Қазақ айтпақшы, той дегенде қу бас домалайды.
«Отбасы барлар әйелдеріңді, күйеулеріңді ерте келіңдер» деген соң, үйдегі маймақ қатынымды ерте барғанмын. Тойға барсам, от души демалатыным бар.
Аздап ішкенді, билегенді жақсы көремін. Билегенде де жанымда отырған маймақ қатынымды ұмытып, беті әрлі, денесі сымбатты көрікті қыз-келіншектерді ортаға шақырып, солармен билегенді жаным жақсы көреді.
Сұлумен билеген би де, қағыстырып ішкен шарап та басқа ғой, шіркін. Бұл жолы да сөйттім.
Жұрт біраз ас ішіп қарындары тоғайды-ау дегенде би басталды. Көзім бізге жаңадан жұмысқа тұрған Шалқар деген жігіттің үріп ауызға салғандай жас қатынына түсті. Әлгінде жұртқа таныстырғанда аты Марал деп қалған.
Марал десе марал екен. Қасы-көзі қиылып, керіліп-ақ отыр. Көңілім ауды. Музыка ырғағымен билеп барып әлгі сұлуды биге шақырдым. Ол да көңілді ортаны жақсы көре ме, бірден менімен билеп кетті. Музыка біткенше ортаны бермедік.
Байқаймын, бұл Шалқарға ұнамай қалған секілді. Тұнжырай қарап шетте тұр. Ал менің маймақ қатыныма бәрібір секілді. Жанындағы әйелге әлденені әңгімелеп, алдындағы тамақты соғып отыр. Ол менің осындай қылығыма әбден үйренген. Біраздан соң вальс басталды. Жұрт жұптасып билей бастады.
Кімнен ұяламын, неден тартынамын? Бардым да Шалқардан сұрамастан, Маралды биге шақырдым. Жұп-жұмыр белінен аялай ұстап, қайдағы бір әзілдерді айтып қоямын. Ол мәз. Тіпті мен әңгіме айтқан сайын, жабыса түсетін сияқты ма, қалай?
Ал Шалқар болса оқтау жұтқандай болып бір шетте бізден көзін алмай қатып қалған.
Не ойлап тұрғанын Құдай білсін. Бірақ түрінен көрініп тұр. Қатты қызғанғаны. Марал мен айтқан әзілдерге мәз болып, күлген сайын Шалқардың көзі ақиланып, түрі бұзылып бара жатыр.
«Әй сорлы, менің кінәм не? Биге шақырған сайын отказ бермей менің құшағыма жалп-жалп етіп құлап жүрген өзінің қатының ғой. Неге маған жаман көзбен қарайсың», деп қоямын іштей.
Сонымен би бітіп, тамаққа отырдық. Шалқар қатынын жетелеп сыртқа шығып кеткен.
«Оның қатынымен бекер биледің. Ол жігіт өте қызғаншақ. Жұмыста жанымда отырады ғой. Әр жарты сағат сайын звондап, қатынын тексеріп отырады. Жаңа сен билеген кезде ол байқұс қызғаныштан өліп кете жаздады. Мен бәрін байқап тұрдым. Қазір далаға апарып Марал байқұсты ұрып жатқан шығар», деп үстелде қасымда отырған Ғалым құлағыма сыбырлады.
Расында солай болған сияқты. Сәлден соң олар ішке кірді. Марал қызарып кеткен. Жылаған сияқты. Жыным келді. Шалқардың қатынын бас салып төсекке тартып жатқан жоқпын. Ұжымның тойы болған соң, көңіл көтеріп биледім. Ода тұрған не бар екен? «Тұра тұр бәлем. Келесі антрактде тағы биге шақырамын» деп іштей кіжініп қойдым.
Тостан тост айтылып, әрең дегенде тағы демалыс жарияланды. Би басталды. Дастархан басында отырғанда Марал көзін төңкеріп мен жаққа бірнеше мәрте ұрлана қарады. Мен де одан көз алмай отырмын.
Нағыз бабында тұрған келіншек. Былқ-былқ еткен әдемі дене, аппақ төс, жұмыр бөксе. Еркектің есін алатындай сиқыр бар. Оның маған, менің оған қарағанымды Шалқар байқап қалған секілді. Маралдың құлағына қатқылдау бірнәрсе айтып жатыр. Нағыз қызғаншақ ит екен. Тағы да биге шақырайын деп бара жатыр едім, алдымды Шалқар кес-кестеді.
«Серік аға басқа қыз-келіншектер құрып қалды ма? Менің әйелімде неңіз бар. Бір-екі рет биледіңіз, жетпей ме?» деп Маралды жібермеді.
«Кешір бауырым, бөтен ой жоқ еді», деп бұрылып өзге бір қатынмен ортаға шығып билеп кеттім.
Дастарханға қайта отырып жатқанда «әй сорлы, анау қатынын бермей қойды ма? Біреудің әйелін қайта-қайта биге шақырып не болды. Ананы қызғандырдың, мені адам құрлы көрмей позор еттің», деп әйелім күңк етті. «Артыңды қысшы» дедім де отыра бердім.
Той біткенше Марал маған, мен оған ұрлана қараумен болдық. Ортамызда білгісіз бір жақындық орнап қалған секілді. «Қап, мана билеп жүргенде телефонын алып қалсамшы» деп өкініп қалдым.
Шалқар той бітпей, әйелін жетелеп тайып тұрды. «Үйге барған соң, әйелін итше тепкілейтін шығар» деп жанымда отырған Ғалым тағы сыбырлады. Мен үндемедім.
Әрине, әйеліңді өзге еркек қайта-қайта биге шақырып, құлағына сыбырлап әңгіме айтып жатса, кім де болса қызғанары хақ.
Тіпті мына мен де маймақ қатынымды қызғанар едім. Бірақ қызғанудың орны бар.
Шалқар секілді той үстінде далаға алып шығып, ұрып-соғып, жер-жебіріне жеткізе боқтаудың, жылатудың не қажеті бар. Бір рет «Жұрт қарап отыр, жаныңда күйеуің бар. Желпілдеп өзге еркекпен билей берме, отырғандар арасында жаман сөз тудырасың», деп той алдында әйеліңе қатаң ескертіп қойсаң болды емес пе?! Есі бар әйел соған тоқтайды.
Ал ішінде жыны бар әйелді қанша ұрсаң да, құлақ аспайтыны белгілі.
Ал сіз не дейсіз? Әйеліңізді қызғанасыз ба?
Серік Жолдасбай