Ордабасы аудандық ішкі істер басқарамысының қызметкерлері жергілікті мектептердің бірінде ноутбук ұрлаған екі күдіктіні құрықтады. Олар 18 және 21 жастағы Ордабасы ауданының екі тұрғыны екені белгілі болды.
Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл шілде айының ортасында Бадам ауылында орналасқан білім беру орталығының директоры белгісіз біреулер мектепке кіріп, компьютерлік сыныптан 10 ноутбук ұрлап, 1 миллион теңге көлемінде шығын келтіргені туралы полицияға арызданған болатын.
Тергеу анықтағандай, жас азаматтар мектептің терезесі арқылы ішке еніп, компьютерлік сыныптың шығар есігін бұзып 10 ноутбукті ұрлаған. Ұрланған ноутбуктерді Шымкент және Алматы қаласына апарып сатып, ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 188-бабы, яғни «Ұрлық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айғақты зат ретінде екі ноутбук тәркіленді. Күдіктілер кепілмен шығарылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.