Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
-11
USD
437
0.00
EUR
493
0.00
RUB
5.92
0.00

“Неткен пәле адамсың!”. Саясаттанушы Путиннің сатқындығын бетіне басты

Билік кімнің қолында болса, тарихты да сол жазады

Қазақ елінде көптеген шешуші оқиғаларға қатысты түсінік әлі де Кеңес Одағы, қазір де Ресей насихатының құрсауында қалып отыр. Оның айтылмай қалған, тіпті алдамшы тұстары шаш етектен. Мәселен

бүкіл әлем 1939-1945 жылдардағы ғаламдық қырғынды Екінші дүниежүзілік соғыс деп атаса, бұрынғы КСРО кеңістігінде ол Ұлы Отан соғысы ретінде аталып өтеді. Соңғысы – Сталиннің ойлап тапқан айласы.

Мақсат – соғыстың алғашқы екі жылында Берлин мен Мәскеудің одақтас болғанын жасыру. Ақиқатында, Рибентроп-Молотов шарты бойынша 1939 жылы тоталитарлық қос империя тұтастай Шығыс Еуропаны қанды бөліске салған еді.

Тек 1941 жылы Гитлер мен Сталиннің арасы ажырап, «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» демекші, жауласпауға амалы қалмады. Әу баста қос диктатор да Еуропаны басып алуға, ал одан кейін өз үкімін күллі әлемге жүргізуге ұмтылды. Бұл бәсекеде ерікті де еріксіз одақтастарының сүйемелдеуімен Сталиннің бағы жанды. Нәтижесінде 1945 жылдан КСРО ыдыраған 1990 жылға дейін Мәскеу Еуропаның тең жартысына тізесін батырды.

Көмусіз қалған полктар…

Алайда жеңіске жету жолында Сталин асқан жауыздықты тек қарсыласына емес, өз азаматтарына да қолданды. Соғыс жылдарында 3 миллионға жуық Кеңес Одағы азаматтары ГУЛАГ деп аталған концлагерьлер жүйесінде қамалып азапталды.

Екі майданда соғысқан Германия соғыстың жеті жылында 6,5 миллион адамынан айырылса, төрт жылдың ішінде КСРО 25 миллион сарбазы мен азаматтарының өмірін құрбан етті.

Қалайша? Қоршауда қалған талай дивизия мен полктарды көмексіз қалдырып, өлімге қиды. Аман шыққандарын немістің жансызы ретінде түрмеге жапты. Сталиннің сүйікті маршалы Жуков «сарбаздар қырыла берсін, әйелдер әлі туып алады» дегендей, аяушылық сезімнен жұрдай екенін көрсетті.

1945 жылғы 8 мамырда Германия соғыста жеңілгенін мойындады. Алайда капитуляцияны қабылдаған Кеңес Одағы бұл елмен бейбіт келісімді жоққа шығарып, соғыс жағдайында әлі ұзақ жылдар қала берді. Неліктен? Өйткені мұндай төтенше жағдай заң мен азаматтық құқықтарды, халықаралық нормаларды өрескел таптап, жергілікті халықты бағындырудың таптырмас амалы еді. Немістердің азат рухын біржолата сындырғаннан кейін ғана, 1955 жылы Кеңес Одағы Германиямен арада соғыстың аяқталғанын ресми жариялады.

Келесі келеңсіз жайт

1947 жылдан бастап 9 Мамыр Жеңіс күні ретінде Кеңес Одағында мүлде аталмай келді. Не себеп? Сталинге фашистерді тізе бүктірген жеңіс солдаттары мен офицерлерінің сағын сындыру керек болды. Бірі қуғын-сүргінге ұшыраса, бірі жоқшылыққа душар болды. Соғыста мүгедек болғандар Мәскеу, Ленинград, басқа да қалалардың көркін бұзбау үшін жер аударылды, колонияларға тықпаланды. Арада тек 20 жыл өтіп, куәгерлер сирегенде барып, 1965 жылы ғана бұл күн мерекелер санатына қайтарылды.

Бірте-бірте 9 Мамыр өткен соғыс құрбандары мен ардагерлеріне тағзым етудің орнына КСРО көсемдерін ұлықтау шарасына айналды. «Сталин, Жуков, Брежнев болмаса, жеңіске жету неғайбыл еді» сынды лақаптар кеңінен тарады. Екінші жағынан, бұл күні өтетін әскери парад арқылы Кремль бейбітшілік емес, қоршаған әлемге сес көрсетуді дағдыға айналдырды.

Кеңес Одағы күйрегеннен кейін оның саяси мирасқоры Ресей бұл бағытта жаңа мифтерді ойлап тауып, саясиландырды. Олардың қатарында ортақ жеңісті меншіктеу әрекеттері қолға алынды.

Президент Путиннің өз сөзінше айтсақ: «Ешкімді кемсіткім келмейді, бірақ Отан соғысында Ресей басқа одақтастарының көмегінсіз-ақ жеңер еді». Неткен опасыздық! Ақылдың шолақтығы! Расында, бұл – тарихтың шындығы, антифашистік коалицияға енген ондаған елдің үлесі мен құрбандары, кәдімгі адамгершілік алдындағы кешірілмейтін күнә!

Путин, сен білесің бе?

Жалғыз ғана қазақ жерінен Екінші дүниежүзілік соғыста қан майданға 1,5 миллион азамат аттанып, олардың тең жартысы оралмады.

Әрбір екінші оқ қазақтың қорғасынынан құйылды, әрбір үшінші танк қазақтың темірі мен шойынынан жасалды, ет, бидай, күріш, жүн, көптеген басқа да маңызды өнімдер зор көлемде Қазақстаннан жөнелтіліп отырды.

Келесі бір миф – бүгінгі Путин билігі жеңістің рәмізі ретінде ұлықтаған «Георгий лентасы». Бірақ бұл лентаның соғыс кезіндегі Қызыл армияға еш қатысы жоқ. Керісінше, ол власовшылар сияқты фашистердің жағына шығып кеткен сатқындардың белгісі-тін. Енді XXI ғасырдың басында осы жалған рәмізді Кремль бұрынғы «халықтар түрмесін» тірілтудің жаршысына айналдырып отыр. Сәйкесінше, «Георгий лентасы» Украина, Беларусь, Қазақстан және бұрынғы КСРО-ға енген басқа республикаларда сепаратизмнің нышанына айналған. Ал енді ТМД кеңістігіндегі әріптестер осы арандатуға тыйым салып, ұлттың қауіпсіздігін ойлап отырғанда, Астананың «Георгий ленташыларын» тайраңдатып қойғаны алаңдатады.

Жыл сайын Мәскеуде өтетін Жеңіс парадына Екінші дүниежүзілік соғыста КСРО-ның АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Канада, Бельгия сияқты одақтастары ғана емес, өзге де шетелдік ресми өкілдердің күрт қысқарғаны көп нәрсені аңғартса керек. Бұл әскери шерулерге бұрынғы кеңестік республикалар басшылары да қатысуды қойды. Мәселен, өткен жылғы 9 Мамыр парадына әлемдегі 200-ден аса ел ішінде ресми деңгейде тек Қытай, Мажарстан, Қазақстан және бірқатар африкалық мемлекеттер қатысты.

Бұл күні қуанбайды 

 Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына келсек, ол 9 мамыр емес, 1945 жылғы 2 қыркүйек деп саналады. Себебі Еуропада соғыс оты өшкенімен, солдаттардың басым бөлігі үйге оралған жоқ, олар Жапонияны тізе бүктіру мақсатымен Қиыр Шығысқа аттанған-тын.

Сондағысы 9 мамыр болсын, 2 қыркүйек болсын әлемдегі басым көпшілік халықтар үшін бұл – ұлттық аза тұту, өткенді ардақтау, ардагерлерді ұлықтау күні. Ресей, бірен-саран басқалардан өзгеше ешкім 50 миллион адамның өмірі қиылған қаралы күнді от шашып, орталық алаңдарында танкі мен зеңбіректерді шоғырландырып, концерт қойып қуанбайды.

Өзімізге оралсақ, 1939-1945 жылдардағы қантөгісті бүкіл әлемнен оқшауланып Отан соғысы деп атау ағаттық. Дұрысы – Екінші дүниежүзілік соғыс. Біріншіден, бұл соғысты бастаған қазақ емес. Қазақстан Ресейге бағынышты ел ретінде ол соғысқа қосылуға мәжбүр болды. Атап өтерлігі, Ресей патшалығы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде де, 1916 жылы қазақ жігіттерін майданға тартуға ұмтылды.

Алайда оны бөтен соғыс деп білген халқымыз көтеріліске шықты. Арада ширек ғасыр өткенде, зиялылары атылып, ақыл-намысы жаншылған қазаққа КСРО-ның үгіт-насихаты сіңді және Екінші дүниежүзілік соғысты өзінікі деп таныды. Екіншіден, Отан соғысы дерліктей қан майдан қазақ жерінде, Отанында болған емес. Үшіншіден, бұл «жеңістің» нәтижесінде Қазақ елі жетістік емес, жаңа қасіреттерге душар болды.

Қазақтың басқалардан несі кем?

Ұзын саны Екінші дүниежүзілік соғысқа 70-ке тарта ел қатысты. Олардың көпшілігі сол тұста бодан қалпында еді – Үндістан, Ирақ, Таиланд, Зимбабве, Мысыр, Сенегал, Алжир т.б. Қазақ, өзбек, әзірбайжандар Ресейдің отарында болса, жоғарыдағы аты аталған елдер Ұлыбритания, Франция, Голландия секілді империялардың отарында болған-ды. Алайда тәуелсіздігін алысымен бұл мемлекеттер өздерін қыспақтап араластырған соғысты біздікі деп санауды доғарды.

Парад та өткізбейді, демалыс күні деп те жарияламайды, тек сол зұлматты қайғыра еске алады.

Өйткені бұрынғы метрополиядан ажырап, өздерін дербес ұлт ретінде сезінеді. Өйткені тарихының маңызды мезеттерін бұрынғы қожайындарының айтқанымен емес, өздерінің азат ықтиярымен ғана айқындап бағалайды. Ендеше, қазақтың басқалардан несі кем? Бәрі өзімізге келіп тіреледі.

 

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2021 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз