Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Өндірістік революциялық ортақ жобаларды Қазақстанда іске асырамыз – Назарбаев

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев Германия басшысының ресми сапары екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың 25 жылдығымен тұспа-тұс келгенін ерекше атап өтті.

“Бүгінде біз стратегиялық әріптестер деңгейіне шығып отырмыз. Біздің байланыстарымыз саясат пен экономиканың біраз салаларын қамтиды. Германия – Қазақстанның сенімді досы әрі басты әріптесі. Елімізде неміс капиталы бар 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Соның арқасында экономикаға 4 млрд доллардан астам тікелей инвестиция құйылды. Біз германиялық бизнестің Қазақстанның индустрияландыру үдерістеріне қатысу жайын да талқыладық. Біз алғаш рет Төртінші өндірістік революция саласындағы ортақ жобаларды Қазақстанда іске асырамыз”, – деді Назарбаев.

Президенттің айтуынша, алдағы уақытта шикізаттық, өндірістік және теxнологиялық ынтымақтастық келісіміне баса назар аудару қажет. Бұдан бөлек, маман даярлау, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік пен транзит саласында әріптестікті жалғастыра беруіміз керек.

“Қазақстандағы жекешелендіру аясында бірлескен жұмысты да күшейту қажет. Біздің географиялық жағдайымызды ескере отырып, Қытайдан Германияға құрлық жолымен тасымалданатын жүктерді Қазақстан арқылы жеткізуге күш саламыз. Үкіметаралық комиссия мен іскерлік кеңестің де рөлі зор. Бүгінгі отырыс барысында 20-ға жуық келісімге қол қойылды. Ол келісімдердің жалпы соммасы шамамен 1 млрд долларды құрап отыр”, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Ақордада өткен келіссөздер кезінде екі елдің саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы жан-жақты талқыланды. Украина мен Сирия мәселесі де тыс қалмады. Осы орайда Германия басшысы Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанның Сирия мәселесін реттеу жолындағы ерең еңбегін жоғары бағалады.

“Қазақстан осы өңірдегі тұрақтылықтың тірегі болып табылады. Қазақстан тәуелсіз және өзіне сенімді мемлекет. Президент мырза, Сіз өңірдегі тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін ядролық қарудан бас тарту шешімін қабылдадыңыз. 25 жыл бойы Сіз жоғары дипломатияға ұмтылып, көрші мемлекеттермен мүдделер тепе-теңдігін сақтауға тырысып келесіз. Сіз әлемдік саясатқа да белсене араласасыз. Мұны Сирия мәселесі бойынша келіссөздерге қатысты айтуға болады”, – деп атап көрсетті Штайнмайер.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз