Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
10
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Назарбаевтың “Хабар” агенттігіне берген сұқбатының жазбаша және видео нұсқасы

134

«Ең бірінші бастаған жұмыстардың арасына қазақтың жаңа әліпбиі енді. Жалпы, жазба тарихымыз өте тереңде жатыр. Бұл кириллицадан кетіп қалу саясатынан шығып отырған жоқ, яғни ол түбегейлі мәселе. Кириллицаның ішінде бізге керек емес әріптер бар. Осы әріптерді пайдалансақ, біздің тіліміздің негізін бұзып жібереді. Екіншіден, латын қарпіне көшкенде орыс тілінен кету дегенді білдірмейді. Алыпқашпа сөзбен кейбір саясаткерлер осыны айтады, әсіресе, орыс тілінде. Әліпби тек қана қазақтың тіліне байланысты мәселе. Орыстың тілінде кириллицада орыс басылымдары шыға береді», – деп тоқталды Елбасы.

Осы орайда Президент орыс тілін білу елімізге керек екенін, ғылым мен техниканың көзі болып отырған салалар орыс тіліне көп аударылғанын, сондықтан бұндай мол дерек қорынан ажырап қалуға болмайтынын атап өтті.

Н.Назарбаевтың сөзіне қарағанда, латынға көшу негізді әрі орынды түрде жүргізілетін болады.

«Мысалы, біздің зиялы қауымның шығармалары қалып қоюы мүмкін деген пікір бар. Бұл жерде ешқандай мәселе жоқ, қазіргі уақытта әліпби жаңадан енгізілсе, компьютер арқылы қаріптерді тез арада аударып жіберуге болады.

Осы тұрғыда менің ешбір күмәнім жоқ, ештеңе де артта қалып қоймайды»,-деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте Президент үлкен жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді.

«Жақында бір-екі мәтінін қарайтын боламын. Осымен айналысып жүрген ғалымдардың барлығын жинап, олармен бірге қарап, бір ірі жобаға тоқтайтын боламыз»,-деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының пайымынша, латын әліпбиіне компьютердің пернетақтасына лайықталған нұсқа арқылы көшуге болады.

«Менің ойымша, алдымен әліпбиді даярлап, жариялап, байыппен енгізу керек. Жалпы айтқанда, қазір балалардың барлығы ағылшын тілін оқиды. Оның негізінде латын қарпі. Сондықтан ешқандай проблема болмайды. Бұл үлкен саяси мәселе және барлық елдерде солай болған. Ол қазақ тілінің мүддесі, яғни тілді сақтап қалуымыз үшін жасап отырған үлкен тарихи қадам»,-деді Президент.

Президенттік жүйе өзін-өзі ақтады

«Хабар» арнасына сұхбат берген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев президенттік жүйенің өзіне артылған міндетті жеткілікті дәрежеде орындағанын атап өтті.

«Біздің Конституциямызға биыл тура 22 жыл толады. Конституция да тірі организм секілді заманның талабына сай өзгеріп тұруы керек. Біз Конституциямызға өзгеріс енгізіп, ылғи да демократизацияға қарай, әлемнің барлығы кетіп бара жатқан жолмен жүріп келеміз. Бәрі де Парламент мен Үкімет үшін, заңның үстем болуын қамтамасыз ету мақсатында жасалды. Демек, кім не десе де, аталған үш бағыт демократизацияға қарай жол салды. Қазақстанның басынан өткен ауыртпалықты көп көрдік. Қандай жолмен жүруді талқыладық. Президенттік билік бізге ауадай қажет еді.

Ал ондай жүйе жоқ елдердің бәрін байқап көріңіз. Ешкімді ренжітіп алмау үшін ол елдердің атын атағым келмейді. Демек, мемлекет аяғынан тік тұрып, тәуелсіз әрі іргесі берік ел болу үшін ең алдымен өз ішінде бәрін тәртіпке келтіруі керек. Өз ішіндегі тұрақтылықты реттеп алғаннан кейін сыртқы елдер сыйлайтындай экономикалық база құрылады. Одан кейін сыртқы саясатты табысты түрде жүргізуге болады», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Әбішұлының айтуынша, Қазақстан «алдымен экономика, кейін саясат» бағытын дұрыс таңдап алған.

«Сол кездегі президенттік жүйе өзін-өзі ақтап, Қазақстанды дамуы шабан елдердің қатарынан алып шықтық. Шығыс Еуропа немесе Азия елдерінде біз алдыңғы қатардамыз. Ол сөзімізге ешкім де таласа алмайды. Демек, бұның бәрі халыққа қысым көрсетпеген, саяси тұрғыда қуғын-сүргінге бармаған, сөз бен баспасөз бостандығын қамтамасыз еткен президенттік жүйенің арқасы еді. Ал қазір осы базаның негізінде Конституцияда жазылған Президенттің 35 өкілеттілігі Парламент пен Үкіметке берілді. Үшіншіден, заңның құзырлылығы үшін осы жылдар бойы көптеген жұмыстарды біржақты еттік. Заңға біршама өзгерістер енгізілді», – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жол – туризмді дамытудың негізгі шарты

Мұндай пікірді «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев білдірді.

«Етек-жеңімізді жинап, экономикамызды жөндеп, қаражат жинағаннан кейін бұл мәселеге (туризмді дамытуға) де келдік. Оған дейін орысша айтқанда «не до этого» болды. Алдымен елдің жағдайын түзеп, елге жұмыс беріп, экономикамызды көтеру керек болды. Енді бұл салаға да жақындадық, қолға алатын кез келді. Дүниежүзінде туризм барлық әлемдік экономиканың 10 пайызын құрайды. Бұл өте үлкен көлем. Бізде әлі өте аз. Мысалы біз 2025 жылға дейін экономикамыздың 8 пайызын туризмнен аламыз деп отырмыз. Ол үшін өте көп жұмыс істеу керек. Рухани жаңғыру, экономикамызды түзеу, инфрақұрылым, «Нұрлы жол» – барлығы осыған байланысты. Қазақстанда көретін жерлер, баратын жерлер көп. Даланың өзі, таудың өзі басқа елдер үшін өте қызықты. Көрсете білуіміз керек. Мына жүргізіп жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасының мағынасын қазақ әлі түсінген жоқ. Біз тарихымызда, еш уақытта ұлан-ғайыр жерімізде мұндай жолдар салғанымыз жоқ. Мысалы оңтүстіктің азаматтары мұндай даңғыл жолмен өмір бақи жүріп көрді ме?

Қазір Шымкенттен Алматыға келу, Шымкенттен Ақтөбеге жету көзді ашып-жұмғанша.

Астана мен Бурабайдың арасындағыдай жолдар салынды. Ол жол -Қытайдың шекарасынан Алматыны, Жамбылды, Оңтүстік Қазақстанды, Қызылорданы, Ақтөбені басып өтіп, Ресейге шықты, 2700 шақырым», – деді Елбасы.

Осы ретте Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Астанадан күннің сәулесіндей барлық өңірге жолдар салынып жатқанын атап өтті.

«Оны ақпарат құралдарынан әр уақытта көрсетіп отыру керек деп ылғи айтамын. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа жететін мәселе. Елдің ішкі экономикасы даму үшін қарым-қатынас болу керек, ол жылдам болуы тиіс.

Тальго пойызы жүре бастаған кезге дейін Астанадан Алматыға 26 сағат жүретін едік, қазір 11 сағатта жетеміз. Астанадан Павлодар, Павлодардан Семейге, Семейден Өскеменге дейін жол салынып жатыр. Астанадан Қарағандыға дейін жол түсті. Қарағандыдан Алматыға дейін жеткіземіз. Астанадан Қостанай арқылы Ақтөбеге, Ақтөбеден Атырауға саламыз.

Салынып жатқан ішкі жолдарды айтып отырғаным жоқ. Оралдан төмен қарай жол түседі. Сонда елдің елордасы бүкіл Қазақстан жерімен байланыста болады. Ол жолаушылардың жол жүруіне пайдалы екені рас. Жаңағы айтып отырған туризмді дамытудың негізгі шарты – осы. Егер келген адамдар Қазақстанды шарлап жүре алатын болса, мынадай жолмен жүрудің өзі қандай рахат. Қандай машинаң болса да, 150 шақырыммен жүйткіп отырасың. Сол жолдың бойында неше түрлі қонақүйлер, шағын бизнес дамиды», – деді ҚР Президенті.

Елбасы небәрі 2 жылдың ішінде Қытайдан – Каспий теңізіне дейін теміржол салынғанын да еске салып өтті.

«Жұрт байқамай да қалды. Біз екі жылдың ішінде Қытайдан бастап Жезқазған арқылы Каспийге дейін 1500 шақырым теміржол салдық. Кеңес одағында БАМ деп бүкіл одаққа шуылдатып, комсомолдық құрылыс деп барлығын жинады. Біз үндеместен-ақ 1500 шақырым жол салып тастадық. Сол жолдың бойында иен далада, бетпақ далада станциялар, тұрғын үйлер, ауылдар, тамақтанатын жерлер, көлік тоқтайтын жерлер пайда болды. Бетпақ далада өмір пайда болды. Жол – экономиканы жоғары көтеретін ең күрделі мәселе. Біздің қазір салып жатқан жолдарымыз балаларымызға, немерелерімізге, шөберелерімізге жетеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті туризмді дамыту үшін жол, инфрақұрылым, сапалы қызмет қажет екендігін атап өтіп, олар дұрыс жолға қойылғанда мол қаржы табуға болатынын айтты.

«Туризм әуежайдан, теміржол вокзалынан басталады. Өздеріңіз көрген әуежайды салдық. Үш миллиондық әуежайды 8 млн. адам қабылдайтындай жасадық. Ол терминал дүниежүзіндегі ең үздік технологиямен жабдықталған. Ал темір жол вокзалының (Астананың Нұрлы жол темір жол вокзалы) ауқымы Мәскеудегі Қызыл алаңмен бірдей.

Соны көргенде «Қазақстанның мынадай жағдайы, мүмкіншілігі бар, баруға болады, келген қонақтарды жақсы қарсы алады, жататын жері, көретін дүниесі бар екен» дейді.

Қазір Мәдениет министрлігінің ішінен арнайы туризм жөнінде комитет, компания құрып, осы істі қолға алайық деп отырмыз», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақтың 100 есімі анықталса, олардың еңбектері шет тіліне аударылады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Хабар телеарнасына берген сұқбатында өзінің бағдарламалық мақаласында айтылған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы туралы пікір білдірді.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 26 жылында елге танылған, дүниежүзіне мақтанышпен көрсететін үздік тұлғаларды іріктеп алу қажеттігін және оларға жан-жақты қолдау көрсетілуі керектігін атап өтті.

«Тәуелсіздіктің 26 жылдығына келе жатырмыз, осы 26 жыл ішінде елге танылған, мақтауға тұрарлық, сыртқа шығарып көрсететіндей, ең үздік 100 есімді анықтау керек.

Есімді шығаратын – адамның өз таланты, әрине. Екіншіден, сол талантты әлемге танытып, паш ететін жағдай болуы керек. Сондықтан, ондай тұлғаларымыз 100 болса да, 25 болса да, дүниежүзіне насихаттауымыз керек. Олардың шығармаларын шет тілдеріне аударып, ақпарат құрлардарынан көрсетіп, «Қазақта осындай тұлғалар бар, осындай шығармалар бар» деп мақтануға болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге, Елбасы рухани жаңғыру жұмыстарына ел болып, жұмыла кірісу қажеттігін баса айтты.

«Талай зиялылармен кездесіп жүргенде, олар көптен күткен мәселе еді деп айтты. Ал енді көптен күттік деп тағы да Астанаға қарап не айтар екен деп отырмай, әрқайсымыз осының төңірегінде жұмыс істеп, насихаттауымыз керек. Мен нақты қолға алып отырмын. Бұл негізінен жергілікті биліктің, әкімдердің қолында деп санаймын. Сол жерден басталуы керек те, әріге дейін жеткізуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан – біздің Отанымыз. Біздің басқа Отанымыз жоқ. Қазақтың Отаны – жалғыз Қазақстан. Мұның барлығы сол Отанды сүю, сол Отанды мадақтау, осы Отанды дүниежүзіне белгілі ету үшін жасалып отыр», – деді Президент.

Қазақстан инфрақұрылымды, транзитті ел ретінде дамып келеді

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» арнасына берген сұхбатында халықаралық сауда қатынастарын дамыту, ЕАЭО елдерінің интеграциясы мен көршілес Қытай елінің «Жібек жолы» бағдарламасы арқылы Қазақстан қандай мақсаттарды көздеп отырғаны турасында сөз қозғады.

«Қазіргі заманда кез келген мемлекет өз бетінше жекешеленіп өмір сүре алмайды. Біз жаһанмен бірге біте қайнасып, сауда жүргізіп, өз өнімдерімізді сатып, ақша табамыз. Терең интеграцияның арқасында ғана кез келген мемлекет алға баса алады. Ең орайлысы көрші елдермен интеграцияны дамыту арқылы иықтасып, тауарды өзара тез жеткізу. Ал теңіздерге тікелей жолы жоқ мемлекет саналатын Қазақстан мұхитқа шығу үшін не істеуі керек? Теңіз торабы арқылы тауарларды жеткізу арзанырақ.

Мәселен, Қазақстаннан Тынық мұхитына дейін қанша шақырым бар? Жол бойы тауарды жеткізу үшін ақша төлеуің керек қой. Біз Қара теңіз, Ресей мен Балтық елдері арқылы шығып жатырмыз. Өзімізге тиімді жағын қарастыру үшін Қытаймен байланысты орнатып алуды шештік. «Жібек жолы» бағдарламасының бұл бағытта маңызы өте зор», – дейді Қазақстан Президенті.

Елбасының айтуынша, бүгінгі күні Қытайдағы порттың көмегімен Тынық мұхитынан Қазақстан мен Ресей арқылы контейнерлер Еуропаға 14 күнде жетіп жатыр. Теңіз жолдары арқылы бұл тауарлар 40-45 тәулікте жететін.

«Ал бізге оның қандай пайдасы бар? Өйткені, 2020 жылға дейін Қазақстан арқылы Еуропа елдеріне 2 миллион контейнер тасымалданатын болады. Қазірдің өзінде ары-бері тасымал көбейіп келеді. Қазақстан әлбетте, бұл бағытта транзит үшін ақша алады.

Біз инфрақұрылымды, транзиттік ел ретінде дамытып келеміз. Осы себепті Қытай шекарасынан Каспий теңізіне дейін теміржол тарттық. Өздеріңіз білетіндей, Түрікменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағына бет түзеп, араб елдеріне шықтық.

Ол жақтан Үндістанмен байланыса аламыз. Осының бәрі аз уақыттың ішінде жасалды. Қазақстанның ішінде жасап жатқан инфрақұрылымымыз да Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін қолдану үшін қолға алынып отыр», – дейді Елбасы.

Кеден одағына мүше елдерде пойыздарды ешкім тексермейді

Президент сондай-ақ ШЫҰ қазіргі таңда бәрімен мойындалған қуатты ұйым екенін атап өтті.

«ШЫҰ-ның соңғы мәжілісінен белгілі болғандай, оған мүше елдердің халық саны әлем халқының жартысына таяп қалды. Бірақ, біз өзімізге қажетті межеге сапалы түрде жетуіміз керек. Үндістанға қарай көліктік қатынас өте қиын. Тау болғандықтан, тіке жол жоқ. Егер Парсы шығанағындағы порт арқылы саудаға қол жеткізсек, Қытай арқылы өтсек болады. Ортақ ниет бар, елдердің саяси жігері де жоғары. Бірақ, Үндістанмен тауар айналымымыз төмен болып тұр. Пәкістанмен де сондай жағдай. Сондықтан, біз бүгін ЕАЭО аясында интеграцияланып жатырмыз. Бұл тұста ЕАЭО-тың маңызы зор. Білесіздер ме, ең қиыны осы аталған ұйымдардың барлығы дағдарыс пен бағалардың құлдырау уақытына сай келіп қалды. Баға тұрақталғаннан кейін ғана ЕАЭО аясындағы елдерде тауар айналымы 30 процентке артып отыр. Бұл өте жоғары өсім.

Кеден одағына мүше елдерде пойыздарды ешкім тексермейді, тауар діттеген жеріне жеткізіліп, капитал қозғалыста болады. Шағын экономикалы, шағын халқы бар Қазақстан үшін бұл өте маңызды. Бұл бағытты ары қарай дамытамыз.

