Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевтың елімізге жасаған ресми сапары аясында 1 млрд доллардың келісімшарты жасалды. Бұл екі елдің тарихында бұрын-соңды болмаған экономикалық байланыс болып отыр.
Бірде араз, бірде құраз болып келген екі мемлекеттің салқын қарым-қатынасы Ислам Кәрімовтің қазасынан кейін жақсаратын тәрізді. Өйткені, қос елдің тату болуына Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиёев мүдделі болып отыр.
Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың айтуынша, Кеңес үкіметі кезінде Өзбекстанның ішкі жиынтық өнімі біздің елімізден жоғары болатын. Алайда еліміз 1990 жылдары өте ауыр реформа жасағаннан кейін экономикалық жағдайымыз Өзбекстаннан жақсарды.
– Өзбек халқы қанша жерден саудаға бейім болғанымен қазақ халқы олардан озып кетті. 1990 жылдары бұл туралы айтса сенбейтін едім. Мұның бәрі айналып келгенде елімізде жасалған экономикалық реформалардың арқасы. Өкінішке қарай, көрші ел экономикалық реформа жасамағаннан кейін кенжелеп қалды. Мәселен, Өзбекстанда ауылдан Ташкентке айтпағанда Самарқанға көшу әлі күнге дейін шектеледі. Осындай жағдайда нарықтық қарым-қатынас пен бизнес жақсы дамымайды, Қазақта өмірден өткен адамды жамандамайды ғой. Бірақ Өзбекстанның бұрынғы басшысы өте қырсық еді. Реформа жасамағаннан кейін 5 миллион өзбек қаңғып кетті, – дейді саясаттанушы.
Алайда экономист Бауыржан Исабеков Әзімбай Ғалидың пікірімен келіспейді. Оның ойынша, көрші елдің экономикалық тұрғыдан жеткен жетістіктері көп. Мәселен, ала шапанды ағайындар ұялы телефон мен тоңазытқыш сынды әртүрлі тұрмыстық заттар шығарып жатыр. Ал Шавкат Мирзиёевтың экономикалық реформаларынан кейін Өзбекстанның әл-ауқаты одан сайын жоғарылай түседі.
– Ислам Кәрімов елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық саясатты ашықтан ашық сынайтын. Осыдан кейін екі елдің арасындағы экономикалық байланыс баяулап қалды. Шыны керек, Ислам Кәрімов шекараны жауып, қарым-қатынасты мүлде тоқтатып тастады деуге болады. Ал Шавкат Мирзиёев прагматикалық көзқараста болғандықтан көршілерімен тығыз байланыс жасап жатыр. Осының арқасында соңғы бес айдың ішінде экономикалық ара-қатынас 30 пайызға өсіп жатыр. Менің ойымша, Шавкат Мирзиёев экономист әрі шаруа адам болғаннан кейін эмоцияға бармай сауатты саясат ұстанып отыр. Егер ол осы саясатты одан ары жалғастыра беретін болса екі елдің экономикалық байланысы 70 пайызға дейін жетуі мүмкін, – дейді экономист.
Бауыржан Исабековтың айтуынша, Өзбекстан Еуразия экономикалық одағындағы үлкен нарыққа Қазақстан арқылы кіргісі келіп отыр. Ал өздері Ресейдің ықпалы басым болып отырған одаққа кіргісі жоқ.
Сарапшылардың айтуынша, Шавкат Мирзиёевтің Ислам Кәрімовтен артықшылықтары көп. Міне, осы артықшылықтар қазақ пен өзбектің қарым-қатынасын алдағы уақытта жақсарта түсетін болады.