Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Ұрланған мұнай өңделіп, Ресейге сатылған. Ақтөбедегі мұнай ұрлығының схемасы белгілі болды

Тергеу келтірген дерекке сүйенсек, қылмыстық топ мүшелерінің бірі – 30 жастағы Нұрболат Қайырбеков өткен жылдан биылғы сәуір айына дейін ауылдастары Ақсақовты, Миралинді, Сарамбетовты, Чиковты құжатсыз мұнай өнімдерін заңсыз түрде тасымалдауға жалдап, пайдаланып келген.

Мұнай ұрлау және оны сату схемасы

“Қылмыстық топтың әрбір мүшесімен Мұхамедиянов, Сәрсенов және Ізбасар байланысқа шығып, бақылап отырған. Істі бастар алдында қылмыстық топ мүшелерімен кездескен Ізбасар сол арада бүкіл жоспарды жайып салып отырған. Мұндай кездесулер телефон арқылы шартты түрде алдын ала келісіліп отырған. Ізбасар өзі құрған қылмыстық топпен тұрақты әрі ұзақмерзімді байланыста болған”, – деп жазады басылым.

Ізбасардың, Мұхамедияновтың, Сәрсеновтің және Қайырбаевтың қылмыстық жолмен тапқан мұнай өнімдерін сақтау үшін арнайы жанар-жағармай құю бекеттері қолданылған: “Автодор МК” ЖШС, “Асад Плюс” және “Транзит”.

Судья ұйымдасқан қылмыстық топтың әрбір мүшесінің рөлі қандай болғанын айтып берді:”Сәрсенов пен Қайырбаев Ізбасардың басшылығымен мұнай өнімдерін заңсыз сатумен айналысқан. Ізбасар тасымал үшін арнайы көліктер тауып беріп отырған. Ол мұнай өнімдерін тиеу, жеткізу және “Транзит” жанармай бекетіне құюды бақылаған, көлік жүргізушілері Миралин, Ақсақов, Чиков және Сарамбетовтердің жұмысын бақылаған, өз кезегінде олар тиісті жерге мұнайды жеткізіп отырған. Мұхамедиянов пен тағы белгісіз біреулер мұнай өнімдерін сату орындарын іздестіріп, мұнай өнімдерін заңсыз қамтамасыз етіп отырған”.

Сонымен қатар, тергеудің мәліметінше, Миралин, Ақсақов, Чиков және Сарамбетов мұнай өнімдерін келісілген жерлерге тұрақты түрде жеткізіп отырған. Мұнай сатудан түскен қаражаттың бір бөлігін ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері арасында үлестірілген, ал екінші бөлігі заңсыз мұнай өнімдерінің жаңа партиясы сатып алуға жұмсалған. Ізбасар ақшаның үлестірілуіне жеке өзі бақылау жасаған.

97 мың литр мұнай өнімі 14 млн 550 мың теңгеге сатылған

Сондай-ақ, іс материалдарына қарағанда, Еркін Ізбасар Ақтөбеде Мұхамедиянов пен Сәрсенов арқылы Қайырбаевқа мұнай өнімдерін резервуар арқылы тиеу, жеткізу бойынша нақты тапсырмалар берген, ұйымдасқан топтың жұмысын бақылаған. Жұмыстың тәртібі былай болған: Ізбасардың тапсырмасымен Сәрсенов, Қайырбаев және тағы белгісіз біреулер мұнай өнімдерін заңсыз сатып алып, оларды “Транзит” жанармай құю бекетінің резервуары арқылы тасымалдаған, сол жақтан ресейліктерге сатқан.

“Биыл 1-сәуірде Мұхамедиянов пен Сәрсенов ресейліктермен 97 мың литр мұнай өнімін сатуға келіскен, келісім жалған құжатпен рәсімделген. 2-сәуірде түнде автоцистерна Ақтөбеден Орск қаласына қарай шыққан. Келесі күні оларды полицейлер ұстап алған. Олардан табылған мұнай өнімдерінің бағасы 14 миллион 550 мың теңге болған”, – делінген хабарламада.

Судья қылмыстық топтың кейбір мүшелері әлі ұсталмағанын хабарлады.

Міне, осындай деңгейдегі қылмыстық топқа басшылық етуші, мүгедек арбасына таңылған Еркін Ізбасарға жала жабылып жатыр деген пікір де тарауда.

КТК телеарнасының тілшілеріне Ақтөбеде Еркін Ізбасардың анасы ұлының мұнай ұрламақ түгілі, билетке ақша таппай қиналып өмір сүргенін айтты.

Сонымен қатар, тілшілердің мәліметінше, Ақтөбеде мұнай ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ мүшелерінің арасында күш құрылымдарының өкілдері болған. Үш күннен бері қамауға санкция беріп жатқан сот мұны растағанымен, нақты кімдер екенін ашып айтпай отыр. Осы уақытқа дейін 12 күдікті қамауға алынды. Араларында топты басқарды деген айып тағылған атышулы Еркін Ізбасар да бар.

Оның құқығын танымалдығы одан кем емес – адвокат Серік Сәрсенов қорғап жүр. Ол кезінде Арқанкергенде сарбаздарды қырып тастаған Владислав Челахтың ісімен танылған еді. Бұл жолы қорғаушысын ақтап алатындығына сенімді. Ең алдымен қамауға алу туралы санкцияның күшін жоюға кіріспекші. Өйткені арбаға таңылған, әрі бүйрегінен айрылған мүгедекке абақтыда еш жағдай жасалмағанын айтады.

“Бірінші топтағы, жүре алмайтын мүгедек өз жағдайын абақтыда жасай алмайды ғой. Онымен қоса бүйрегінің жоқтығынан үнемі дәрігердің бақылауында болуы керек. Сот оны қашып кетеді деп қамауға алды.Сонда, арбада отырған оған қанат бітіп ұшып кете ме?”, – дейді адвокат Серік Сәрсенов.

Еркін Ізбасардың анасы ұлының қылмысқа қатысы барын естігенде талып қала жаздапты. Оның көлденең тапқан табысын көрмедік деп тіпті таң қалып отыр. Өйткені, күрестен Алматыда өтетін чемпионатқа баруға қорадағы екі жылқысын сатып, жолақысын тауып беріп едік дегенді айтады.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз