„Нұрлы жер„ бағдарламасы бойынша пәтер немесе жер телімін алуға үміткерлерге қойылатын талаптар жарияланды.
Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов ҚазАқпарат-қа берген сұқбатында айтты.
– Жер демекші, жыл сайын 40 мың адамға жер беріледі деген ақпарат бар. Әрине, ол жерге алдымен су, жарық сияқты инфрақұрылым желілерін тарту қажет. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында дайын коттеджтер салынады деп естідік. Сол жайында айтып берсеңіз?
– Енді қараңыз, қазақтың үйінде бала көп қой. Әсіресе, оңтүстік аймақтарда бес-алты баласы барлар жетерлік. Солардың барлығын кезекке қойып қояды. Алайда жер бәріне беріледі деген әңгіме жоқ қой. Сондықтан біз облыс орталықтарында коттедж қалашықтарын салуды пилоттық режимде іске асырып көргенді жөн көрдік. Қалған өңірлерде, қала, аудан, моноқалаларда (кезекте тұрған бір отбасының бірнеше мүшесіне – авт.) бере берсін. Ал облыс орталықтары «ауылға» айналып кетпес үшін біркелкі коттедждердің болғаны дұрыс деп шештік. Ол жерде бірыңғай стиль, бірыңғай дизайн болады. Осындай талап қойып отырмыз.
Алдағы екі жылда бұл бастаманы сынақтан өткізіп көреміз. Коттедж қалашықтарын Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және тағы бірқатар облыстарда салу жоспарланып отыр. Бүгінде коттедждердің типтік жобасы бекітілді. Мердігерлер ондай үйлерді салғанда бір шаршы метрдің бағасын 120 мың теңгеден асырмауы тиіс. Соның арқасында аталған баспана халыққа қолжетімді болады.
– «Нұрлы жер» бағдарламасына қалай қатысуға болады? Оған қандай құжаттар қажет?
– «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысамын дейтін азаматтар алдымен халыққа қызмет көрсету орталығына баруы тиіс. Сол жерде өтініш беріп, әкімдіктің кезегіне тұру қажет. Дегенмен, баспана ең бірінші ардагерлерге, жетім балаларға, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға, мемлекеттік қызметшілер мен бюджет саласының мамандарына беріледі. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар да 11 санатқа бөлінеді. Ол – көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және тағысын тағы. Олар да өтініш беріп, кезекке тұруы тиіс. Алайда нақты шектеулердің де бар екенін ескеру керек.
Соңғы бес жылда адамның атында баспана болмауы шарт. Ол – бір. Сосын Астана мен Алматыда тіркеуге тұру мерзімі 2-3 жыл болуы қажет.
Аталған екі қалаға халық көптеп көшіп жатыр. Сол себепті жаңағыдай талаптар енгізілді. Мәселен, Мәскеуде тіркеу мерзімі 10 жылдан артық болуы шарт.