Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
20
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

Павлодарда бәс саудаға қойылған түрме өтпей жатыр

Бұған дейін қалалық екі емхана аукционға қойылған еді. Бірақ нәтижесі тұрғындар наразылығын тудырды. Себебі жергілікті жұрт инвесторлардың өз міндеттерін тиісті деңгейде атқаратынына күмәнмен қарап отыр.

Аса ауыр қылмыс жасағандарға арналған колонияның бағасы 4 млрд теңгеге жуық.

Кешен кірпіш пен бетоннан тұрғызылған. 1500 адамға арналған түрме қажет болмай, құрылысы тоқтап қалды. Бүгін мұнда аумақта күзетшіден басқа ешкім жоқ. Түзету мекемесінің ғимараты бірнеше жыл бұрын тұрғызылған. Сақалды құрылыс санатындағы бұл нысан 8 корпустан тұрады. Дегенмен тиісті күтім болмаса, 12 гектар жерді алып жатқан кешен апатты жағдайға ұшырауы мүмкін. Объект кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы жерде орналасқан. Жергілікті әкімдік осы аукционға зор үмір артып еді. Тіпті бағасын екі есе арзандатты да. Бірақ, нысан бизнесмендерді қызықтырмады.

Әлия Қажыбекова, қалалық қаржы бөлімі басшысының орынбасары:

– Өкінішке қарай, бүгінгі аукционда өтінімдер болмағандықтан, өткізілмеді деп танылды. Келесі аукционның әдістері әкімдікпен қайта қарастырылатын болады.

Ал 150 мың адамға қызмет көрсететін қос емхананы сатып алушылар бірден табылды. Бұл жайт тұрғындарды алаңдатқан. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін журналистер зерттеу жүргізді. Нәтижесінде қос мекемені небары екі ай бұрын тіркелген қостанайлық компания сатып алғаны анықталды. Олардың айтуынша, мемлекеттік мекемелерді жекешелендіру бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, халықтың пікірі ескерілуі тиіс.

Александр Баранов, журналист:

– Биліктің осындай шешіміне халық күмәнмен қарайды. Алаңдаулы. Менің ойымша, сатып алушыларға қойылған талаптар тым қарапайым. Инвесторлар мемлекеттік тапсырыс аясындағы талаптарын орындаса болғаны. Асығыс шешім жасалған.

Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің пікірінше, жеке инвесторлар емханалардың дамуына серпін бермек. Келісімшарт негізінде сатып алған кәсіпкерлер мекеме қызметін бір жыл бойы өзгертпеуі тиіс. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ екенін айтады.

Алмагүл Ахметжанова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

– Инвестор келген соң медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарады. Мекеменің материалдық-техникалық базасы жетілдіріледі. Осылайша емхана нарықта бәсекеге қабілетті болады. Адам капиталы назардан тыс қалмайды. Емдеу үрдісі өзгеріске ұшырамайды.

Бәс сауда жеңімпаздарының есімдері әзірге жарияланбады. Облыстық қаржы басқармасы мамандарының хабарлауынша, келісімшарт 10 күннен кейін жасалады. Жалпы, алдағы үш жылдың ішінде 39 нысан жекенің қолына өтеді. Оның 24-і жыл соңына дейін саудаға қойылмақ.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз