Нұр-Сұлтан
Қазір
0
Ертең
8
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

“Оңбаймыз…”. Талғарда туберкулезбен ауыратын сәбилерге арналған емханада бай балалары демалған

100 балаға арналған шипажайда үнемі орын тапшы болып, ата-аналар науқас сәбилерін айлар бойы мекемеге орналастыра алмаған. Ал балабақша басшылығы келген адамға кезек күткеннен басқа амалдары жоқтығын қадап айтып отырыпты.

Санаторлық балабақшаға бірталай адам сарғайып кезекке тұрған екен. Бірақ кезек сол күйі жылжымаған соң, көпшілігі прокуратураға шағымданған.

Шикіліктің шетін сезген құзырлылар былтырдан бері мекемені тексеріске алып, талай былықты әшкере етіпті.

Сөйтсе, сырқат балалар жатуы тиіс шипажайда бай-бағландар мен шенеуніктердің сау балалары тынығып жатыпты. Оларға бес уақыт тегін тамақ беріліп, бар жағдайлары қазынаның қаржысы есебінен жасалып келіпті.

“Соңғы 2 жылда аталған «Айналайын» балабақшасында 100-ден аса балаға туберкулез ауруынан емдеу жұмыстары жүргізілген. Олардың анализдерін тексеру кезінде 92 баланың орталыққа заңсыз орналастырылғаны белгілі болды.

Заң бойынша, бұл мекемеде түберкулезбен ауыратын, осы дертпен сырқаттанған адаммен қарым-қатынаста болғандар және емделіп шыққан балалар сауықтырудан өтуі тиіс болатын. Бірақ біз онда жатқандардың арасында шенеуніктердің, тіпті кәсіпкерлердің де балалары барын білдік”, – деді Алматы облысы Талғар ауданының прокуроры Бақұстар Қыдырбаев.

Былтырдан бері құзырлылардың соңдарынан шам алып түскенінен сескенген балбақша басшылығы жыл басында өздерінің қаулысын шұғыл өзгертіп үлгеріпті. Олар «шипажайда бос орын қалса, түберкулезбен ауырмайтын балаларды да жатқызуға болады» деген құжат дайындаған.

Сөйтіп, прокурорлардың соңғы тексерісі кезінде орталықта 60 бала жатқан екен. Барлығы да санаторлық емге еш мұқтаж болмапты. Қазір тегін тамақ ішіп, шипажайда заңсыз жатып келген бай балаларының барлығы үйлеріне кеткен.

Орталықта тек 13 бала ем қабылдап жатыр екен. Дегенмен, балабақша ұжымы бұрын-соңды орын тапшылығы болды дегенді жоққа шығарып отыр.
Былықтары әшкере болған соң, басшылық бірден шикілікке қатысы бар балабақшадағы медбикені қызметінен босатыпты. Ал меңгерушісі еңбек демалысына кеткен.

Содан бері бұл жердегі балалар 1 ай көлемінде қараусыз жатыр екен. Өйткені, жұмыстан қуылған медбикеден басқа науқастардың денсаулығына ешкім жауапты емес көрінеді.

Құзырлылардың тексерісінен соң аудандық ауруханада отырып жалған анықтамамен балабақшағаға жолдама берген дәрігер де жұмысынан қуылды. Оның үстінен жалған құжат жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалған.

Қазір прокурорлар қатаң сөгіс естіп, шұғыл еңбек демалысына кеткен балабақша меңгерушісінің үстінен де қызметін асыра пайдаланғаны үшін іс қозғамақ. Тергеу біткен соң, материал жақын күндері сотқа жолданады.

Дереккөз: sn.kz

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз