Нұр-Сұлтан
Қазір
21
Ертең
18
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Павлодарда марқұм болған жігітті туыстары көше бойына жерлеп қойыпты

Ер адам биыл қаңтарда өз-өзіне қол салып, көз жұмған екен. Оны саяжай аумағына туыстары жерлеп кетіпті.

Саяжай аумағынан қабірді алғаш көрген тұрғындар шынымен де шошып қалғандарын айтады. Қар еріп, жер жібісімен мұнда отбасымен келген Қорлан Уақпаева әсіресе балалар қорқып кетті дейді. Саяжайға жылда көкөніс егетін ол мұнда адам жерлеу барып тұрған бассыздық деп санайды.

Қорлан Уақпаева, саяжай иесі:

– Саяжайға балалармен келемін. Қабірді көргенде бәріміз шошып қалдық. Қалай ғана саяжай аумағына адам жерлеуге болады? Ол үшін арнайы зират бар емес пе?

Бұл жайтқа саяжай басшылары да аң-таң. Олар енді аумаққа көкөніс егу түгілі, жолауға қорқып отыр.

Владимир Смирнов, «Яблонька» бау-бақша қоғамының төрағасы:

– Мәйіттің мұнда нақты қайдан жеткізілгені және қалай жерленгенін білмейміз. Бұл аумақты енді түгел өңдеу керек шығар. Дым болмағандай жеміс-жидек, көкөніс еге салу қауіпті деп санаймын.

Іске араласқан полицейлер болса, марқұмның шаһарға қарасты Кенжекөл ауылының тұрғыны екенін анықтаған.

Ер адам өз-өзіне қол салып, көз жұмған. Қабірдің басындағы тақтайшаға қарағанда, ол биыл қаңтарда мұнда мұсылмандар рәсімімен жерленген.

Дәл осы саяжай маңында арнайы зират орналасқан. Ал мына жалғыз молаға қатысты тексеріс жүргізген полицейлер ер адамның өліміне байланысты күдік тудыратындай ештеңе таппапты.

Баян Мағзұмова, Павлодар облысы ІІД баспасөз хатшысы:

– Ер адамның өліміне қатысты «Өзiн-өзi өлтiруге итермелеу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Оның денесі 1-ші қаңтар күні Кенжекөл ауылындағы үйлердің бірінде табылған. Бұдан соң сот-медициналық сараптама жасалды. Қылмыс құрамының анықталмауына байланысты іс тоқтатылды.

Осылай деген тәртіп сақшылары енді ер адамды заңсыз жерлегендер жауапқа тартылуы мүмкін екенін жеткізді.

Қыста көз жұмған ер адамның өзі 29 жаста болған. Марқұмның өз-өзіне қол салуына не себеп болғаны сол күйі белгісіз. Ал оның туыстарымен сөйлескен жергілікті атқамінерлердің айтуынша, олар мәйітті мамырдың соңына дейін саяжай аумағынан әкетіп, қайта жерлеуге уәде беріпті.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз