Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
6
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

“Оқты көрдім тереземде жарылған, Отты көрдім керегемде жағылған”: Ақындар жан тебірентер жырларын арнады

351

Көрдім

Оқты көрдім тереземде жарылған,
Отты көрдім керегемде жағылған.

Көкті көрдім найзағайы шағылған,
Көпті көрдім жалаңаяқ сабылған.

Ана көрдім сəбиінен айрылған,
Бала көрдім құсалықтан қайғырған.

Ерді көрдім еңкейгенге қарасқан,
Елді көрдім ынтымағы жарасқан.

Көрген көзім жасқа толды,
Бұладым!
Жылап тұрып жұртқа амандық сұрадым!

Серік Сейітман
24.06.2019 жыл

 

Батырдың ұйқысы

Ер азамат Елдік үшін шынықсын,
Ел қадірін Ер білмесе, кім ұқсын?
Отаным деп отты кешкен БАТЫРЛАР
Жау қайтқанда тыным тауып, тынықсын!

Серік Сейітман
25.06.2019 жыл.

 

Арыс көшіп барады…

Жау жақсы еді атысатын бетпе-бет,
Сақырлаған, мұз құрсанған көкпеңбек.
Жастығымды ала жатар едім ғой,
Келе жатса туған жерге өктемдеп.

Елім аман, жұртым тыныш жатқанда,
“Арыс” көшіп бара жатыр кемсеңдеп.
Кеңес көміп кеткен дүлей ажалдан,
Үркіп-шошып, елге қашан келем деп.

Жанып Арыс жатыр бейне ебелек,
Өз отына өз өртенер көбелек.
Жау жағадан алмай тұрған заманда,
Өз оғымыз жауып жатыр себелеп.

Елдің ішін ойрандаса “ескілік”,
Дінім, тілім тілімделді егіліп.
Бізге жаудың керегі жоқ, білгенім,
Өз мұңымнан өзім өлем көміліп.

Тірі қала айналса егер өліге,
Жүрген кезде тірлік-қамыт жегіліп.
Ұраны көп бұл жалғаннан не пайда?
Жүрген кезде қазақ жасы төгіліп!!!

Ерлан Ібітанов

 

Бізді біреу оята алмай жатқандай,
Бейбіт күнде атылатын оқ қандай?
Бес періште ұшып кетті емес пе,
Ақ матада жарқыраған ақ маңдай.

Бізді біреу оята алмай жатқандай,
Бейбіт күнде жау іргеден шапқандай.
Бұ халықтың басы көрген талайды,
Шоқпарды да, жұдырықты батпандай…

Бізді біреу оята алмай жатқандай,
Су ішінде жанып тұрған от қандай?
Жаза алмайды, сыза алмайды шындығын,
Тіл түгілі тақылдаған жоқ таңдай…

Бізді біреу оята алмай жатқандай,
Жарқ етеді жұлдыз көктен аққандай…
Жеті түнде адаспаған халықты,
Жарық күнде адастырған шоқ қандай!

Алла сабыр берсін! Ана мен бала адаспасын тыныш күнде…

Марғұлан Ақан

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз