Нұр-Сұлтан
Қазір
0
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

“Осы жолы бәрі бітеді”. Сарапшы Ресейге салынатын санкцияның сұмдық құпиясын ашты

156

Өз сұқбатында маман, алдымен, доллардың қымбаттауына қатысты пікірін білдірді.

Санкция салдары…

– Қазір доллардың қымбаттауына нақты экономикалық фактор орын алған жоқ. Оның тек екі жанама себебі бар.

Бірден-бір себебі — Ресейге бағытталған жаңа санкцияның салқыны бұл.

Өйткені теңге орыстың ақшасына тәуелді. Біздің экономикамыз Ресей экономикасына тәуелді дегендей. Ресей экономикасы шындап шатқаяқтайын деп тұр. Демек, ол міндетті түрде Қазақстанға да әсер етеді. Күрт қымбаттау болмас үшін біздегілер де қазірден бастап, алдын ала доллардың басын ақырындап жіберіп жатқан секілді. Бұл — біріншіден.

Екіншіден, Қазақстанның қаржы нарығы өте спекулятивті. Онда спекуляцияға кеңінен жол беріледі. Яғни,

біздің қаржы нарығында нақты экономикалық фактор болмаса да қандай да бір сыбыстарды пайдаланып, шетел валюталары курсын қысқа мерзімге құбылтудан пайда табатындар бар.

 Доллардың 350-370 теңгеге баруы әбден мүмкін

Сондай-ақ Әлихан Қанапия доллардың әлі де қымбаттауы туралы болжамды негізсіз деп санамайды.

– Өйткені Еуразиялық одаққа мүшеміз ғой. Ал санкцияға ұшыраған Ресейдің күні күннен күнге төмендей бермек. Демек, бізді де олар төменге сүйрей береді. Бұл мәселені шешудің ұзақ әрі қысқа жолы бар.

Қысқа жолы — Еуразиялық экономикалық одақтан шығу. Қайтадан Ресеймен арадағы шекараларды жабу.

Бұл теория жүзінде мүмкін нәрсе болғанымен, оны іс жүзінде жүзеге асыру өте қиын. Ресейден құтылсақ, девальвациядан түбегейлі құтыламыз деу де жаңсақтық. Бұл арада халықтың сана-сезімі өзгермей, ештеңе өзгермейді. Адамдар өз-өзіне жұмыс істеудің маңызды екенін түсінуі шарт. Орта және шағын бизнесті өркендетуіміз керек. Экспортқа не сата аламыз, соны ойлауымыз қажет. Базар, қаржы нарығындағы жағдайларды бәріміз жіті қадағалап, оны оңтайлы пайдаланатын дәрежеге жетуіміз тиіс.

Санкция Путинді кетіріп тынады деген рас па?

„Ал Ресейге салынбақ осы жолғы санкция, алдыңғыларына қарағанда, өзгерек әрі өте қорқыныштысы„ – дейді сарапшы.

– Ресей экономикасы бізден 18 есе үлкен, диверсификацияны жақсы жасағанымен, олар әлі де біз секілді шикізат табысына тәуелді. Ал Ресейге бағытталған санкциялар осы мұнай, газ, қаржы секторын тежеу үшін арнайы жасалған. Соңғы 20 жылдың ішінде, Ресейде жаңа мұнай қоры табылған жоқ. Іске қосылған жоқ. Бәрі Совет кезінде ашылған мұнай қорлары. Запастары азайып барады, керісінше, мұнай өндіру шығыны жылдан жылға қымбаттауда. Ресейліктер мұнайды өндіру үшін өз технологияларының ескіргенін мойындап та жатыр. Бірақ жаңа технологияны сатып ала алмайды. Себебі, санкциямен оған тыйым салынды. Ал қолданыстағы технологиямен 1,5-2 жылға барар, ары қарай тиімсіз, пайда жоқ одан. Демек, Ресей экономикасы құлдырайды, оған сыбайлас жемқорлық жұдырықтың үстіне жұдырық боп тиеді. Оны қойшы…

Мына жаңа санкцияның талабы бойынша әлемдегі барлық қаржы институттары 180 күннің ішінде Ресей шенеуніктерінің шетелдегі жасырын барлық мал-мүліктерінің тізімін жария етуі тиіс. Одан кейін не болады дейсіз ғой. Кезінде, Муамар Каддафиге, Саддам Хүсейінге жасалған секілді АҚШ сол мал-мүліктің барлығын тәркілеуге қол қоюы мүмкін.

Сол кезде Ресейдегі саясаты болсын, экономикасы болсын, барлық жағдай мүлдем өзгеріп кетуі мүмкін. Осы өзгеріс қазір көпті тыпыршытып отырғаны…

Санкцияның қазақ шенділеріне не қатысы бар?

Маман әлемдік қаржы институттары жариялаған Ресей шенділерінің шетелдегі мал-мүліктерінің тізімі ішінде қазақстандық олигархтардың аты аталып жатса, таң қалмайтынын айтады.

– Бұл – Ресейге салынған санкция. Бірақ Қазақстанды да шарпып кетуі ықтимал.

Ресей олигархтарына қарсы жасалып жатқан іс-қимыл қазақстандық олигархтарға да тиіп кетуі мүмкін. Өйткені, қойы қоралас, ауылы аралас елміз ғой.

Еуразиялық экономикалық одақта бірміз. Ресей компанияларымен бірге жұмыс істейтіндер де көп. Ал әлемдік қаржы институттары оны ажыратып отырмайды, Ресей деген атау болса болды, бәрін жария ете беруі мүмкін. Сондықтан осы санкцияның арқасында біздің шенділердің де Біріккен араб әмірлігі, Ганконг, Сингапур, сол секілді Еуропада тығып ұстаған мал-мүліктері су бетіне шығып қалуы мүмкін, – дейді ол.

Коммерциялық банктерге ақша құюды доғарып, мұнай-химия саласымен қашан айналысамыз?

Әлихан Қанапия қаржы институттарына ақша құя бергенше, бір мұнай-химия зауытын салып алған Қазақстанға, әлдеқайда, тиімдірек болар еді дейді.

– … Мұнай дәуірі бітті деп кесіп айту қате деп ойлаймын. Бірақ ел экономикасын оңалту үшін дәл қазір мұнай-химия саласына үлкен инвестициялар салу қажет. Тәуелсіздік алғалы бері, ең құрымағанда, бір мұнай-химия зауытын сала алмадық қой. Өкінішті. Ал соңғы 10 жылдың ішінде басшылары қателігінен орасан шығынға ұшыраған жекеменшік банктерді банкрот қылмас үшін бюджет қазынасынан 10 млрд доллар ақшаны шаштық. Сол ақшаға 3-4 мұнай-химия зауытын салуға болар еді.

Мұнай-химиясымен айналысу — Қазақстанда орын алуы тиіс міндетті үрдіс.

Мәселен, мұнайдың текше метрін 150 доллардан сатып алып жатыр делік, ал мұнай-химия өндірісі болса, онда 1 текше метр мұнайдан алынған өнімді 800-1000 долларға сатуға болады.

Бұл — бір. Онда да, бұл экспортқа қатысты. Ал импорт бойынша сырттан біз алдыртатын мұнай-химия өнімдері бойынша, қаншама миллиардты үнемдер едік. Бұл — екіншіден.

Үшіншіден, қаншама жаңа жұмысшы орыны пайда болар еді.

Маманның пікірінше, мұнай-химия зауытын шетелдік компанияға салдырту керек, ал біздікілер қолынан келмейтінін әлдеқашан аңғартып қойыпты.

– Бұрын отырдық қой, қол жайып сыртқа. Шетелдік бір компания келіп, мұнай-химия компаниясын өзі салады деп. Бірақ ешкім ақша салмады. Демек, шетелдіктерге бұл арада арзанға мұнай сатып алып, оны өзінде өндіріп, одан алынған өнімдерді 8-10 есеге қайта өзімізге өткізген тиімді.

Ендеше, өзіміз жасатайық. Жасатайық дейтін себебім, 3-4 жыл бұрын Қазақстан мұнай-химия зауытын саламыз деп баршаға жар салды. Сол не болды? Түк шықпады, қолдарынан келмеді. Онда шетелдіктерді шақыртып жасатайық, ақшасын өзіміз төлейік. Басқа амал жоқ. Уақытты текке кетірудің қажеті жоқ.

Мұнай-химия саласын стратегиялық бағыт ретінде алып, дамытуымыз керек. Өйтпейінше, болмайды.

Одан соң, ауылшаруашылығын қолдау керек.

Мысалы, мен өз көзіммен көрдім. Алматы облысында 1000 гектар жерге алма бағы салынды. Онда 2,5 миллион ағаш бар. Барлығы тамшылатып суғару жүйесімен жасалды. Сол бақтан жоғары совет заманында салынған бір бақ бар. Ол – 10 гектар, 4 мың ағашы бар. Екеуіне де су бір арнамен келеді. 3 күн біреуі, қалған 3 күн екінші бақ суды пайдаланады. Бірақ екеуінің пайдаланатын су көлемі бірдей. 3-4 жылда әлгі жалғыз бақ Қазақстан импортының 10-15 процентін жауып тұра алады. Айтайын дегенім, Қазақстанда су жетпейді дейміз. Бірақ осы мысалдан көріп отырғаныңыздай, оны жеткізуге болады.

Біздің кәсіпкерлер көп нәрсені өз қолымен жасап жатыр

– Мәселен, соңғы 5 жылдың ішінде Қазақстан жасымықты (чечевицаны) экспорттаушы әлемдегі 5 елдің біреуі болды. Оны өсіру, тіпті, біздің ауылшаруашылығы саласына жат болған. Бірақ диқаншылар нарықты зерттеп, оның керек екенін біліп, тұқымын шетелден алдыртып, өздері өсіріп, шығарып алды. Бұл — көп еңбек. Ақыры, пайдаға шықты, экспорттаушыға айналды. Түркияға, араб елдеріне, Шри-Ланкаға экспорт жасайтын болдық. Керемет емес пе?..

Үкіметтен қандай көмек болды дейсіз бе? Тек біреу-ақ. Онда да лизингке техника алсаң, проценттің тең жартысын субсидиялайды. Болды. Бұл дұрыс емес.

Бидайдың орнына бөтен дәнді-дақылды отырғызу керек. Өсіру, суғаруда бидайды өсіруге кеткен шығынмен бірдей болуы мүмкін, бірақ сатудан табатын пайдасын 4-5 есе көп. Мысалы, бидайдың 1 тоннасы – 150, ал жасымықтың 1 тоннасы – 500 доллар. Зығырдың да 1 тоннасы 450-500 доллар болады. Міне, көрдіңіз бе, қатып қалған нәрсе жоқ. Диқаншылар, ауылшаруашылығы кәсіпкерлері нарықты зерттеу дегенді түсіне бастады. Оны әлі де түсіндіру қажет. Үкімет осындай жағдайда нақты көмек көрсетуі керек.

Бізде қаншама бос жатқан жер бар. Бидай өсірушілер қаншама? Оларға айтып, жағдайды түсіндіру керек. Жаңа дәнді-дақыл тұқымымен оларды қамтамасыз ету қажет. Техниканы лизингке алмай-ақ қой, тегін пайдалана бер деп, тиімді ұсыныстарды Үкімет жасауы керек. Ынталандыруы қажет. Бастапқыда бір лек осылай кетсе, пайда барын біліп алған соң, жұрт өздігінен онымен айналыса бастайды. Құр ұраннан не пайда? Нақты іс болмаған соң…

Мемлекеттік бағдарламалар неге пайдасыз?

Қаржыгер мемлекеттік бағдарламалардың басында жап-жақсы басталып, артынан неге сұйылып кететінінің де құпиясын ашты.

– Біздегі мемлекеттік бағдарламалардың тиімділік танытпай жатуының басты себебі – салық заңындағы тұрақсыздық. Соңғы 10-15 жылдың ішінде, тек қана Салық кодексіне 200-ден аса өзгеріс енгізілген.

Мәселен, бізде ауылшаруашылығын қолдау үшін бір бағдарлама жарияланады. Жақсы бағдарлама. Жүрегің жылып қалады. Арнайы заң шығады. Бірақ 1,5 жылдан соң, әлгі заң өзгеріске ұшырайды. Салдарынан бағдарламаның ықпалы нашарлайды.

Осындай тұрақсыздық болып тұрған кезде шетелден немесе қазақстанның өз ішінен инвестор тарту өте қиын.

Ең басты себеп — заңдағы тұрақсыздық.

Неге Шеврон осы күнге дейін Қазақстанда тұрақты жұмыс істеп келе жатыр? Өйткені олар келе салып, 90-шы жылдары өздері үшін заңды тұрақтап, келісімшартпен бекітіп алды. 40-50 жылға өзгермейтіндей етіп, Қазақстан үкіметімен қол қойысып алды. Бітті. Үкімет енді оны бұза алмайды. Неге мұндай жағдай Шевронға ғана жасалады? Өзіміздің қазақстандық инвесторларға, кәсіпкерлерге сондай тұрақты жағдай неге жоқ?..

Жемқорлар заңды ойыншық қылып алды

Ал заңға жиі өзгерістің енуін қаржыгер сыбайлас жемқорлықпен байланыстырады.

– Бұл басшылыққа келген шендінің жеке амбициясы деп есептеймін. Барлығы бір жаңашылдық енгізгісі келеді. Мұндайда оларға тізгін бола алатыны — ҚР Президенті әкімшілігі. Олар айтуы керек, министрлерден тұрақтылықты талап етуі тиіс. Оған қоса, жемқорлықтың бір әсері бар. Қазақстанда, өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық деңгейі өте жоғары.

Мен өзім шетелдік банкте істедім. Олар біздің нарықтан кетіп тынды. Себебі сыбайлас жемқорлық қауіп-қатері өте жоғары. Қазақстандағы таза емес ақшамен байланысып, ертең миллиардтап айыппұл төлейтін жағдайға ұшырағысы келмеді олардың.

Адал инвесторларды бізден үркітетіні — осы жеморлық деңгейі.

Заңды өзгертіп жатқанда, байқап қарасаңыз, біреулердің жеке мүддесін көресіз. Демек, ақша берген. Заңды өз жамбастарына оңтайлы ету үшін. Лобби дегеніміз сол.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз