«Өзімізге жала жапты». Шымкентте зорланған оқушы қыздың анасы шындық іздеп шырылдайды (видео)

Шымкентте 8-сынып оқушысы мектепке кеткеннен оралмаған. Кейіннен оның ұрланып, зорланғаны белгілі болды. Одан бері бір ай өтіпті. Алайда мектеп оқушысын зорлаған қаскөй жазасын алмай, бостандықта емін-еркін жүр екен.

Әділетсіздікке шыдамаған қорланған қыздың анасы әлеуметтік желі арқылы еліміздің Ішкі істер министрінен, Бас прокурорынан көмек сұрап, видеоүндеу жолдады. Видеоүндеуді сол өңірдегі журналист Айгүл Орынбек Facebook-тегі жеке парақшасында жариялады.

Қызымыздың амандығы үшін бәрін істедік

«10 мамыр күні таңертең сабаққа кеткен қызым кешіккен соң ұялы телефонына қоңырау шалдым. Алайда, оның телефонын басқа біреу көтеріп: «Төлбасы деген жігіт болам, қызыңыз менің жанымда, уайымдамаңыздар, айыпшы барады үйлеріңізге», — деп өшіріп тастады. Дереу полицияға арыз жазып, қызды іздеуге шықтық.

Тәртіп сақшылары телефон қоңырау шығысын тексеріп, олардың Бәйдібек ауданы Шаштөбе деген жақта жүргенін анықтады. Осылайша, 4 полициямен Бәйдібек ауданындағы үш ауылды түгел тінтіп шығып, таппадық. Артынша адамдардан сұрап жүріп, қыз ұрлаушылардың Беловод ауылында екенін анықтап, ол жігіттің жақын туысын таптық. Олар бізді қорқытып, өзімізге дүрсе қоя берді. Қызымыздың амандығы үшін үндемей, айтқанының бәрін істедік. Ауыл сыртына келіңдер деді. Сол арада қызымызбен қауыштық. 21 жастағы Төлбасы деген жігіт қызымды әкеліп беріп, «Әпше, келісейік, мені соттатқаннан түк шықпайды» деді.

Ал полиция бізге: «Баланы алып қайтыңдар, Төлбасы адам ұрлаушы ретінде біз одан жауап алып, өзіміз айналысамыз», — деп қайтарып жіберді. Бірақ бір ай болды, ол әлі тайраңдап жүр»

, — дейді солқылдаған ана.

Оқушымен жігіт әлеуметтік желі арқылы танысқан

Сөйтсе оқушы қыз ВКонтакте әлеуметтік желісінде жігітпен танысып, бір-екі рет хат алмасады. 10 мамыр күні сабақтан шыққан оқушыны аялдамадан Төлбасы есімді жігіт ұстап алып, күштеп көлікке отырғызып, белгісіз жаққа алып кеткен.

Тіпті, қорқыту үшін электрошокер де қолданған.

Артынша Шымкенттегі пәтердің біріне әкеліп, жыныстық қатынасқа түспесе өлтіретін айтып қорқытады.

Арам ойы іске асқан соң болған жайды полицияға айтсаң, әке шешеңді де тірі қоймаймын деп әбден қорлаған.

Полиция: «Қызыңыз «қыз» емес»

Жаға ұстатар жайт жайлы Шымкент қаласында орналасқан Бәйдібек аудандық полиция бөлімшесіне хабарласқанымызда, тәртіп сақшылары зорланған қызға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты деп хабарлады Nur.kz.

«Сіздерге арызданған ананың көп сөздері шындыққа жанаспайды. Қыздың жыныстық қатынаста болғанын сараптама растады. Бірақ оның зорланғанын немесе басқаша екенін тергеу құпиясына байланысты айта алмаймын. Жазылған арызға қатысты Қылмыстық кодекстің 122-бабы, кәмелеттік жасқа толмаған баламен жыныстық қатынасқа түсу бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Шындықты сот кезінде білесіздер», — деді тергеу бөлімі басшысының орынбасары Еркін Қаттабанов.

Ал ананың айтар бұл ретте өз шындығы бар:

„… Тергеушілер миымызды ашытпа деді, прокурор да сөз түсінбейсіз, барыңыз, қызбен сөйлесеміз дейді. Қалай сөйлеседі? Қызымның жүрегі ауырады. 3-4 жыл болды, учеттамыз. Қызың бүлінген деп өзімізге жала жапты. Қалай бүлінеді ол, қолдан шығып көрмеген бала. Бүкіл Шымкент таниды бізді, кардиологиядан кардиология бөлімдерінде жүреміз, ауруханадан шықпаймыз. Астанада үш рет болдық, ота жасатамыз деп. Денсаулығы жоқ бала, қашан, қалай қыдырады?„ . Таза жала бұлары„ — дейді өксігін баса алмаған ана.

Отбасының қауіпсіздігі үшін оқушы қыздың және анасының аты-жөні айтылмай, түр-келбеті көрсетілмегенін баса айта кетелік.