Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Нығматулин «тиімсіз орындау» түсінігін тұжырымдау қажеттігін айтты

Отырыста Ұлттық экономика министрлігінің бюджет заңнамасын жетілдіруге қатысты бірінші оқылымда ұсынған түзетулері қаралды. Осы орайда Мәжіліс депутаттары бюджет қаржысын тиімді жұмсау мәселелерін де назардан тыс қалдырмады.

«Бюджет қаржысының тиімсіз игерілуіне қатысты нақты өлшем болу керек. Әйтпесе, сіздер Бюджет кодексінде түсінік ретінде ұсынып отырған «нәтижелілік», «жауапкершілік», «перспективті» сияқты жалпылама сөздер қомақты мемлекет қаржысын бөлу кезінде нақты дәлел бола алмайды. Өйткені, олардың ешқайсының тәжірибелік, қолданбалық сипаты жоқ. Ал, субьективті бағалаудың соңы жақсылыққа апармауы мүмкін. Егер қаржы бір мемлекеттік органнан басқа органға қайта бөлінетін болса, не үшін олай болғанына, не себептен тиімсіз орындалғанына және соңғы нәтижесінің қалай болғандығына жауап беруіміз керек. Осыдан кейін ғана жеке жауапкершілікке қадам жасай аламыз»,-деді Мәжіліс төрағасы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке қарата айтқан сөзінде.
Сондай-ақ, Нығматулин қаржыгерлерге де, қарапайым азаматқа да түсінікті болатындай, «тиімсіз орындау» түсінігінің нақты анықтамасын екінші оқылымға дейін тұжырымдау қажеттігін айтты.

Заңнаманы талқылау кезінде квазимемлекеттік сектор займдары көлемінің Ұлттық экономика министрлігі арқылы келісілетіндігі сынға алынды.

Спикердің айтуынша, Президент бірнеше мәрте Үкіметке бақылауға алуға тапсырған мемлекеттік займ мәселелері тағы да министрлік деңгейіне түсіп отыр. Министрлік ұсынып отырған редакция Елбасының бюджетті бақылау жөніндегі нұсқауларымен сәйкес келмейді. Сондықтан, бұл норманы Президент тапсырмасын есепке ала отырып, қайтадан тиянақты қарау қажет.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз