Елімізге танымал әнші, дәстүрлі қазақ әндерінің орындаушысы Қарақат Әбілдина дұрыс айтылмаған ән сөзіне қатысты пікір білдірді.
Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлайды.
Айта кетейік, осыған дейін бірқатар басылымда Алтынбек Қоразбаевтың “Елге сәлем” әнін орындаған Қарақат Әбілдинаның сөздерді шатастырып алғаны жайлы жазылған еді. Әншінің айтуынша, бұл 10 жыл бұрын өткен концертте орындалған ән.
Сонымен қатар, әнші орындау үшін осы әннің авторы Алтынбек Қоразбаевтың да, сөзінің авторы Әбдірахман Асылбековтың да алдынан өткенін айтады.
“Ақынмен басынан аяғына дейін мәтінді тексеріп шықтым. “Осы мәтін дұрыс па?” дегенімде де, ақын ағамыз “Иә” деген еді. Алтынбек ағадан да рұқсатын алдым. Әннің әр сөзі не білдіреді деп, тоқталып, зерттедім деп айта алмаймын. Қайталап айтамын, бұл 10 жыл бұрынғы оқиға. Мүмкін, сол кезде дыбыс жазуға асығыстықтан ба, қарбалас сәт көп болады. Әсіресе өнер адамдары күн-түн демей, жолда жүреді.
Кейде тіпті түнде де ән жазған сәттеріміз болған. Ал қазір мен мұның барлығына басқаша қарап, басқаша түсінемін. Сондықтан тырнақтың астынан кір іздеп, сол арқылы өзіне PR жасағысы келгендері шығар. Өздері білсін”, – деген әнші “менікі дұрыс” деуден де аулақ екенін айтады. Әбілдина әншілердің сауатын көтеру туралы сөз болса, қолдайтынын айтады.
“Ең бастысы, бұл менің мүлдем орындамай кеткен әндерімнің санатында. Оның үстіне нақты біреуді атап айтпасам да, көп әншіде плагиат, қайталау бар, сауатты мәтін аз. Бірақ дәл осы жағдайға килігудің, шулап жазатындай қажеті бар ма еді? Мен бұл әнді бүгінге дейін шырқап жүрсем бір жөн. Бүгінге дейін сол сөзге мән бермей, айтып келсем, онда ұят әрі сын болар еді. Адам өнерге енді келіп, енді бастап жатқан кезде түрлі шикіліктер болады. 10 жыл бұрын болған нәрсені қопарып, килігудің керегі бар ма? Сондықтан өзімді ақтамаймын да, ешкімге ренжімеймін де”, – деді Қарақат Әбілдина.
Еске салайық, осыған дейін БАҚ-тарда әншінің орындауындағы “Елге сәлем” әнінің видеосы жария болған еді. Видеода әнші “Iнiсi кiмнiң бар болса, Өнерi өрлеп, iрiлер” деген тармақтарын “Інісі кімнің бар болса, Етегі ерте түрілер…” деп орындайды.
https://youtu.be/9j2C1bNKrak