Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
4
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

“Рейтинг қуған дарақы елміз…”. Бұл кімнің саясаты?

Қазақ күй шертпеген секілді. Құрманғазы мен Тәттімбетті қойшы, Нұрғиса мен Қаршығаны да ұмытып кеттік.

Өткенде қазақ радиосы беріп жатыр. Түн ішінде. Ауылдан келетін қонақтарды тосып алып жүр едік. Аялдамада радио тыңдап отырмыз. Архивтен алып берді. Нұрғиса көкенің көзі тірісіндегі бағдарламаны. Дәулескер күйші сөйлеп жатыр. «Бір күні Димаш Ахметович айтты, әй, осы сенің күйіңді аққулар тыңдапты ғой деп. Ия, тыңдаған. Әкемнің күйі ғой дедім. Қайта бұрылып, әй, шыныңды айтшы, әкең сен секілді тарта алмаған шығар деді. Неге тартпасын. Әкемнен жас қалдым. Өнерін түгел игере алмадым. Ол башпаймен тартты, оны үйрендім. Пышақтың жүзімен тартты. Соны дұрыс көре алмаппын, қанша ішекті үздім. Бірақ бойыма дарымады. Пышақпен тарту».

Осылай көсіліп кете береді. Нұрғисалар қазына емес пе? Әннің ордасы еді Қазақ жері. Қазақ қазақты аяласа ғой. Орыстар тұлғасын жерлеген күні дүниені азан-қазан етеді. Сол күнгі бағдарламаның бәрін арнайды. Гурченкодан өзге ешкім топ жармаған, Высоцкиін күні бүгінге дейін жоқтайды.

Біздер ше? Ахметті іздеп жүрміз бе? Бейімбеттер жүректердің төрінде ме, Міржақып жайлы неше деректі фильмің бар, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповты шатастыратын әріптестер өсіп келеді.
https://kaz.365info.kz/khandaj-symbatty-amangeldi-sejithan-armiyadagy-suretin-korsetti-303727
Қаныш Сәтпаев қазына ғой. Мағауин мен Жұмаділовты теле таспаға түсіріп жатырмыз ба? Олар алтын кені емес пе, кетеді ғой қалың мұра кеуделерінде. Шерханның шеберханасы неге тоқтап қалады, ұстаның ұстанымдарын жазып алса айып па?

Қазақ өзін-өзі іздеуге құқылы. Біреудің құтын қашыру емес ол. Қазақ қазақты құрметтеу керек. Абай тегін айтты дейсіз бе. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос».

Кейде оқушыларға сабақ беруге тура келеді. Сонда «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырын айтамыз. Олар таңғалады. «Неге насихаты жоқ?», – дейді. Кімнің насихаты бар дейсің. Қармақшыда жыраулар мектебі бар. Шораяқтың Омарынан, Кете Жүсіптен келе жатқан. Тұрмағамбет салған сара жол жатыр. Соларды іздейтін телеөндіріс бар ма?

Баяғыда бір хабар жасаған болдық. Тұтас ауыл жыршы. Шын мәнінде еңбектеген баладан, еңкейген қартына дейін. Жастары жырлай бастағанда, шалдары мүлгіп отырады. Сөйтсек, мұқият тыңдайды екен. Сәл қателессе, айқай салады немесе кез келген ауылда күйші жүр. Тіпті ансамблі құрылған елді мекендер кездеседі. Олардың насихаты бар ма?

Басшылар тыржың ете қалады. «Рейтингі төмен». Ұлтыңның мұрасын көметін «рейтингтің» өзіне неге талақ айтпаймыз. Күніне он рет көрсетейікші кез келген дүниені. Он күннен кейін сонымен өмір кешіп кетеді жұрт. Насихаттың күші сонда жатыр.

Әрине, қазір Керей мен Жәнібекті кім түсінеді. Абылай мен Қабанбай кімді қызықтырады. Қабекең 78 жасында дүние салды дейді. Он сегізінен жекпе-жекке аралассын. Жетпіс жыл жеңілмеген батыр ғой. Бір деректі фильм бар ма?

Шона Смаханұлының айтатыны бар: «Үлкен, кіші, алыс-жақын ағайын, мен сіздерден өтінем. Бұрынғының жігіттері толайым, топас болған демеңдерші шетінен..».

Оспанхандарды неге іздемейміз? Кешегі Кеңес тұсында қаншама әндер жазылды. Солардың да жоқтаушысы көрінбейді. Қазақтың күйін іздейтін ешкім жоқ. Телеарналарды айтып отырмыз. Өткенде бір әріптес түрі қазақ екі әншімен сұхбат құрып отыр. Сауалды қазақша береді, аналар орысша сайрайды. Аудармасы жоқ. Ол не сонда? Эфирді мазақ ету ме? Сол былдыр бірдеңенің орнын күй басқанда ұтар едік. Жоқ. Домбыра телетізгіншіге ұнамайды. Осында жатыр кілтипан. Сынайын десең, тұра келіп туласын.

Қаржы қазақтың қоржынынан шығып жатыр. Насихаты кімдікі сонда?

Жалпы, телеөндіріске сілкініс қажет. Қаншама арна бар. Бірін-бірі қайталайды. Қазақ тұшынып көретін өнім аз. Өндіруге қабілет жетеді, таланаттар көп.

Бірақ қолдары байлаулы. Кім байлап отыр? Оны түсініп болмайсың.

Жер шарын араладық. Кез келген мемлекет, кез келген ұлт алдымен өздерін насихаттайды. Өздерін өздеріне түсіндіреді. Біздер өзгенің кереметін түсіндіруге тырысамыз. Тек өзіміздікін емес. Одан не ұтамыз?»

Амангелді осылай дейді. Ашы да болса бүгінгі шындық осы.

Ақшарқат Ахметбек

Фото: youtube.com
https://kaz.365info.kz/khajran-2-mlrd-ekspo-nyn-khazirgi-kyjin-kharanyz-foto-308847

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз