Нұр-Сұлтан
Қазір
14
Ертең
22
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

Экономикалық өсімді ынталандыруға қосымша 240 млрд теңге бөлінеді

Мемлекет басшысы өткен кезеңде атқарылған жұмыс реформаларын тікелей жүзеге асыру үшін қолайлы ахуал қалыптастырғанын атап өтті.

– Біз жариялаған бес институционалдық реформа – жаңа экономикалық жағдайдағы кешенді даму жоспары.

Ұлт жоспарын сапалы жүзеге асыру – біздің ең басты міндетіміз.

Осы кезең ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Үкімет қажетті заңдар, тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылдады, мемлекеттік қызметтің меритократия қағидаттарына негізделген мансаптық моделі енгізілді, сот төрелігінің үшбуынды жүйесіне көшу іске асырылды, Жоғарғы сот жанындағы Халықаралық кеңес жұмысына кірісті, судьяларға қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді.

Бұдан бөлек, салық және кеден саясатын жетілдіру жөніндегі жұмыс жүргізілуде, ауқымды жекешелендіру ісі басталды, елді индустрияландырудың екінші кезеңі жүріп жатыр, әлеуметтік саясат жетілдірілуде, мемлекеттің есептілігі арттырылуда. Жалпы, бүгінде жүз қадамның 23-і толық орындалды, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі сәтте жұртшылықпен сауатты жұмыс жүргізу ісін жолға қоюға ерекше көңіл бөлген жөн екенін айтты.

– Жаңа заңнамалық актілер қабылдау нәтижесінде бірқатар кемшіліктер мен олқылықтар анықталып жатыр.

Соның айқын мысалы – жер мәселесіне қатысты заң. Сондықтан жүйелі талдау және қабылданып жатқан шараларды жан-жақты талқылау негізінде қателіктермен ұдайы жұмыс жүргізіп отыру қажет.

Біз саясатымызды жетілдіру жөнінде алдын ала жүйелі қадамдар жасауға тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы.

Жиын барысында жұмыс топтарының мүшелері ұлттық комиссияның қазіргі қызметі туралы баяндама жасады.

Кеңес қорытындысы бойынша,

Қазақстан Президенті экономикалық өсімді ынталандыру үшін Үкіметке 2016 жылдың екінші жартысында қосымша 240 млрд теңге бөлуді тапсырды.

Мемлекеттік бюджеттен қаражатты үнемдеу есебінен бөлінетін ресурстар шағын және орта бизнесті қолдауға, жеке тұрғын үй құрылысы бағдарламасын несиелеу мен жүзеге асыру ісіне жұмсалады. Бұдан бөлек, қаржы бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, соның ішінде ауылдық елді мекендердегі тұрмыс сапасын жақсартуға, Құрық портындағы паром өткелін аяқтауға және елорда әуежайын жаңғыртуға бөлінеді. Бұл шаралар құрылыс саласында 20 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп, экономикалық өсім қарқынын жеделдетуге септігін тигізеді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз