Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
-3
USD
447
-1.37
EUR
482
-1.65
RUB
4.84
-0.02

Олимпиада балалық шақтан басталады

232
Сурет: olympic.kz

Елімізде айтулы күн осымен 27-ші рет тойланады деп хабаралайды Olympic.kz. Халықаралық Олимпиада күніне орай Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті бірнеше бағдарлама ұйымдастырады. Коронавирус пандемиясына байланысты барлық шара онлайн форматта өтеді.

«Биыл белгілі себептерге байланысты Олимпиада күнін мерекелеу онлайн режимінде өтеді. Тек қана бізде емес, бүкіл әлем бойынша мерекені онлайн форматта атап өтеді. Осыған орай, Қазақстан ҰОК екі апталық интерактивті онлайн-марафон ұйымдастырады және аталмыш бастаманы барлық қазақстандық қолдайды деп сенеміз. COVID-19 пандемиясы кезінде біздің негізгі міндетіміз – спорт дегеннің сіз бен бізден тұратынын, салауатты өмір салты мен жарқын болашақ екенін еске салу. Қазіргі таңда әлем бойынша күн тәртібінде спорт тұстастығы мәселесі басты орында тұр. Олимпиадалық және жоғары жетістіктер спортты бұқаралық спорттан, соның ішінде, балалар спортынан бөліп жаруға болмайтынын түсіну керек. Чемпион болу балалық шақтан басталады. Біз бүгін Олимпиадашыларымызбен бірге болашақ чемпиондарға көңіл бөлеміз», — деп атап өтті Қазақстан ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков.

Бас хатшының сөзінше, Олимпиада жеңісіне деген құштарлық балалардың кішкентай кезінен басталады. Балалық шақтан жеңіске деген құлшыныс оянып, Олимпиадашының негізі қаланады. Мәселен, барлық Олимпиада чемпионы немесе жүлдегерлерін алып қарайтын болсақ, олар кішкентай кездерінен спортшы болуды, жеңіске жетуді қалаған. Олардың бала армандары орындалып, үміт пен сенімі ұштасып жеңіске жетелеген. Ерінбей еңбек еткен сәттері туралы үнемі, үздіксіз мақтанышпен айтуға болады. Олимпиадалық спорт түрлерінен ұлттық құрама командаларын дайындайтын Қазақстан ҰОК Олимпиада күні тақырыбын осыған арнайды.

«Бала арманы адамды ешқашан алдамайды, адастырмайды. Кішкентай кезімнен спортшы, соның ішінде жеңімпаздар қатарынан табылғым келетін. Балалар арасында алысып ойнап жүргенде-ақ жеңілу шамыма тиетін. Ауладағы кез келген биік тұғырды жеңіс тұғырына балап, өзімді кәсіби спортшы ретінде елестететінмін. Осылайша, спорт – менің бір бөлшегіме айналды. Мендегі кіршіксіз сенім өміріме жарық сәуле шашып, жол сілтеп, үлкен спортқа алып келді. Өскенде кім болғыңыз келетінін шеше алмасаңыз, бір сәтке балалық шағыңызға көз тастап, арманыңызға ерік беріп көріңіз. Маған сеніңіз, түйсік алдамайды. Осындай бала арманның жетегінде спортқа саналы түрде келгенімді ешқашан жасырмаймын. Сондықтан, бізге қарап кімде кім өмірін спортпен байланыстырғысы келсе, мен үшін өте қуанышты жағдай болатын еді», — дейді Елдос Сметов.

«Біз, Олимпиадашылар өскелең ұрпақ, жас спортшылар үшін үлгі екенімізді өте жақсы түсінеміз. Олимпиада күні – спортқа енді қадам басқан жас буын, жанкүйерлер мен жанашырларымызбен тілдесуге таптырмас күн. Біздің кездесуімізден кейін кішкентай бүлдіршендердің спортқа қызығушылығы оянып, спортпен өмірін байланыстыратындар саны арта түседі деп ойлаймын. Себебі, спорт мықты болуға, еңбекқор, табанды және де ең бастысы денсаулығының жақсы болуына көмектеседі емес пе?!», — дейді Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин.

Олимпиада күнін тойлау аясында балалар арасында сурет салу байқауы өтеді. Сонымен қатар, YouTube желісінде атақты спортшылармен онлайн жаттығу өткізіледі. ҰОК пен ЮНЕСКО-ның бірлескен жобасы барысында Олимпиада чемпиондары мен ерекше балалар арасында кездесу ұйымдастыру да жоспарланған.

Сонымен қатар, біз #teamKZ жанкүйерлеріне әлеуметтік желілерді мұқият қадағалап отыруға кеңес береміз. Онда ҰОК-тың естелік сыйлықтарын жеңіп алуға болатын бірқатар викторина басталады. Викторина 23 маусымға дейін жалғасады.
Еліміздің олимпиадалық отбасы аталған мерекеге белсенді қатысуға және жаһандық олимпиадалық қозғалысқа қосылуға шақырады. Біз үлкен спорт әрқашан кішкентай жеңістерден, болашақ жас чемпиондардың жеңістерінен басталатынын ұмытпауымыз керек.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз