Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

«Олжас Сүлейменов – өте трагедиялы тұлға» – Айдос Сарым

256

Сұхбат былай өрбіген екен:

– Айдос мырза, бүгінгі қазақ – жаңа қоғам латын әліпбиіне көшуге дайын ба?

– Менің ойымша, бүгінгі қазақ қоғамы жаңа әліпбиге көшуге іштей дайын. Азын-аулақ қарсы пікір айтушыларды есептемегенде, қазақ қоғамында латын графикасына көшу туралы қоғамдық консенсус, ұлттық мәміле бар. Әсіресе, жас буын арасында. Қарсылық танытып, қарсы шығушылардың дүйім көпшілігі негізінен Совет заманын көріп қалғандар. Олардың өзін де бірнеше топқа бөлуге болатын шығар.

Бірі – қазақ тілінің болашағына, оның мемлекеттік тіл ретінде дамуына алаңдаушылар. Бұлардың уәждерін адами тұрғыдан ұғынуға, түсінуге де болады. Себебі көңілдері мен алаңдаушылықтарының артында қитұрқы дүние немесе басқа мемлекеттің мүддесі тұрған жоқ.

Тағы бірі – латын қарпіне қарсы шығу арқылы билікке сес көрсеткісі келеді, осы арқылы жалпы өзінің оппозициялық көзқарасын ұғындырып жатады. Қысқасы, бұл олардың жалпы билікке сенбеушіліктерінің сублимациясы.

Жалпы, табиғаты қисық-қыңыр, ауыз өзімдікі, айтуым керек дейтін де ағайындарымыз жоқ емес. «Мықты болсақ, түркі руналарына өтелік!», «Қайтадан арап қарпіне көшелік» деушілерді де өз басым осы топқа жатқызамын.

Бұлардан бөлек те бір топ бар. Оларды топтастырып «еуразияшылдар», шыны – «ресейшілдер» деп айтуға толық болатын шығар. Бұлардың ойы мен ойыны айдан анық.

Мақсаты — қазақты Ресейдің уысынан шығармау, орыс әлемінің ішінде баяғы отарлық ұстында ұстап отыру.

Бірі – осыған имандай сеніп сөйлейді, екіншісі – нақты тапсырыспен, нақты орталықтардың тапсырмасымен әңгіме көтереді.

Қазаққа басты қауіп осылардан.

– Түсінікті. Ал латын қарпіне өту үрдісі қаншаға созылу керек деп ойлайсыз?

– Дана халқымыз «Шешінген судан тайынбас», деген ғой. Латын қарпіне өту туралы әңгіме бүгін туындаған жоқ. Қазақ қоғамы бұған іштей дайын отыр. Мәселе тек осы үрдістің философиясы мен идеологиясын анықтау, әдістемесі мен іске асыру жолдарына тіреліп тұр. Қалай болғанда да мынаны ұғынып алғанымыз дұрыс.

Жаңа әліпбиге өту – үлкен ұлттық нартәуекел. Жаңа әліпбиге көшу – ұлы өркениеттік таңдау,

бәлкім тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарының ең тағдырлы, ең ғаламат саяси-символикалық таңдауы шығар.

Бұл, шындап келсек, қатардағы науқан немесе кезекті үкіметтік «әләуләй» емес. Бастасақ, қайта орала алмайтын, жарты жолдан қайтып кететін той-томалақ емес.

– Жақында ғана белгілі ақын Олжас Сүлейменовтың латын әліпбиіне көшу мәселесіне қарсы шыққан бір сұхбатын көзім шалып қалды. Сүлейменовтің осынша шала бүлінуінен қандай да бір саяси астар іздеуге бола ма?

– Сіз ол кісінің бір ғана сұхбатын айтып отырсыз. Шын мәнінде, осы екі айдың ішінде бұл ағамыз оншақты сұхбат беріп тастады. Бұл, шынын айтайық, аянышты жағдай.

Ядролық қару технологияларында «Өлімнің алақаны» деген ұғым бар. Яғни, екі мемлекет бір-бірін ядролық қарумен бомабалап жатқан кезде, ұтылып жатқан ел осы «Өлім алақанын» іске қосады.

Оның мақсаты – өзі жойылып кетсе де, барлық ядролық потенциалымен жауды да өзімен бірге ала кету.

Олжекеңнің латынға қарсы шабуы – жас буынды тұншықтырып, кеңірдегінен ұстап, болашақ ұрпаққа қарсы қолданылып жатқан сол «Өлім алақаны». Өзі құрдымға кетіп бара жатса да, жаңа ғана еркіндік алып, енді ғана тарихи руханиятымен танысып, жаңа рухпен тыныстап жатқан ұрпақты өзімен бірге алып кетуге тырысқандай әсер қалдырады.

Олжас Сүлейменовтың әрбір сұхбатын өз басым осындай отарлық «Өлім алақаны» технологиясымен салыстырамын.

Мынаны баса айту қажет:

Олжас Сүлейменов – өте-мөте трагедиялы тұлға.

Бұндай типаждар патша заманында да, совет заманында болған. Бірақ оның дәуірі мен дәулеті өтіп кетті. Қалай өтіп кеткенін өзі де байқай алмады. Біресе мәңгіп жүрді, біресе ләйліп жүрді, талай жыл шетелде елші болып жүрді. Осы арада елінің, қоғамының қалай өзгеріп, қалай дамып кеткенін өзі де түсініп, сезініп, ұқпай қалған болар деп санаймын.

Сонысымен қоймай, өзіне жат, өзін жақсы көрмейтін, сыйлай бермейтін қазақ жастарын, жаңа қазақ ұрпағын, Тәуелсіздік ұрпағын қайтадан өзіне әбден жатық, түсінікті «орыс-қазақ», «орыс-түркі», «еуразиялық» кеңістікте қалдырғысы келеді. Орыстілді аудитория «Олжас! Алжас Амарович!» деп арқасынан қағып, көсем қылған сайын есіріп, адуындап бара жатқандай.

Ең өкініштісі,

орыстілді билігіміздің өзі де осыған көп сеп болады – классик ақын, қайраткер деп қолтығына су бүркиді.

Семіздікті қой ғана көтереді, онда да қойдың қарасы, деген қазағым “қандай көреген халық екен” деп, қайран қаламын кейде!

Осы ағамыздан көсем қылғанды қойып, әрбір айтқанын пайғамбардың хадисіне теңестіргенді қою қажет. Айтқысы келсе, айта берсін, бірақ оған да тиісті бағасын беріп отыру керек.

Ақын деп жүргеніміз бүгінгі Олжас емес, кешегі Олжас. Оның соңғы рет өлең жазғанын көргендер бүгін зейнетке шығып жатыр, керек десеңіздер!

Қазір ол қатардағы қоғам қайраткері, онда да Ресейдің сойылын соғып, орыстілді саясатты жүргізіп отырған қайраткер.

Мен де, сіз де, оның аузына қақпақ бола алмаймыз, алайда оның әрбір сөзіне үңіліп, ду қол шапалақтап жатудың еш қажеті жоқ.

Мен осы Олжекеңе қатысты бұрын да екі мысал келтіріп едім.

Біріншісі. Біз бүгінде түн уақытында далаға шығып, жұлдыздарға қараймыз. Біздің көріп отырғанымыз ықылым заманда өліп кеткен алыс ғаламдардағы жұлдыздардың сәулесі. Бізге жетем дегенше, сәуле шашқан әлгі жұлдыздар өліп кеткен. Сүлейменовтікі де сол сияқты. 1960-1970-ші жылдардағы жетістіктері мен өлеңдерін әлі саудалап жүр, қазір кім екенін түсінуден де қалдық. Ақын ба? Өлең жазсын. Себебі ақынның ұлт алдындағы бір ғана миссиясы бар:

ол – ұлт рухын көтеретін, адам этикасы мен эстетикасын жаңартатын жақсы, сапалы өлең жазу.

Ғалым ба? Онда ғылыми негіздерге сүйеніп айтсын. Себебі Олжастың көптеген жазбаларын өз басым ғылым емес, саяси-филологиялық публицистикаға жатқызамын. Әрбір елде ондай «ғалымдардың» саны көп, дорбасы жүз теңгеден сатылып жатады. Анатолий Фоменко, Лев Гумилев, Александр Дугин сияқты еуразияшылдардың бірі ғана.

Қайталап айтамын, бұлар ғалым емес,

Ресей империясының диірменіне су тасып (саналы-санасыз) жүрген саяси идеологтар.

Бұлардың бірі де қазақтың жайын ойлап, күйін күйттеп жүрген жоқ. Қазақты тек Ресеймен бірге, Ресейдің қол астындағы халық ретінде ғана көретін өткелең уақыттың базардан қайтқан персонаждары.

Екіншісі былай.

Мысалы, бір адам көшеде келе жатып, екінші қабатта үйдің отқа оранып, ішінде балалардың тұншығып жатқанын көріп қалды делік. Бірден, ойланбастан терезеге секіріп мініп, өрттен үш баланы алып қалды делік. Оны жұрт марапаттайды, құрметтейді, «батырсың» деп мақтап, көкірегіне салпыншақ тағады.

Артынан, бір-екі жыл өткен соң, әлгі батырымыз ішіп алып, басқа көшедегі кәмелетке толмаған баланы зорлап кетсін делік. Сонда жаңағыны не деуіміз керек? Батыр ма, әлде педофил ме? Қайсысы басымырақ? Батырлығы ма, әлде педофилдігі ме?

Сол сияқты,

Олжас Сүлейменовке әке-шешеміздің кезінде құлай сүйген, махабатқа толы көздерімен емес, ұлттық мүдде мен ұлттық миссияға адалдығы тұрғысынан қарайтын кез келді.

Әрине, жаңа замандағы позиция тұрғысынан.

– Сүлейменовтың соңғы кездердегі ұстаным-пікірлері халық наразылығына жиі ұшырап жүр. Бұның бір себебі: «қазақылану процесінің» қарқын алуынан оқырманы жоғала бастаған Олжас ақынның ішкі қарсылығы деп ойламайсыз ба?

– Қоғам да ақымақ емес қой енді. Бүгінгі күні Олжастың өткен ғасырдағы өлеңдерін тамсана оқып, жаттап жүрген қазақ жастарын өз басым көрген емеспін. Болашағын ойлағаны шын болса, қазаққа жаны ашыса, қайдағы жоқ лингвистикалық фантастикамен емес, өз өлеңдерін қайта жарияламай ма?

Қадыр Мырза Әли ағаларымыз бастап, аударған дүниелерін қайтадан қалпына келтіріп, өңдеп, қайта жарияламай ма? Егер, әрине, мақсаты қазақтың жадында, тарихында қалу болса. Ал әрбір айтқанымен, дүңк еткізіп бал ашып, жауырыншылағанымен бүгін Олжас ешкімді иландыра алмайды.

Бүгінгі қазақы ортада әп-әдемі Олжас атын «А» әрпінен бастап, келеке етілетіні де тегіннен емес шығар. Жақсы қартаю, ақсақал болу да өнер екен. Адам ретінде Олжасқа айтарым бір: құдай жас берсін, денсаулық берсін!

Бірақ, саясаткер, идеолог ретінде өз басым Олжасты құрметтемеймін, құрметтей алмаймын.

Оның саяси ойыны мен «тәуелсіздіктен – өзара тәуелділкке ұмтылу қажет» деген сипаттағы былапыт, таяз конструкцияларынан жұрт шаршаған сияқты.

– Сіз бір сұхбатыңызда, «әліпбидің өзгеруі – бұл тағдыр таңдауы секілді» депсіз. Әрине, бұл мәселеде әртүрлі бағыт ұстанушылар көп. Ойлар да екіұшты болып көрінеді. Ашығын айтыңызшы, бұл өзгеріс сәтті жүзеге асса, қоғамның жеңісі деп қабылдаймыз ба, әлде саясаттың жемісі деп қабылдаймыз ба?

– Ол ұлттың жеңісі болсын! Қазақтың жеңісі болсын! Біздің буынның мақсаты, қайталайын, қазақ тарихына ену емес,

қазақты Ресей тарихы аясынан шығару, қазақты қаратүнектен тәуелсіз тарих даңғылына шығару.

Мақсат – жаңа келе жатқан Тәуелсіздік ұрпағының жолын ашу, тазарту, алдына асфальт болып төселу.

Кім жеңді, кім жеңілді деген жеңілтек бухгалтерияның бізге қажеті жоқ.

– Тәңір тура жолдан тайдырмасын! Рахмет!

Әңгімелескен: Шерхан Талап, Ұлт порталы

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз