Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстан мен Түркіменстанға жасаған сапарларындағы суреттерден мемлекет басшысын күйеу баласы күзетіп жүргенін көруге болады.
Мирзиёевтің 22-23 наурызда Астанаға сапары кезінде Қазақстан президентінің akorda.kz сайты жариялаған суретте өзбек басшысының күйеу баласы Отабек Шаханов атасының артында тұр. Шаханов мойнына президенттің жеке күзеті қызметкерінің бейджін тағып алған.
Centre1.com интернет басылымының хабарлауынша, Отабек Шаханов есімі Астанаға барған Өзбекстан делегациясы мүшелерінің тізімінде тұр.
Бұған дейін Eltuz.com басылымы Мирзиёевтің күйеу баласы Отабекті қауіпсіздік қызметіне жұмысқа алғанын жазған еді. Мәліметтерге қарағанда, Отабек Шаханов биыл қаңтардың басында президент қауіпсіздігі қызметі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған.