Ресейдің Федерация кеңесі сәрсенбі күні америкалық және еуропалық санкцияларға іліккен ресейліктерді салықтан босату туралы заң жобасын қабылдады. Заң өткен мерзіммен – 2014 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді.
Өткен аптада “Единая Россия” депутаты Андрей Макаровтың салық кодексіне дайындаған түзетулерін Мемлекеттік дума үшінші оқылымда қабылдаған еді. Заң санкцияға іліккен, шетелде кәсібі немесе мүлкі бар ресейліктерге Ресейдің салық резиденті атанбауына мүмкіндік береді.
Америкалық санкциялар тізіміне 56 ресейлік, ал еуропалық “қара тізімге” – 157 Ресей және Украина азаматтары енген. Батыс елдері оларды Қырымның аннексиялануына үлес қосып, Украинаның шығысында ресейшіл жікшілдерді қолдағаны үшін осылай жазалап отыр.
Санкция тізімінде кәсіпкерлер Роман мен Аркадий Ротенбергтер, Геннадий Тимченко бар. Оларды Ресей президенті Владимир Путиннің достары деп санайды. “Медуза” басылымының мәліметі бойынша, Тимченко көп жылдар бойы Швейцарияның салық резиденті болған, бірақ 2014 жылғы санкциялардан соң ол Ресейде тұруға мәжбүр.