Нұр-Сұлтан
Қазір
13
Ертең
18
USD
423
-1.75
EUR
499
-5.37
RUB
5.64
-0.04

«О, шешең!». Шымкенттіктерді мазақтамай, тыныш жүріңдер!

167

Мәселе былай. Өрімдей қазақтың жас жігіттері мен қыздары қатысқан КВН болды. Біреуі шықты шымкенттікті мазақтап. Екінші шықты, оның да сынау объектісінде – Шымкент өңірі. Енді үшіншісі шығып шымкентскийлер, «о, шешең» деп. Қалжыңдары анайы, сондай саяз. Басында мән бере қоймағам. Кейін байқасам, бұл кездейсоқ дүние емес екен. Кәдімгі жүйелі түрдегі елді, қазақты ірітуге бағытталған баяғы отарлық саясаттың сейілмеген салқыны ма деп қалдым.

1986 жылдары «Правда» газетіне «Паутина» («Шырғалаң») деген мақала шыққан, артынша, Есілбаев дейтін сатқын-мұндар бірдеңелер жазды. Сол кезде Мәскеудің пәрменімен күнгейге теріскейдің, батысқа шығыстың қазағын айдап салған сұмдық жауыз, бөлшектеу саясаты қарқындаған болатын. Жерге, елге, руға бөлу арқылы үстемдігін асырғысы келген зымиян саясаттың арандатуына түсіп қалған кемақыл қандастың бойындағы жексұрын психологияның жастарға сіңуінен қатты қорқушы едім.

Соны сол жолғы КВН-де байқап қалып қатты тарықтым. Сосын, айттым:

«Әй, жігіттер! Не болды сендерге? Атаңның құны қалмақта, қала берді қоқандықта, одан қалса, орыста қалып еді ғой. Есең кетсе, Қытайға кетіп еді ғой. Не болды Шымкент, Шымкент деп. «1723 жылы қазақтың Қаратауда болғаны анық»деген Шәкәрім. Сол Қаратаудың ең бел ортасы Шымкенттің Созағында. «Елім-айдағы» қазақтың көші сол Созақтағы Қаратауда тербелген. Бүкіл қастерлің жерленген Түркістан Шымкентте. Бүкіл жәдігерің, қожа-молдаң табан тіреген жері – сол Шымкент. Отырарың сонда, Тұрарың сонда, жатарың да сонда. Мекке мен Мәдинені сүймегеннің Мұхаммедті (с.ъ.у.) сүйдім дегені өтірік демекші, Шәуілдірді құрметтемей, Шәмшіні сүйдім дегеніңе сенбеймін. Қазақты ұнатпаған Созақты ұнатпайды. Созақ ұнамаса, Сүгір мен Төлегенді қадірлегенің өтірік. Бекзат пен Мұхтарханның қазаққа сыйлаған медалі жақсы да, туған жері жаман боп па? Тіл дегенде жүрегі тілім-тілім болған Мұхтардай арыс Арыстан еді. Арысты сүймегенің намысты сүймегенің. Шымкентті келемеждеймін деп, бүкіл қазақтың тарихын күстаналап жатқандарыңды білесіңдер ме? Шымкентті өз жерім демесе, батырлардың батыры Қажымұқан атамыз бен Жұмабек Тәшенов ағамыз Торғай мен Ақмолаға оралмай, Шымкент жаман болса, мәңгілікке сонда қалар ма еді?! Әселханның ақынның :

«Қазақтың Шымкентте бестен бірі,

Шығарма ешқашанда естен мұны.

Әрқашан бізге қарап өлшенеді,

Қазақтың қаншалықты өскендігі»,

– дегені бар болатын.

Шымкентщина, қазақбайства, мамбетства деген ұғымның астарында өз ұлтыңа деген жиіркеніш сезімін тудыратын психологияны қалыптастыру үрдісі жатыр.

«Әкем жарықтық баукеспе ұры еді, анам байғұс сыпсықай, ұятсыз еді», – деген шындығың үшін сен ешкімге де құрметті болмайсың. Өйткені ұрыдан қары, ұятсыздан арсыз туады. Түсінген жанға ақымақтық, өзін-өзі масқаралау деген осы! Бұл жаманды жаман десе бөркі қазандай болады деген тексіздік.

Тақырыпқа зәру боп дым таппай жатсаң, ана жемқор шенеунікті мазақта.

Мазаққа мықты болсаң, түйені жүгімен жұтқан жебірді, өз үйін өзі емес, өзбекке салдырған олақты, қырғызға малын бақтырған салақты мазақта. Өз мемлекетіндегі тығыз жерден кең жерге, күнкөріс қамымен келген қандасыңды сонша масқаралап не көрінді? Астананы ағылшыннан, Оралды орыстан, Ақтөбені қытайлықтардан қызғанбай, Қаратау мен Қазығұрттан келген қандасыңнан Астана мен Алматыны қызғанып, ащы мазақ, улы әжуамен қайта-қайта тап беретін неткен тексіздік бұл, ә?».

Иә, Бекболат көкем солай депті. Енді Шымкентті жамандамай тыныш жүріңдер!

https://kaz.365info.kz/bekbolat-a-a-biz-mal-emespiz-bloger-deputat-a-datyn-ajtty-240625
Мақсат Қабанбай

Жұртқа ұнайтын telegram бар!

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2020 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз