Омбыда «Ару қыз-2016» дәстүр, талант және сұлулық байқауының финалы өтті, оған 10 қазақ аруы қатысты, деп хабарлайды Вaq.kz.
«Омбы қазақтары» Омбы аймақтық қоғамдық ұйымы «Ару қыз-2016» дәстүр, талант және сұлулық байқауын осымен үшінші рет қатарынан ұйымдастырып отыр. Биыл қазақ диаспорасының ең сұлу қызы атану үшін 19-26 жас аралығындағы 10 ару финалда бақ сынады. Байқауға қатысушылар өз халқының ұлттық киімдерін таныстырып, сал-дәстүрін қаншалықты білетінін паш етіп, өнерлерін ортаға салды.
Байқауда 20 жасар кәсіби әнші Алтынай Құсайынова жеңімпаз атанды. Бұл туралы байқаудың «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында хабарланды. Ол «Азали» ансамблінде өнер көрсетіп, балаларға хореографиядан сабақ береді екен.
Бірінші вице-мисс титулы Айнұр Дүйсекеноваға бұйырды.
Ал екінші вице-мисс тәжін Әлия Смағұлова алды.
Үздік шығармашылық нөмір үшін арнайы жүлдені 22 жастағы Аина Шортанбаева иеленді.