Алматы облысында ақшадан тарыққан тұрғындар қысқы соғымға ит сойып жеуді бастаған. Өзін Есім Асқарұлы деп таныстырған азамат төрт аяқты жануарды соятын қасапшы екенін 31 арнаның тілшісіне мақтанышпен айтып берді.
«Біреулер аштықтан, біреулер емдікке жейді. «Туберкулезден өлесің» десе кез келген адам ит жейді. Өзіміз апта сайын ит аулап, азық етеміз. Мен сойып жатқан ит етінің қазір дымын қалдырмай алып кетеді. Иттің етін кәдімгі малдікінен ажырату мүмкін емес. Қазір осы еттен қуырдақ жасайды. Картоп, іш майын салып тұрып қазақшалап қуырса, дәмді болады», – дейді Есім Асқарұлы.
Қасапшының сөзінше, соңғы уақытта жоқшылықтың кесірінен жеті қазынаның бірі саналатын итті пышаққа іліп, қазанға жіберетін ауылдастарының қатары көбейген.
«Анада түнде келе жатсам қоқыс маңында дәу иттің басы мен терісі, сирақтары ғана жатыр. Еті жоқ. Соны жеп жүрген қазақтар. Себебі, бұл ауданда бір де бір өзге ұлт өкілі тұрмайды. Ешкім еріккеннен иттің етін жемейді ғой. Бала-шағасын бағу керек, жоқ болған соң барып жатыр осы қадамға. Базарда мал етінің бағасы қымбат. Ешкімге айтпаймыз ит етін жеп жүргенімізді. Бірақ білемін кімдер ит аулағыш екенін», – деп бетін жасырды Есім Асқарұлы.
Ал мал дәрігерлері “иттің етін жеп жүргендер сау басына сақина тілеп алғандар” дегенді алға тартады. Яғни олар төрт аяқтыдан түрлі ауру жұқтырып, жазылмас дертке шалдығуы мүмкін екен.
«Иттің етінде «эхинококк» бар. Яғни бұл таяқша құрты тамақ арқылы адам ағзасына таралып кетсе жаман. Әсіресе таяқша қанға енген соң, жазылмайды. Эхинококк жұқпалы таяқшасын негізі иттер таратады» , – дейді мал дәрігері Нұрсұлтан Тұрғанбаев.
Тағы бір айта кетерлігі, ит етін ұлттық тағам ретінде тұтынатын кәріс аспаздары бұл жануардан ас дайындау ойыншық еместігін алға тартады.
Яғни, бір кесе сорпа мен қуырдақты пісіру үшін етті бабына келтіріп кемі жарты күн қайнатып, бұқтыру керек екен. Болмаса оның пайдасынан зияны көп.
Ақпарат көзі: nur.kz