Нұр-Сұлтан
Қазір
6
Ертең
13
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

“Оттамашы…”. ЕХРО мен саммит өткізуге жауапты екі шенді ұрсысып қалды

Осы екі шараға жауапты тұлғалар бүгін екітүрлі мәлімдеме жасап, қазақстандықтарды, нақтырақ айтқанда, астаналықтарды тосылтып тастады. Ең бірінші болып ҚР ІшкіІсМині әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Талғат Мұсаханов бүгін Астанада өткен арнайы баспасөз мәслихатында былай деп көсіліпті:

„18 мемлекеттің басшысы келгелі жатыр. Оларды 8 қонақ үйге, 2 резиденцияға орналастырамыз. Әрқайсысын жекелей алып жүреміз. Әрине, қаладағы көлік қозғалысында кедергі болады. Саммит Тәуелсіздік сарайында өтеді. Оған қатысушылар ЕХРО көрмесінің жабылу салтанатын да тамашаламақ. Біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әбден дайындалдық.

Қазір бәрі өз бақылауымызда, қалада көлік кептелісі бола қоймайтын шығар. Бірақ шыдауға тура келеді.

Қонақтардың әрқайсысын алып жүреміз, әрқайсысының өз кортежі бар. Сондықтан біз астаналықтарға сол күні көліксіз шығуға кеңес берер едік, лаж болса, тіпті, сенбі-жексенбі күндері қаланы тастап кеткендері жақсы болар еді„.

„Ойбай-ау, мынау шенді, шынымен де нағыз қазақ екен„ десті, мұны естіген жұрт. Қазақтар қонақ келсе, балаларды тым-тырақай жаппай далаға айдап шығады ғой. „Қонақтар кеткен соң, кіресіңдер„ деп. Тура сол. Астаналықтар сол бала іспетті болды…

Бірақ араға, көп уақыт салмай, тура сол күні тағы бір баспасөз мәслихатында «Астана ЕХРО – 2017» ұлттық компаниясының қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов:

„Біз ЕХРО-ның жабылу салтанатына қазақстандықтардың көптеп келгенін қалаймыз„ деп, құйқылжытты.

Мұны естіген журналистер таң-тамаша дейсің ғой. Әрине, бірауыздан шу ете түсті.

„Сонда қалай? Біреуіңіз бұлай дейсіз, тағы біреуіңіз тағы басқаша айтасыз„ деп жатыр…

Куянов та қарап қалмады. „Мұсаханов оттамасын„ дегенге сай, өз ойын ортаға жая салды.

Сұқ саусағын самайына апарған ол:

„Біз мұны, ең бірінші, өз еліміз, өз азаматтарымыз үшін жасап жатырмыз. Келсін, көрсін, тамашаласын!

Ал Мұсаханов ақылының тасығанынан емес, өз жұмысын қалай жеңілдетудің амалын іздеп, айтып отыр. Әйтпесе, оны басқаша қалай түсінуге болады? Адам жоқ, демек, проблема жоқ деп тұр ғой ол.

Әрине, тікелей эфирден көрсетеміз. Бірақ бізге қазақстандықтардың осында келіп, салтанатты өз көзімен тамашалағаны керек. Полициядағылардың міндеті өз өмірін немесе жұмысын жеңілдету емес, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін ұмытпалық„ – деді.

Енді бұларға Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев не дер екен?.. Бастарынан сипай қоймайтын шығар, әрине…

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз