Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыс аумағында 2016 жылы әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін пайдаланып қоқан-лоқы көрсету бойынша 5 деректің бетін ашты.
Оңтүстікте кейбір теріс пиғылды адамдар, өзінің құрбанын алдын ала көздеп, онымен әлеуметтік желі арқылы танысып, жеке мәліметтері мен фотосуреттерін қолға түсірген соң, қомақты қаражат талап еткен.
Мәселен, өткен жылдың соңында Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасына 26 жастағы бойжеткен хабарласып, танысы өзін әшкерелейтін фотосуреттерді интернет желісіне жүктеймін деп қоқан-лоққы көрсетіп, 800 мың теңге талап еткенін мәлім еткен. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде 1983 жылы туылған жергілікті тұрғынды күдікті ретінде құрықтады. Өз кінәсін толық мойындаған күдіктінің айтуынша, ол осы әдіспен материалдық жағдайын жақсартпақ болыпты. Айғақ зат ретінде ақша, фото және бейнематериалдар тәркіленді.
Аталған жайт Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасының сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізіліміне тіркеліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабымен “Бопсалаушылық” қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүруде.
Интернет желісін пайдаланып бопсалаушылардың арасында тек ер адамдар ғана емес, нәзік жандылар да бар.
2016 жылдың қазан айында полицияға Шымкент қаласының 57-жастағы тұрғыны келіп, танысы оны әшкерелеуші мәліметтерді әлеуметтік желілерге жүктеймін деп қорқытып, жәбірленушіден 100 мың АҚШ долларын талап еткенін айтты. Аталған жайт сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізіліміне тіркеліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабымен “Бопсалау” қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер ақша алу кезінде Шымкент қаласының тұрғыны 1987 жылғы бойжеткенді қолға түсірді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүруде.
Оңтүстік полицейлері, тұрғындарды көшедегі немесе әлеуметтік желі арқылы кездейсоқ таныстықтарда өте сақ болуға, “бопсалаушылар” мен “қорқытып алушылардың” құрбаны болудан сақтануға шақырады. Егер де осы тектес қылмыстардың куәсі немесе құрбаны болсаңыз полицияның “102” шұғыл қызмет желісіне хабарлау қажет.