Қазақстанның оңтүстік бөлігінде тұратын адам Өскеменнің бал экспорттаушысын 100 мың АҚШ долларына алдап кеткен. Ер адам аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деп танылып, сот шешімімен бас бостандығынан айырылды.
Оқиға 2019 жылдың көктемінде басталған. Өскемендік кәсіпкер балды қайта өңдеуге арналған жабдық сатып алғысы келіп, Қытайдағы іскер серіктесінің көмегімен қажетті техниканы табады. Серіктесі алдын ала төлемді танысы арқылы жіберуді ұсынады. Ол Қазақстанда тұратын азамат. Ол Өскеменге келіп, кәсіпкерден 100 мың доллардан астам қаражатты қолма-қол алған. Сенім ұялату үшін ол қытайлық делдалмен бейнеқоңырау арқылы сөйлесуді ұйымдастырған.
«Ақша Қытайдағы делдалға жетпеген. Ер адам бұл соманы өз қалауынша жұмсап, кейін мүлдем байланысқа шықпай қойған», – делінген сот материалында.
Оның қайда екені ұзақ уақыт бойы белгісіз болған. Сотта айыпталушы кінәсін мойындамаған. Ол өз әрекетін отбасылық жағдайлармен және арадағы делдалдан рұқсат алғанымен түсіндірмек болған. Тергеу барысында қолхаттар, аудио-видео жазбалар мен куәгерлердің айғақтары ұсынылған.