Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
6
USD
430
-2.45
EUR
505
-1.23
RUB
5.55
+0.03

«Ол ешқашан ажыраспайды!». Отбасылы жігітпен «жүрген» Айнұрдың оқиғасы

Айнұр оның үйленген, басы бос емес екенін білгенше, өзін бақыттың құшағында жүргендей сезінетін. Оның үстіне, әйелі тұңғышына құрсақ көтеріпті. Бірақ, Айнұрға жақында ажырасатынын айтты.

Оған екіқабат болған соң ғана үйленгенін, сүймейтінін айтып, Айнұрды иландырды. Бірақ үйленген соң, ол сәби шетінеп кетіпті.

«Оны сүймеймін ғой, мен онымен жатпаймын. Арамызда ештеңе жоқ…», «Дүниеге келетін баламыз үшін тұрып жатырмын…». Айнұрдың Нұрболатқа жаны ашыды. Оны өзінен басқа ешкім түсінбейді деп ойлады.

Отбасы бар еркектермен ешқашан қарым-қатынас жасамаймын деп өзіне серт берген Айнұр не істерін білмеді. Сүйген адамында өзінен басқа тағы бір жанның бар екенін сезіну қызғаныш сезімін ұялатты. Нұрболатпен көңіл қосқан екі айдың ішінде оны сүйіп қалған еді. Әр кезде кешкісін Нұрболаттың өзіне телефон соқпайтыны есіне түсті, екі айда демалыс күндері мүлдем кездеспепті де. Осылайша екі ойлы болған Айнұр Нұрболаттың сөзіне сеніп жүре берді.

Ол әйелімен ажырасу туралы сөйлесетін болғанда, құрсағындағы баланың түсік қаупі туындап, ауруханаға түсіп қалыпты. Ол екі ай жатты, ауруханадағы әйелін Нұрболат тастап кете алмады. Айнұр да оған жаны ашып, ештеңе демеді. Нұрболаттың ұлы дүниеге келді. Әйтіп-бүйтіп бір жыл өтті. Сенбі-жексенбі күндері Айнұр үшін азап болды. Екеуі анда санда пәтер жалдап, кездесіп жүрді.

Тойымсыз махаббаттың буына құмарлары қанбай, күн ұзақ екеуі төсектен тұрмайтын.

Жаным кішкене күте тұршы, балам қырқынан енді шықты, біраз аяқтансын. Сосын ажырасамын. Сені ғана сүйемін. Білесің ғой. Әйелім ауырыңқырап жүр, мұндай кезде тастап кеткенім болмас…

Нұрболаттың сөзіне имандай сенген Айнұр әр күнін үмітпен батырып, әр таңын іңкәр сағынышпен атыратын болды. Бір күні ұялы телефонына оның әйелі хабарласты. Кім екенін білгісі келді. Айнұр өткенде сүйіктісіне хабарлама жіберіп еді, соны әйелі оқып қойған ғой, деп ойлады. Айнұр қателестіңіз деп тұтқаны  қоя салды. Біршама уақыттан кейін ұялы телефоны тағы дыңылдады.

Айнұр? Мен Нұрболаттың әпкесімін. Сенде ұят деген бар ма, өзі? Жайына қалдыр, менің інімді. Әйелі бар, баласы бар еркекпен жүргенге ұялмайсың ба?! Ұятсыз! Нұрболат оны жақсы көреді, сүйіп қосылған екеуі. Ажыраспайды ол! Қоймасаң, жұмысыңа барамын!

Айқайлап сөйлеген зілді дауыстан Айнұр қорқып кетті. Кімге сенерін білмеді. «Әпкесі Нұрболаттың көңілінде не болып жатқанын қайдан біледі. Кімді сүйетінін қайдан біледі?». Ертеңінде Нұрболатпен кездескенде ол, «мен әпкеммен сөйлесемін, сені жақсы көретінімді, ажырасатынымды да айтамын», деп иландырып кеткен еді.

Бұл жағдайдан кейін оның туыстары Айнұрды мазалаған жоқ. Бірақ Нұрболат міндетті түрде ажырасатынын, Айнұрмен бірге болатынын, біраз уақыт беруін өтінді. Содан бері және бірнеше ай өтті. Тіпті кездескенде Айнұрдың көзінше әйелі хабарласа қалса, Нұрболат: «не болды сонша, звондай берме! айттым ғой саған киімімді жуып қой», – деп әйеліне дікеңдеп, сұс көрсетіп қоятын. Ондай сәттерде Айнұр телефонның ар жағындағы сүйіктісімен күнде бірге тұратын өзінің күндесін жек көріп, сауап болды, шоқ-шоқ, дейтін ішінен Нұрболатқа риза болып. Ол әйелдің қиналғаны Айнұрды мүлдем толғандырмады, ойландырмады. Басында бір ғана ой болды: «Ол мені сүйеді!»

Ғашығының ажырасатын уақытын күте-күте шаршаған Айнұр бірде Нұрболаттан кетуге бел буып, бір апта телефонын көтермеді. Енді міне, екеуі машинада отыр. Нұрболат Айнұрды қаусыра құшақтап алған. Мойнынан, шашынан иіскеп:

Жаным, сен неге ертерек кездеспедің екен маған. Сендей ешкімді сүйген емеспін. Не деген қатал тағдыр, сенсіз өмір сүре алмаймын. Асылдың анасы сен болсаң ғой, шіркін, үшеуіміз сондай бақытты болар едік. Сенен бала сүйгім келеді. Сен маған туып бересің ғой, иә?

Ертесінде Айнұр жұмыста болғанда Нұрболат түскі уақытта келіп, есік алдына шығуын сұрады. Көліктің артқы орындығында баласы отыр екен. Көліктен шығып, Асылды қолына алып, «мамаға келдік, сенің мамаң, мама, мама де…», деп сәбиді Айнұрдың қолына ұстатты. Бетінен шөпілдете сүйді. Ыңғайсызданып қалған Айнұр не дерін білмеді.

Нұрболаттың кішкентайына деген шексіз махаббатын көрді. Өзінен аумайтын томпиған балдырған көз алдынан кетер емес. Мамасы дегені несі? Сонда балдырғанның өз мамасы қайда қалмақ? Сәбидің кінәсі қанша, өзінде де бала бар емес пе? Әйелінің кінәсі қанша? Ажырасамын деді, баланы өзіме алып қаламын деген жоқ па? Қандай есі дұрыс ана нақсүйеріне кетіп бара жатқан күйеуіне баласын бере салады екен? Ақымақтық, немесе мені ақымақ көре ме? Айнұр бұл сөздердің Нұрболаттың өзін кетіп қалмасын деп, алдарқатып айтқанын түсінді. Әлі де болса бірталай уақыт осындай күйде жүре беру оған ыңғайлы болып тұр. Соңғы айларда қанша рет Айнұр «не істейміз, жаным», деп сұрағанда, Нұрболат кішкене шыда балам кішкене өссін, кішкене шыда жаным, балам бала-бақшаға барсын…», – дейтін.

«Жоқ, бұдан артық шыдай алмаймын. Не ол таңдауын жасасын, не мен кетемін!». Айнұр нақты шешімге келді.

Нұрболат әдетінше, «жаным сәл қалды, күте тұрсаң…», дей беріп еді, Айнұр:

Болды, ештеңе айтпа! Тойдым, балам тусын дедің, балам қырқынан шықсын дедің, балам жүрсін дедің, балам сөйлесін дедің. Енді онда мектепке барсын! Сосын оқуға түссін! Сосын үйленсін! Сосын немересін көріп алайын! Сосын ажырасамын! Нұрболат, жетеді.

Айнұр ашуға булығып, өкініштен күйіп, көліктен атып шықты.

Бұл жігіттің ешқашан отбасынан ажырамайтынын түсінді. Әншейін алдаусыратып, сүйем-күйеммен мұны пайдаланып келген.

Кеудесіне өксік келді. Көшенің ортасына тұрып алып айқайлағысы келді. Бейне бір түстен оянғандай күй кешті. Телефонын өшіріп, жұмысын ауыстырды. Өне-бойын кендеп алған дерттей болған Нұрболатқа деген алабұртқан сезімнен әрең арыла бастады. Үш ай дегенде көңіл жарасы жазылды-ау.

Бірақ, екі жылдай кеткен уақыты, алданған үміті, күте- күте қажыған сенімінің ақталмағаны есіне түссе, жүрек тұсы өкініштен шанши жөнеледі.

Осы оқиғадан кейін бір жыл өтті. Халыққа қызмет көрсету орталығына келген Айнұр кіре берісте шығып бара жатқан Нұрболатты көрді.

Бірақ ол Айнұрдың бетіне бір қарады да ләм-мим деген жоқ, жанынан өтіп кете барды…

Аяжан Төрехан

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2020 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз