Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
4
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

“Өлгім келеді. Әке-шешем мені ер балаша өсірді” — ауылдың бір қызы

1087

Әттең, өзімді қызбын деп айта алмаймын. Қате түсініп қалмаңыздар. Мені анайы жағын айтып тұрған жоқпын. Біреумен жатып, пәктігімді жоғалттым деген өкініш емес.

Мені қинайтыны, дене бітімімнің ер балаға тым ұқсап кеткені.

Үйдің кенжесі едім. Алдымда бес қыз болды. Содан шығар. Әке-шешем өмірге бір ұл келсе деп үміттенді ме, атымды Ұлболсын қойыпты. Рас, менен кейін өмірге тағы бір шақалақ келді. Ол да қыз еді. Бірақ ерте шетінеп кетті.

Бір ұлдың зары өтті ме, білмеймін, әке-шешем мені ес білген шақтан ұл балаша киіндірді.

Солай тәрбиеледі. Мен де соған икемделіп өскен сияқтымын. Ауылда тұрған соң ер балаға тән барлық жұмысты істедім. Отын да жардым, қар да күредім, кірпіш те құйдым. Мінезім де өзгерді.
https://kaz.365info.kz/ojbaj-syjiktim-dep-zhyrgenim-zhynysyn-auystyrgan-erkek-eken-292241
Бүгінге дейін қыз болып көйлек кимеппін. Үнемі ер балаша киініп келдім. Ер балалармен алысып-жұлысып ойнадым. Қара жұмысты көп істегеннен бе, денем ер балаға ұқсап қалды. Шандыр-шандыр. Білеу-білеу. Кейде киім ауыстырып жатып айнаға қарай қалсам, өз келбетімнен өзім шошып кетемін. Балтырым да, саным да буылтық-буылтық бірдеңе.

Дауысым да тым зор. Кішкене кезімде білінбейді екен. Тек былтырдан бастап, өзімнің кескінімнің тым тұрпайы екенін сезіне бастадым.

Туған күн, түрлі кештерде жұрт билеп жатқанда мен төмен қарап, үстел шұқылап отырып қаламын.

Ешкім мені қыз деп биге шақырмайды. Сондайда көз жасыма ие бола алмай қалатын сәттерім көп.

Сондайда «Хақ Тағалла, мені бүйтіп қинағанша, неге ұл қылып жарата салмады екен? Қайран әке-шешем ай, мені ұл қылып киіндіріп, ұлша тәрбиелегенше, қыз қалпымда неге әлпештей бермеді екен» деп налимын.

Бірде бір туған күнде жұрт билеп жатқан соң өзіме ұнайтын бір балаға «билейік» деп ұсыныс жасап едім, ол: «мен гей емеспін, еркекпен билейтін» деп қолымды қағып тастап, өзге қызбен билеп кетті.

Сондағы сыныптастар алдында масқара болғаным, күлкіге қалғаным, сондағы жанымды қоярға жер таппай қиналғаным еш уақытта есімнен кетпес. Өкіріп жылаған күйі үйге келіп, өлейін деп уксусты ішіп салдым. Әйтеуір әпкем көріп қалып қолымнан жұлып алды. Бір ажалдан аман қалдым. Бәрібір ауруханада жарты ай жаттым.

Сыныптастарым жиналып келді. Қолымды қағып тастап, дөрекі сөз айтқан әлгі бала да келді. Кешірім сұрады. «Қалжыңдап едім, бұлай боларын білмедім. Келесі жолы міндетті түрде биге шақырамын» деп жұбату айтты. Кешірдім. Кешірмегенде қайда барамын? Өзім ұнатқан бала ғой. Оның бір ауыз сөзі менің қиналысымды сылып тастағандай болды. Көңілім көтеріліп қалды.

Бірақ ауруханадан шыққан соң бәрі баяғы таз қалпына келді. Мені ешкім қыз бала деп елегісі келмейді. Ер бала деп шетке тепті.

Шашымды өсіріп, ұзын көйлек кидім. Бәрібір бойжеткенге тән бір нәрсе жетпей тұрады.

Денем буылтық-буылтық, дауысым гүр-гүр етеді. Тағы бірнеше рет өзіме қол салғым келді. Бірақ жарық дүниені қимадым.

Құдай қаласа, биыл мектепті бітіремін. Алматыға оқуға барсам деймін. Естуімше, қалада адам жынысын ауыстыратын жер бар дейді.

Ақыры қыз балаға тән еш қасиетім жоқ, сондықтан ер баланың жынысына ауысып алсам ба деп ойлап жүрмін.

Бірақ Құдай қыз етіп жаратқан соң, қыз болып жүре берсем бе, деп те ойлаймын».

Бұл сырды жазған — Айғаным атты қыз. Әлеуметтік желіге ішкі жан-толғанысын жазып, ақыл сұрапты. Оны мен көшіріп алып, ары қарай жалғастырып жатырмын.

Оқырман қауым, сіздер Айғанымға қандай ақыл қосасыздар?

Гүлбаршын Төлешқызы

Фото: көрнекі сурет psyjournals.org.ua
https://kaz.365info.kz/kyjeuim-gejdin-yrgashysy-bolyp-shykhty-250142

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз