Әйгілі «Би-Би-Си» телерадиокомпаниясының 2017-жылға арналған Гиннестің рекордтар кітабын шығаруға дайындалып жатқаны белгілі болды.
Ең қызығы, бұл кітапқа ұзын сақалы бар қыз да ендіріледі екен. Ол сақалын 15 сантиметрге дейін өсіріпті.
Бұл қыздың жасы 24-те, аты-жөні – Харнаам Каур. Оның түбі үнді ұлтынан екен. Ол бүгінде Ұлыбританияның Слау деген қаласында тұрады. Модель болып жұмыс істейді. Биылғы наурыз айында Лондонда өткен сән апталығында тұңғыш рет подиумға шығып, жұртты таңқалдырыпты. Яғни оның дене сымбаты модельдерге сай әдемі, бірақ иегінде желкілдеген сақалы бар.
«Сақалды қыз» бұрын балалардың мазағынан мезі болып келіпті. Сақалын қырып, түссіздендіріп, тіпті жұлып та көрген, түрлі дәрілер ішкен, бірақ олардың ешқайсысының да жәрдемі тимепті. Тығырыққа тірелген сәттерде өзіне қол жұмсауды ойлаған кездері де болыпты.
Бұл ерекше қыз есейе келе өзінің өзгешелігін жасырмауға бел буыпты. Сөйтіп 16 жасынан бері сақалын еркектерше күтімге алған. Бұған оның үндінің сикх діни нанымын қабылдауы себеп болған. Яғни сикх сенімдері бойынша сақалды қыруға болмайды, ол Құдайдың берген сыйы саналады.
Бүгінде Харнаам өз тәнінің өзгешеліктеріне оң көзбен қарау мәселесі бойынша белсенділердің қатарында екен. Өзінің Гиннестің рекордтар кітабына енгізілетіні туралы хабарды әлеуметтік желіде оның өзі де таратып отыр.
Оны бір суретші қалыңдық кейпінде бояндырып-киіндіріп суретке түсірген екен, қызығушылар өте көп болыпты. Қазір бұл қызға жарнамалық мақсатта бірігіп жұмыс жасауға ұсыныс білдірушілер де аз емес көрінеді.
Дереккөз: zamana.kz