Біздің «Нұрлы жол» бағдарламасы мен қытайлық «Жібек жолы» бағдарламалары бірін-бірі өте қуатты түрде толықтырады. Ханчжоу қаласындағы «Жібек жолы» елдері басшыларының басқосуы бұл бастамаға көптеген елдердің қызығып отырғанын дәлелдеп берді. «Жібек жолының» бойында 65 ел жатыр. Қор – 100 млрд АҚШ долларынан асады. Мемлекет, Үкімет болып жұмыс атқара білсек, біз үшін бұл бағдарламадан үлкен пайда табуға болады», – деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы: Мен қазір ешқайда барғым келмейді

Қазақстанның киелі жерлері жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында мәлім етті.

«Бағдарламада «Туған жер» жобасы қамтылған. Егер де біз Қазақстанның әрбір сай-саласының, тауының, жолының, өзендері мен көлдерінің атаулары қайдан шыққанын зерттеп жазатын болсақ, онда қазақтың тарихы ешқашан өшпейді. Отанын сүю деген кезде ең алдымен адамның ойына ата-анасы, туған жері келеді. Біз қанша жасқа келсек те, балалық шақтағы кездер, сол уақытта жүрген жерлер көз алдыңнан кетпейді және көңілге жылылық ұялатады. Сондықтан

«Туған жер» сияқты жобаларға немқұрайлы қарамау керек. Туған жердің топырағы, әрбір өсімдігі, жан-жануар дүниесі біз үшін өте қымбат. Отанды, елді сүю осыдан басталады.

Сондықтан жас ұрпақты осындай жағдайда тәрбиелесек деп ойлаймын. Қазіргі кезде бұл жұмыстар барлық жерде жүргізіліп жатыр»,-деп тоқталды Президент.

Бұдан бөлек Елбасы Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасына тоқтала келе, осы ретте еліміз аумағында дүниежүзіне көрсетін киелі жерлер баршылық екенін атап өтті. Бұл бағыттағы қадамдар туризмді дамытуға айрықша үлесін қосады.

Н.Назарбаев осы күнге дейін Қазақстанның барлық түкпірінде, атап айтқанда өңірлердегі аудандар мен ауылдарда болғанын еске салды.

Сондай-ақ Президент әлемдегі көрікті жерлерді аралап шыққанын айта келе,

«Мен қазір демалысқа ешқайда барғым келмейді.

Қазір Бурабайда отырмыз. Бұндай керемет жерді кездестіре бермейсің, яғни табиғаты сақталған әдемі жер. Тауы да, көлі де бар. Дәл осындай орындар Шығыс Қазақстанда бар, адамның аяғы баспаған жерлер кездеседі. Алатаудың баурайы өз алдында бөлек»,-деді.

«Сондықтан біздің киелі жерлеріміз бойынша қажетті жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл өте керек, себебі осының барлығы отансүйгіштікке, өз Отанын білуге қажет»,-деді Мемлекет басшысы.

Есімов жақсы үнем жасады

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басшысы Ахметжан Есімовтың ЭКСПО-қалашықты тұрғызуда және көрмеге дайындық барысында қаражаттың айтарлықтай үнемдегенін атап өтті.

«Алғашында шығын 800 млрд теңге көлемінде еді. Қолданылған шаралар нәтижесінде шығын көлемі екі есеге – шамамен 400 млрд теңгеге қысқарды. Мұның бәрі – Ахметжан Есімов жетекшілік ететін ЭКСПО-2017 ұйымдастырушыларының еңбегі. Олар жақсы жұмыс істеді», – деді Президент Хабар телеарнасына берген сұхбатында.

Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 көрмесінің өзге елдердің жаңа технологияларымен танысуға мүмкіндік бергенін баса айтты.

«Барлығы өзгеріп жатыр. Жаңа технологиялар пайда болуда. Ақпарат көлемі жыл сайын 2-2,5 есеге ұлғайып келеді. Қуып жету мүмкін емес. ЭКСПО-да барлық мемлекеттердің ең үздік идеяларын бір орынға тоғыстыра алдық. Біздің ғалымдар, министрліктер және мекемелер энергияға қатысты соңғы жаңалықтарды көру мүмкіндігіне ие болды», – дейді Н.Назарбаев.

Президент сөзінде ЭКСПО-2017 көрмесі астаналық бизнеске де үлкен көмек көрсеткендігін атап өтті.

«Астананың барлық қонақүйлері лық толы. Келушілердің көптігінен бизнес гүлдене түсті. Туристердің көптігінен қала бюджетіне түсім де еселеп көбейді, – деп өз сөзін түйіндеді Президент.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз