Оқуға түсе алмай қалған 21 мыңға жуық мектеп түлегінің басқа да мүмкіндіктері бар. Оларды 321 колледж қабылдауға дайын. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.
Жиында Біржан Нұрымбетов «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты бойынша атқарылатын жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды Baq.kz.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі оқуға қабылданғандарға шәкіртақы, бір мезгілдік ыстық тамақ, сырттан келгендерге жол шығындары мен тұрғын үй жалдау шығындарын өтеу үшін материалдық көмек берілетінін атап өтті.
«Біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесе отырып, осы қысқа мерзімдік оқуды шілде айынан бастап, басым түрде кәсіпорындардың жанындағы оқу орталықтары арқылы ұйымдастыруды бастадық. Себебі мұндай ұстаным – білім беру сапасымен қатар олардың одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыратын көрінеді. Ол үшін кәсіпкерлер палатасымен меморандумға қол қойып, бағдарламаға қажетті түзетулер енгізіліп, жұмыс берушілердің жанынан әзірше 39 оқу орталықтарының тізбесі айқындалды. Бұл тізбе әлі де толығатын болады. Сонымен жыл соңына дейін қысқа мерзімдік кәсіптік оқумен 70 мыңнан астам адамды қамтуды жоспарлап отырмыз», – деді Біржан Нұрымбетов.
Сондай-ақ вице-министр аталмыш мемлекеттік бағдарлама бойынша өңірлер бөлінісінде оқыту қарқыны әр түрлі екенін алға тартты. Мәселен, Алматы қаласында қысқа мерзімдік курстармен жоспарланған көрсеткіштің 10 пайызы, Ақтөбе облысында 18 пайызы, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында 25 пайызға жуығы ғана қамтылған.
Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, қысқа мерзімдік кәсіптік оқуға сәуір айынан бастап 28 мың жұмыссыз азамат қатысқан.