Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Қарағанды облысында ереуілге шыққан кеншілердің мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Қазіргі таңда аталған мәселеге байланысты жұмыс берушілер мен кеншілер кәсіподақтар арасында диалог жүріп жатыр. Сондықтан бұл жерде эмоцияға берілу қажет емес. Тиісті шешімді күтейік» деді ол Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі шахталардың кеншілері 10 желтоқсанда түнгі ауысымнан кейін жер үстіне көтерілмей қойған. Жер астында отырған кеншілермен келіссөз жүріп жатыр. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенова да айтты. Сондай-ақ, кеншілер компания басшыларына қойған талаптарын жария еткен болатын. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы болса ереуілге жасаған кеншілерді ас-ауқатпен қамтамасыз етіп жатқанын мәлімдеді.