Оңтүстік Қазақстан облысында жедел-іздестіру шараларының барысында тәртіп сақшылары 2 мың түптен астам көкнәр мен қарасора тәркіледі, – деп хабарлайды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Ағымдағы жылғы 23-мамырда Сайрам ауданының ішкі істер басқармасына жергілікті тұрғындардың бірі „көкнәр мен қарасораға ұқсас заттарды өсіріп жүр„ деген ақпарат келіп түскен.
Аталмыш факті бойынша, ҚР ҚК 300-бабына (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) сәйкес, қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.
Қазіргі таңда тергеушілер құрықталған азаматтың өз ауласында құрамында есірткі бар өсімдіктерді аса ірі көлемде қандай мақсатпен өсіргенін анықтауда.
Отырар ауданындағы ішкі істер басқармасының қызметкерлері де осыған ұқсас қылмыстарды ашып, жергілікті тұрғындардан 1700 түп көкнәр мен қарасора тәркілеген.
Мәселен, 2016 жылғы 10-мамырда Отырар аудандық ішкі істер басқармасының жедел уәкілдері арнайы жедел-іздестіру шараларының барысында 1935 жылы туылған, яғни 81 жастағы жергілікті ақсақалдың үйіндегі бақшадан 600 түп күтіліп бапталған құрамында есірткі заттар бар шөпке ұқсас өсімдік тауып, тәркілеген. Сот-криминалистикалық сараптаманың қорытындысына сәйкес тәркіленген шөп „көкнәр„ болып шыққан.
Аталмыш фактілер бойынша, ҚР ҚК 300-бабына (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) сәйкес, қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.