Нұр-Сұлтан
Қазір
13
Ертең
15
USD
482
0.00
EUR
532
0.00
RUB
5.07
0.00

“Өлтіріп, мүрдесін тыққан”. Депутаттар қорғансыз жандарға қырғидай тиген бұрынғы полицейлерге қатаң жаза талап етті

Депутаттар Үкіметтен осы қылмысқа қатысы барлардың барлығына қатаң жаза кесуді сұрап, одан бөлек қылмысты әбден зерттеп, жеке адамдар туралы мәлімет базасының қауіпсіздігін күшейтуді талап етуде деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

Қандықол қарақшылардың осындай 45 қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін екен, яғни бұл әбден қалыптасқан жүйелі дүние. Сондықтан оны тамырымен қопару аса қажет.
Қылмыс әлемінің беделдісі басқарған 20-дан астам қарақшының ішінде бұрынғы полицейлер мен нотариустар бар болып шықты. Қазірдің өзінде тергеушілер олардың із-түзсіз жоғалып кеткен төрт адамның пәтерлерін заңсыз иемденіп, сатып жібергендігін анықтаған.
“Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері
қауқары шамалы қарт кісілерді аңдып жүріп, ұстап алып, тұрып жатқан жеке меншік пәтерлерін өздерінің аттарына мұра қалдыру туралы жазбаша өсиетке ұрып-соғып қинап, қол қойдыртып, өз орталарындағы нотариустар арқылы заңдастырып алған соң оларды өлтіріп, мүрделерін жасырып келген көрінеді.
Осы бұрын-соңды құлақ естімеген сұмдық қылмыс туралы хабардан қазақстандықтар жағаларын ұстап, әлеуметтік желілерде өздерінің орынды ашу-ызасын білдіруде және қамауға алынған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне барынша қатаң жаза белгілеуді талап етуде”, — деді Мәжілістің жалпы отырысында депутат Кәрібай Мұсырман.
Осындай масқара қылмысты алдағы уақытта болдырмау мақсатында депутаттар өз ұсыныстарын дайындаған.
“Бірінші, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, Алматы қаласындағы жоғарыда айтылған айуандық қылмыстардың орын алу себептеріне талдау жасауы және соның негізінде жалғызбасты қарттар мен мүгедектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың мүліктерін басқа адамға мұраға беру туралы өсиетке зорлық-зомбылықпен қол қойдыру және қасақана өлтіру жолымен заңсыз иемденуге жол бермеу шараларын қарастыруға тиіс.
Екінші, қылмыскерлердің жалғызбасты қарт адамдар мен мүгедектердің мүліктері туралы ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігін шектеу шараларын қарастыру қажет.
Үшінші, Ішкі істер министрлігі бұрынғы полиция қызметкерлерін ұйымдасқан қылмыстық топқа кіруге не итермелегендігін анықтауы және ондай себептерді болдырмауға бағыттлаған ықпалды шараларды қолдануы, сондай-ақ полицияның жеке құрамы арасындағы тәрбие жұмыстарын күшейтуі тиіс”, — деді Мұсырман.
Бұдан бөлек, депутаттың айтуынша, Әділет министрлігі нотариустардың жасаған нотариаттық іс-әрекеттерінің заңдылығын және іс-жүргізу ережелерін қатаң сақтауын бақылауды күшейткені жөн.
Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз