Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

«Оған футбол мен секс қана керек». Қақпас шал қандай өзі?

455

Христоны түсінуге болады: Испания чемпионатында легионерлерге шектеу қойылған еді, алаңға бір мезетте үш шетелдік ойыншыдан артық шығаруға болмайтын. «Барсада» бұл үштікке Христо, Куман және Лаудруп кіретін, сондықтан Стоичков Бразилиядан келген қысқа бойлы Ромариоға қатты қарсы болды. Бапкер Йохан Кройф бәрін сабырға шақырды, шетелдік супержұлдыздардың бәріне бірдей мүмкіндік беремін деген уәдесін айтты.

Солай болды да: Ромарио мен Стоичков бір алаңда тізе қосып ойнап, достасып кетті. Бәрі жақсы жүріп жатты. Сол маусымда «Барса» чемпион атанды.

Бірақ Ромариоңыз шатақ адам болып шықты. Басқасын айтпағанда, қызқұмар зинақордың өзі екен. Ромарио туралы өсек-аяңдар Барселона түгілі бүкіл Испанияға тарай бастады.

Біріншіден, Бразилияның жігіті командада тек Стоичков пен Кройфпен ғана сөйлеседі екен. Қалғандарын адам ғұрлы көрмепті. Олардың ешқайсымен амандаспай жанынан өте шығады. Жай футболшылармен сөйлесуді ар санай ма, аузына құм құйып алғандай болып, бөлек барып жаттығуын жасай береді екен.

Екіншіден, Ромарио Барселонадағы қонақүйлердің бірінен даңғарадай бөлмені жалдап алып, күн сайын жезөкшелердің қызығына батады. Жезөкшелермен армансыз жатып жүргенін әйелінен де жасырмайтын нағыз бетсіздің өзі болып шықты. Бір күні Ромарионың бір қызбен өле құшақтасып тұрған суреті журналға да шығып кетті. Оған бас қатырған Ромарио жоқ, жергілікті жезөкшелер мен қыз-қырқын атаулыға маза бермейтін әдетін жалғастыра берген.

Кейде ол аптасына екі-ақ рет жаттығу жасайтын. Кейін жаттығуға келуді мүлдем қойды. Сосын қит етсе Бразилияға барып келе қояйын деп сұрана беріп, қанды ішті. Оның сұрана беретіні туралы ең атақты оқиғаны Йохан Кройфтің өзі былай еске алған: Бірде шабуылшы қосымша екі күн демалыс сұраптыРиодағы карнавалдан құр қаламын, ойбай көке, жібере қойшы, деп жалыныпты. Бапкер оған көнген: тек «Реалға» қарсы алдағы ойында екі доп соқсаң, екі күнге босатайын, деген. Бұған келіскен Ромарио әлгі ойында 47-ші минутқа дейін екі допты соғып тастап, алаң жиегіндегі Йоханға жүгіріп бармай ма: болды, бапкер! Мені ауыстыра ғой, бір сағаттан соң ұшағым ұшады! Кройф оны тыңдамады, нәтижесінде Ромарио сол ойында «Мадридке» үш доп соққан еді.

Әрине, Ромарио қанша талантты болса да, оны бүкіл команда іштей жек көретін болған. Ол өзін басқа адамдардан артық санайтын. Мысалы, «Барселона» матч алдында стандартты түрде қонақ үйге қонып шықса, Ромарио өзінің атақты жеке-дара нөмірінде жатады екен. Тіпті «қызбен жатпасам, ертең гол соға алмай қаламын», деп қорқытқан екен. Мұны Христо Стоичков та растайды. «Ол футбол мен секске ғана қызығатын. «Жүргіштігінің» кесірінен көп бәлеге ұрынатын».

1994 жылғы әлем чемпионатында Ромарио Бразилиямен бірге әлем чемпионы атанды. Бірақ чемпионаттан кейін «Барса» туралы ұмытып кетіп, өзіне ақша төлеп отырған клубқа оралмай қойды. Сөйтсе, латынамерикалық дискотекалардан қолы босамай, келе алмай жүр екен. Шабуылшыны ақыры «Камп Ноуға» алып келді, бірақ бұл ендігі басқа Ромарио еді. Ойнай алмай қалыпты. «Денесі Каталонияда, бүкіл ойы – Риода» болатын, дейді Стоичков.

Ақыры Ромарио «Барселонадан» кетіп, өзінің отанына оралып тынды. Футбол ойнап, жаттығу жасап ит болғанша, қыздармен вечірде билеген мың есе артық, депті.

Йохан Кройф өз кітабында былай жазады: Ромарио бала кезден-ақ футболды бәрінен мықты ойнайтын. Сол себепті оған көп еркіндік берілетін. Ол соған әбден үйреніп алған. Еркіндік жоқ жерге тап болғанда, бірден өзінің Бразилиясын аңсайтын, өйткені ол Бразилияда құдайдай еді.

«Барсадан» кейін Ромарио түк те бітірмеді. Тек талай жылдан кейін «осы мен қанша гол соқтым-ей», деп статистикаға жүгінсе, мың доп соғуына аз-ақ қалыпты. Содан тарихта қалу үшін футболға қайта оралам деп шықты. Ол кезде жасы 40-та еді. Статистиктерге барып, менің жасөспірім кезімде, жолдастық ойындар мен жарнамалық матчтарда соққан, есепсіз, елеусіз қалған голдарым туралы ақпарат тауып беріңдер, деп жалынды. Ол аздай, голдарын мыңға жеткізу үшін екі клубтың құрамына бірдей кіріп алып, Бразилия мен Австралияның арасында талай шапқылады.

Ақыры голдарын мыңға жеткізді, бірақ ФИФА бұл рекордты мойындамай қойды – ол жерде ақымақтар отыр деп кім айтты? ФИФА-ға қолын бір сілтеген Ромарио «мың гол соққан футболшымын» деп өзін-өзі жариялап тастады. Сосын көзі тірісінде Риода өзінің ескерткішін де орнатып қойды. Өзі кішкентай бойлы болса да, бұл жігіттің атаққұмарлығы мен мақтаншақтығы шексіз еді.
https://kaz.365info.kz/bojy-tapal-adamdar-nege-zalym-bolady-270660

Бразилиялықтың футболдан кейінгі өмірі баяғы Каталонияның қонақ үйіндегі бей-берекет жыныстық қатынастары сияқты мәнсіз болды. Бапкер болып көрді – түк шықпады. Саясатқа бармақ болды – ол да болмады. Бүгінгі Ромарио – қолынан сөйлеу ғана келетін қақпас шал!

Қақпас демей қайтеміз, ара-тұра футбол тарихына қатысты ақылға сыймайтын сөздерімен жерге қаратады: «Менен мықты ойыншы – тек жалғыз Пеле еді. Мен мың гол соққам, ал қазіргі Роналду мен Месси екеуінің голдары мыңға әрең жетеді. Мен олардан мықтымын», – деді Ромарио. Осыны айтып тұрғанда ол тіпті жымиған да жоқ, өйткені қалжыңсыз, шын айтып тұр еді.

Міне, бір адамның тарихы. Туабітті сұмдық талант иесі арзан атақты қуалап, жалған абыройға жетпек болды. Оны өзі әлі де түсінбей келеді. Менің өмірім – үлкен қателік еді, дегенді өлсе де айтпайтын түрі бар.

Өкінішті.
https://kaz.365info.kz/zhakhsy-boldy-khylagymnyn-zhartysy-zhokh-telefonmen-sojlesu-onaj-251393
Павел Городницкий, eurosport.ru

Аударған Аян Мырзабек

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз