтеру керек. Тек, орынсыз сынай берген дұрыс емес. Біз ерігіп жүрген жоқпыз. Халықты ояту керек. Билікпен бірлесіп жұмыс істеу керек. Барлығын билікке тіреп қою — қате. Барлығымыздың отанымыз — Қазақстан. Еліміздің жақсы болғанын қалаймыз. Ол үшін жұмыс істеуіміз керек», — деді облыс басшысы.

Оның айтуынша, сын айту — оңай. Ал одан нәтиже шығару, дұрыстау кез келгеннің қолынан келе бермейді.

«Сондықтан, біздің ағаларымыз, ақсақалдарымыз, ардагерлер, сіздер көмектесулеріңіз керек. Қазақ үлкенды сыйлаған халық. Ұлтымыздың пәленбай жылдардан бері өшпей келе жатқаны бірлігіміздің арқасы. Билікті қолдау керек. Кемшілігі болса, келіп айту керек. Осындай да осындай тұстары дұрыс деп ескерту керек. Ал, егер одан нәтиже шығармаса, онда биліктің де билігі бар», — дейді ол.

Бердібек Сапарбаев өңірдегі діни ахуалға қатысты да ойын білдірді.

«Ешкім ислам дінін жояйын деп жүрген жоқ. Тек теріс ағымда жүргендермен жұмыс істеуіміз керек. Исламның өз қағидасы бар. Егер ол қағидалар орындалмаса, мемлекеттің заңына қарсы келетін болса, тиісті шаралар қолданылады. Темір аудандық прокуратурасының жанынан арнайы орталық та ашып қойдық», — деді Сапарбаев.

Облыс басшысы Темір ауданында теріс ағымда жүргендер санының азайғанын айтты.

«Бір анығы — теріс ағымда жүргендер азайып келеді. Олар кімдер?! Біреуіміздің баламыз, біреуіміздің келініміз. Тағы бірінің құдасы, енді бірінің жегжаты не нағашысы. Олар аспаннан салбырап түспеді. Осы жердің азаматтары. Біз оларды көрсек те көрмегендей болып жүре береміз. Мешіттерде олардың не айтып жатқанын естісек те естімеген болып отыра береміз. Бұл ретте ағаларымыздың мешіттерге бармайтынын айтқым келеді. Ал олар бару керек қой. Жастарды имандылыққа үйретпей ме? Имандылық қазақта бұрыннан бар. Жасы үлкендерді тыңдау деген де қазақта бар. Егер осы қасиеттерді жоғалтсақ, мәңгүрт болғанымыз», — деді жиналған жұртшылыққа облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Дереккөз: Stan.kz

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз