Бүгін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Анатолий Ничкасовты дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады.
Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, ширек ғасыр ішінде елдеріміз арасында қарқынды саяси үнқатысу мен терең экономикалық байланыстар орнап, өзара іс-қимыл жан-жақты өнімді дамып келеді. Нұрлан Нығматулин атап өткендей, бұл екі ел Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Александар Лукашенконың өзара түсіністік пен достық ниетке негізделген бірлескен тиімді еңбегінің нәтижесі.
Өз кезегінде Анатолий Ничкасов біздің елде еңбек еткен жылдар қызмет жолындағы ең жемісті кезеңнің бірі болғанын атап өтті.