Оңтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары қару қолданып, екі адамды жарақаттаған 36 жастағы күдіктіні құрықтады.
Фото: ОҚО ІІД баспасөз қызметі
Биыл 19 шілде күні Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасына жергілікті ауруханадан өздеріне атыс қаруынан 1985 жылғы жігіт пен 1986 жылғы бойжеткеннің жарақаттанып түскенін хабарлаған.
Полицейлердің анықтағаны, Жібек-Жолы ауылындағы көшелердің бірінде белгісіз біреулер мемлекеттік белгісі жоқ «Ауди» автокөлігімен 31 жастағы азаматты артынан қуып келіп, атады. Нәтижесінде, атыс қаруынан жәбірленуші және сол маңдағы үйдің терезесінің алдында кездейсоқ тұрған 30 жастағы азаматша қол тұсынан дене жарақаттарын алған. Белгісіз тұлғалар оқиға орнынан із суытқан.
Аталған жайт Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасының сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізіліміне тіркеліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабымен «Бұзақылық» қылмыстық іс қозғалды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде Жамбыл облысының 1980 жылғы тұрғыны, алдында сотты болған азамат құрықталды. Күдікті қамауға алынды. Айғақ заттар тәркіленді.
Қазіргі таңда полицейлер оқиғаның орын алу барысы мен себептерін анықтап жатыр. Аталған қылмысқа қатысы бар күдіктілер іздестірілуде. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.