Нұр-Сұлтан
Қазір
-6
Ертең
-11
USD
499
+3.47
EUR
520
-0.93
RUB
4.85
-0.06

Ресейде қаза тапқан қазақстандықтардың денесі елге бүгін жеткізіледі

144

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 28 қараша күні «Орынбор – Соль-Илецк» тасжолының Елшанка ауылы маңында ірі жол апаты болды. «Ман» маркалы жүк көлігі мен «Фольксваген Шаран» автокөлігі соқтығысты.

«Фольксвагенде» жеті жолаушы болған, барлығы – Қазақстан азаматтары. Апат орнында бес адам мерт болып, тағы екеуі Соль-Илецк қаласының ауруханасына жеткізілді. Қаза тапқандардың үшеуі Ақтөбе облысының, екеуі – Қызылорда облысының тұрғындары.

Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ақпаратты әлеуметтік желіге жариялап, қаза болған адамдардың туыстарын іздеу үшін жедел желіні іске қосты. Кейін ажал құшқан қазақстандықтардың барлығының тұлғасы анықталды. «Қаза болған адамдардың туыстары Орынборға үш көлікпен кетті. Сағат 13:30-да денелері беріледі.

Олардың үшеуі Ақтөбе облысының, екеуі Қызылорда облысының тумасы. Қызылорда облысының әкімдігі Ақтөбеге көлік жіберді. Олар осы жерден алып кетеді. Денесін жеткізу кезінде «ҚазАвтоЖол» мекемесі мен полиция көлігі ілесіп жүреді. Жол-көлік оқиғасының нақты қалай болғанын анықтау мүмкін емес. Себебі, көліктің бөлшегі жан-жақта жатыр. Туыстарымен сөйлесіп, жеңіл көлік Ақтөбеден Орынборға бет алғанын білдік. Себебі, оқиға орнынан үлкен көлемде ақша табылды», – деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Қасым.

Айта кетейік, қазіргі уақытта қаза болған адамдардың туыстары оларды ақтық сапарға шығарып салу үшін дайындық жүргізіп жатыр.

«Жол апаты туралы хабарды танысым телефон арқылы жеткізді. Ол кезде адамдардың жағдайы туралы ештеңе айтпады. Өзіміз қайта телефон шалып, қаза болғанын естідік. Ағам Серік Қауанов өз көлігімен таңғы сағат 7:00-де Ақтөбе қаласынан шығып кетті. Жол бойы телефон шалып, жақсы бара жатқанын айтты. Кейін бәрі үнсіз қалды.

Куәгерлердің айтуынша, жүк көлігі қарсы жолға шығып кеткен екен. Әрі ауа райы қолайсыз, тайғақ болды. Жолдың қақ ортасында жүк көлігі тұрған кезде ешкім де көлігін тоқтатып үлгермес еді. Артында үш баласы қалды. Мектепте оқиды, балабақшаға барады. Ал кішкентайы жеті айлық», – деді Серік Қауановтың інісі Мирас Тәңірбергенов.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз