Өзбекстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына орай екі ел президенттері бір-бірлеріне құттықтау жолдады. Шавкат Мирзиёев Дональд Трампқа жолдаған жолдауында екі ел арасында қалыптасқан дәстүрлі қатынасты жалғастыруға ниетті екенін білдіріп, америкалық бизнесті “ұзақ мерзімге” Өзбекстанға шақырған.
Өзбекстан президентінің ресми сайтында Шавкат Мирзиёевтың республиканың сыртқы саясаттағы негізгі ұстанымдары берік болып қала беретінін, Құрама Штаттармен жан-жақты қарым-қатынастың дамуын қолдайтынын атап өткенін жазады.
Сонымен бірге Өзбекстан президенті Дональд Трампқа жолдаған құттықтауында АҚШ-тың компаниялары мен беделді корпорацияларын ұзақ мерзімге еліне инвестиция жасауға шақырған.
Бүгінде Өзбекстанда АҚШ-тың қатысуымен 164 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішінде 122-сі бірлескен кәсіпорын және 100 пайыз шетелдік капиталымен 42 компания бар. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, екі ел арасындағы тауар айналым 453 миллион 800 мың АҚШ доллары болған.